Биыл Бас мүфтидің бастамасымен діни басқарма жанынан «Әйелдер-Қыздар» секторы ашылған болатын. Сектордың мақсаты – еліміздегі қыз-келіншектермен байланыс орнатып, оларға бағыт-бағдар беру болып табылады.
Осындай игі іс бүгін Ақтөбе қаласында жалғасын тапты. Діни басқарманың қолдауымен қалада әйелдерге арналған кеңес беру және оңалту орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталықта намазхана, дәрісхана, кітапхана, кеңес беру кабинеті және қыз-келіншектерге қазақтың салт-дәстүрін үйрететін дәстүр үйі қызмет етпек.
Орталықтың ашылу салтанатына ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серікбай қажы Ораз арнайы келіп, Бас мүфтидің құттықтау сөзін жеткізді. «Аталмыш нысан – ақтөбелік аналар мен апа-қарындастарымыздың басын қосатын рухани орталығына айналады деген үміттеміз. Халқымыз «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп, аналардың ұрпақ тәрбиесіне қосатын сүбелі үлесін атап өткен. Бас мүфти бастамасымен Діни басқарма «әйелдер-қыздар» секторын ашты. Қоғамдағы қыз-келіншектердің рөлін ескеріп, барынша оларға көңіл бөлуге тырысудамыз. Бүгінгі орталық та сол мақсатта ашылып отыр. Ендеше, орталықты Алла Тағала құтты етсін!», - деп, орталықтың қызметіне сәттілік тіледі.
Мұнан өзге Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан да құттықтау сөз сөйледі. Діни басқарма ашқан орталықты тың бастамаға балаған басқарма басшысы көпшіліктің қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ, салтанатты шараға арнайы шақырылған қонақтар мен ақ жаулықты аналар және қыз-келіншектер қатысты.
Орталықтың бір ерекшелігі – қыз-келіншектерге қазақтың салт-дәстүрін үйрететін арнайы «Дәстүр үйі» қарастырылған. Көпті көрген апаларымыз табақ тарту, баланы бесікке бөлеу, нәрестені қырқынан шығару секілді салт-дәстүрлерді үйрететін болады.
Шара барысында наиб мүфти аталмыш нысанның іске қосылуына демеушілік жасаған Бекбол Жақсылықұлына алғыс хат табыстады.
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.11.2016
3742
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру