Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағаты Мәулітті мерекеледі (ФОТО)

14.12.2016 3763 0 пікір

Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатына арналған «Адамзаттың абзалы» атты Мәуліт кеші болып өтті. Мешіт ұстазы Эльмира Бұхарбаева мен «Әзірет Сұлтанның қажы апалары» атанған әжелеріміздің бастамасымен ұйымдастырылған рухани кеш аясында түрлі шаралар өткізіліп, 180 жанға дастархан жайылды.

Қасиетті Құран аяттарымен ашылған рухани отырыстың алғашқы тілегі ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Астана қаласының өкіл имамы Наурызбай Тағанұлына табысталды. Мерейлі Мәуліт мерекесінің мән-маңызы мен Пайғамбарлар падишасының (с.ғ.с.) парасатты ғұмыры жайлы ой толғаған Наурызбай Тағанұлы ізгі тілегін білдірді. Бұдан кейін көпшілік алдына шыққан «Әзірет Сұлтанның қажы апалары» кезек-кезек Әз Елшінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен көркем мінезі жайлы ғибратты оқиғалардан мысал келтіріп, бүгінгі кешке қатысушыларға ақ баталарын арнады.

Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі діни сауат ашу курсының шәкірттері Арай Асқарқызы, Рауан Мейрамбекқызы, Дина Нұрабаевалардың орындауындағы күмбірлеген күй мен тағылымды термелер жиналған жамағаттың көңілін шарықтата түсті. Ал, «Тағылым тамшылары» атты діни-рухани балалар театры дайындаған сахналық қойылым жамағатты шынайылығымен баурап алып, ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, жақында Алматы Орталық мешітінің Мәуліт мерекесіне орай  ұйымдастырған видеороликтер байқауында жеңімпаз атанған автор туындысы да жамағат назарына ұсынылды.

Кеш соңында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан»  мешітінің бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы рухани кешті қорытындылап, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Күллі әлемге рақым нұры етіп жіберілген ардақты Елшінің (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры мен өміршең өнегесін паш ете түсетін Мәуліт мерекесінің жыл санап жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын да атап өтті. Бұған қоса, жиылған жамағатқа «ғылмани» мешітінің бас имамы Садырханұлы Жұманазар қари сира (Пайғамбар өмірі жайлы) оқып, салауаттар айтылды.

Рухани кеш аясында «Әзірет Сұлтан» мешітінің балалар арасында жариялаған сурет байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті. Жүлдегер атанған жас суретшілерімізге қажы апаларамыз дайындаған арнайы сыйлықтар үлестіріліп, арнайы «Алғыс хат» табысталды.

 

Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру