Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қызылорда облысы әкімдігі «Нұр-Мүбарактің» 16 студентіне демеушілік жасады

10.11.2016 3945 0 пікір

Сыр елі Қазақстан бойынша діни жат ағымға кетушілер жағынан саны өте аз, діни тұрақтылығы мығым өңірлердің бірі. Бұл әрине Қызылорда облысы әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірлік өкілдігінің атқарып жатқан белсенді іс-әрекетімен байланысты екендігі даусыз. Соның нақты дәлелі олардың еліміздегі жалғыз ислами және діни мамандарды даярлайтын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетімен тығыз байланыста жұмыс жасауы. Қызылорда облыстық әкімдігі  соңғы үш жылдан бері ақылы түрде оқитын студенттердің жылдық оқуа мен жатақхана төлемақысын төлеп беруді дәстүрге айнылдырған. Биыл да облыс әкімдігі бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы 16 студенттің оқу мен жатақхана ақысын төлеп берді. Ал «исламтану» мамандығы бойынша  бір студенттің оқу ақысы 342 900 теңге болса, жалпы 6 млн. теңгеге жуық  қаржы жұмсалды. Ақиқатында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  хадистеріненен білімге жұмсалған, оның ішінде Алла жолында жұмсалған қаржының, садақаның абзалдығы жайлы баса айтылады. Сондықтан қызылордалық азаматтардың қайырымдылығы өзгелерге өнеге боларлық.  

Үш жақты келісім-шарт жасауға ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров арнайы келіп студенттермен кездесті. Өкіл имам бұл келісімшарттың маңыздылығына тоқтала келе, оқу аяқтаған кезде түлектердің елге барып еңбек ету керектігін және оның аса маңыздылығына тоқталды.


- Қазір Қызылорда  облысында «Нұр-Мүбарак» университетінің 17 түлегі қызмет етуде. Аймақтағы 7 ауданда 163 мешіт болса, соның барлығы имамдармен қамтылған. Бірақ бізде әрдайым білімді мамандарға деген  мұқтаждық бар. Сондықтан облыс әкімдігі  болашақ мамандарға осы кезден көңіл бөліп, қолдау жасауда. «Нұр-Мүбарак»  университетінде қазіргі таңда 65-тей шәкірт білім алса, оның 24-і биыл оқуға түсті. Ал ақылы бөлімде 16 шәкірт білім алады,-деп Талғат Омаров жалпы жағдаймен таныстырып өтті.  


ҚМДБ-сы өкіл имамының мәліметінше жыл сайын 50-ге жуық шәкірт медреселерге жіберіліп, 2500-дей адам сауат ашу курстарында білім алуда. Бас имам студенттердің жағдайын жан-жақты бағамдай келе, ағалық ақыл-кеңестерін де аямады. Кездесу соңында шәкірттерге арналып кең дастархан жайылды.   

Ия, «Балам» дейтін ел болса, «Жұртым» дейтін ұрпақ өсері сөзсіз. Сондықтан Сыр елінің ата дініміз төңірегіндегі еңбегі екі дүниеде де өз жемісін берері сөзсіз.

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру