«Біз Сені әлемдер үшін мейірім ретінде ғана жібердік» («әл-Әнбия» сүресі, 107-аят). Бүгін осы мейірімнің бұлағы әлемге ағытылған күн десек қателеспеспіз. Яғни, Рабиғул-әууал айының 12-жұлдызы. Осыдан 1448 жыл бұрын, дәл осы күні Ғаламдардың рахым нұры, Екі дүниенің Сұлтаны, қараңғылықта қалғыған адамзат әлемін жарық нұрға бастаушы, Адамзаттың ұстазы Мұхаммед Мұстафа ﷺ дүниеге келді.
ҚМДБ-ның бастамасымен бұл мереке ел көлемінде дәстүрлі түрде атап өтіліп келеді. Мереке аясы Алматы және Астана қалаларында Республикалық Мәуліт мерекелері аталып өтілуімен шектелмейді. Ел мешіттерінде түрліше деңгейде алуан формада атап өтіліп келеді. Айталық, Мәуліт оқылып, арнаулы дастархандар жайылып, салауаттар оқылып, ай бойы Пайғамбарымыз ﷺ өнегесін арқау еткен уағыз-насихаттар айтылады. ҚМДБ-ға қарасты сайттары арқылы Алла Расулының ﷺ ғұмырнамасы мен өшпес өнегесін пәш еткен танымдық жазбалар, роликтер оқырманға жол тартады. Қандай ғанибет!
Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асып жатқан мұндай игі шарадан, әрине, Елорда мешіттері құралақан қалмасы айдан анық. Өткен жұмада «Cәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде Мәуліт оқылуымен Бас шаһардағы мереке шымылдығы ашылған еді. Бүгін, мұсылманша айтізбе бойынша Раббиғул-әууал айының 12-жұлдызына орайластырып, тағы да, Ғылмани мешітінде Мәуліт дастарханы жайылды.
Өкілдіктің тапсырмасы аясында, атқарылған іс-шара аясында 200 адам Мәуліт мерекелік дастарханнан дәм татты. Бас имам Жұманазар қари Садырханов жиылған жамағатқа, адамзаттың Ұстазы, Пайғамбарлар шоғырының шоқ жұлдызы, сүйікті Мұхаммед Мұстафа ﷺ ғибратты өмір белестері мен өмірлік өнегесінен сыр шертетін тұщымды уағыз айтты.
Мешіт Бас имамының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара жамағат пен имамдардың шәкірттері атсалысуымен жоғары деңгейде өткізілді.
Іс-шара соңында Құран оқылып, ұзақ жылдар дін жолында қызмет еткен М.Мусаев жамағатқа ақ бата беріп, елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға бақ-береке тіледі.
«Cәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.12.2016
3899
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру