Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ата дініміздің құндылықтары насихатталды

12.12.2016 3868 0 пікір

Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мен университет жанындағы «Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының» директоры, PhD докторы Қайрат Құрманбаев Қызылорда облысындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда өзекті мәселелерге байланысты баяндама жасады.

«Ел тәуелсіздігіне 25 жыл: Бейбітшілік пен даму жолындағы дәстүрлі дін» тақырыбындағы алқалы жиын мақсаты – зайырлы қоғам  ұстанымының мәнін түсіндіру, ұлттық құндылықтар мен діни толеранттылық байланысты нығайту, қоғамдық пікірді тыңдау, дәстүрлі емес діни ағымдардың жолына тосқауыл қоятын жаңа тәсілдер қарастыру. Әдетте конференцияларда әуелі пленарлық отырыс, сосын секциялық бөлімдер жұмыс жасайтын. Ал бұл 
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі бөліміне дейін 2 секцияда отырыс өткізілді.
Алғашқы секцияда профессор Шәмшәддин Керім жастар бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіру мәселелерінің маңызына тоқталды. Ал исламтанушы-ғалым  Қайрат Құрманбаев  дәстүрлі діндердің қоғамдағы орны жайлы екінші секциялық отырыста жан-жақты талқылады.


Баяндамашылар құрамында «Қызылорда облысының ардагерлер ұйымы» қоғамдық  бірлестігінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов елдің көкейіне қонымды ақыл-кеңесімен бөліссе, жастар тарапынан Дін мәселелерін зерттеу орталығының бас маманы Бахтияр Оспанов патриоттық тәрбие жайлы сөз етті. Шара соңында қарар оқылып, аймақ тұрғындары арасында мемлекетіміздің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру мақсатында белсенді жұмыс жасап жүрген азаматтарға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Рүстемов атынан Алғыс хаттар табыс етілді. 

Қазір елімізде теріс діни ағымдарға қарсы ата дініміздің құндылықтарын насихаттау маңызды шаралардан болып тұр. Бұл тұрғыда Қызылорда облысының белсенділік танытып жатқанын атқарып жатқан іс-шараларының өзі дәлелдеуде. Сондай-ақ, Сыр өңірі «Нұр-Мүбарак» университетімен бірлесіп дін саласындағы қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, одан өзге исламтану мамандығында білім алушы жастарға бірнеше жылдан бері тұрақты қаржылай қолдау жасап отырған бірегей аймақ. 

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак»  университетінің баспасөз қызметі


 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру