Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мешіт шәкірттері арасындағы діни білім байқауы мәресіне жетті (ФОТО)

12.12.2016 3320 0 пікір

9 желтоқсан Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің діни сауат ашу курсында дәріс алатын шәкірттер арасында ұйымдастырылған білім байқауы өз мәресіне жетті. Еліміздің мерейлі мерекелерінің бірі – Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Пайғамбар ﷺ үйреткен намаз» атты білім сайысының ақтық айналымы қасиетті жұма намазынан соң жамағат алдында өтті.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш білім байқауының алғашқы айналымы қараша айының 24-жұлдызында өткен болатын. Мешіт имамдары мен ұстаздарының әр тобынан 14 шәкірттен қатысып, алғашқы айналым бойынша жалпы саны 112 үміткер білім жарыстырған еді.  Намаз құлшылығы турасында түзілген тест сұрақтары мен хадистер бойынша шәкірттер білімі сарапқа салынып, жоғары ұпай жинаған алты үміткер бүгінгі ақтық айналымға жолдама алған болатын.

Қасиетті жұма намазынан соң жан-жақтан қаумалаған жамағат алдында ақтық айналымға қатысушы алты шәкірт өздерінің білім дейгейлерін байқатып, таңдаған билеттер бойынша жауап қайтарды. Шәкірттер білімін саралап, төрелігін айтуға арнайы шақырылған Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма жетекшісі Данияр Нұрашұлы, «Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб имамы Қабылбек Әліпбайұлы, «Әс-Салам» мешітінің бас имамы Нұрбол Аубакировтар олардың әр жауабын мұқият қадағалап, қосымша сұрақтар қойып отырды.

Әр билеттегі негізгі үш сұрақ бойынша айтқан жауаптары сарапқа салынып, қазылар алқасы шәкірттер білімін ұпаймен бағалап отырды. Қорытынды есепте «Пайғамбар ﷺ үйреткен намаз» сайысының І-орын жүлдесі Сануев Нұрханға бұйырып, 70 000 теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Ал, жүлде қоры 50 000 теңге болатын ІІ-орынға Рахимов Қуат лайық деп танылды. ІІІ-орынға ие болған Ергашов Дәуренбекке 30 000 теңге  жүлде табысталды. Қалған үш үміткерге 10 000 теңге көлемінде ынталандыру сыйлықтары тапсырылып, арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.

Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру