Көптен күткен ұлы той. Ия, қасиетті жұмада «Нұр-Мүбарак» университетінің жатақханасында қыз-келіншектерге арналған тігін цехының тұсауы кесілді. "Қыз еркем-кестесімен көркем"- атты тігін курсының ашылуына Жалпыуниверситеттік Гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Раева Светлана мен Дін және тәрбие бөлімінің маманы Қаңлыбаева Гүлдана ханымдар ұыныс жасап, Исламтану кафедрасының оқытушысы Сейдманов Оралхан ұстаз арқылы демеушілердің қолдауымен, "Қыз-Жібек" студент қыздар клубының атсалысуы оң нәтиже берді. Тігін курсында жаңа 5 "Janome" маркалы және "Чайка" маркалы тігін машиналары қолданысқа беріліп, арнайы бөлме жабдықталды.
Жалпыгуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы Светлана Раева ханым:
- Қыздарымыз тігін үйренсе, отбасында керек-жарақтарын өздері жасап, ісмер болса деген тілегімізбен осындай тігін курсын ашуды көптен бері ойлап жүр едік. Университет басшыларына, қаржылай қолдаушыларымызға алғысымыз шексіз. Біздің тілегімізді жерге қалдырмай, міне бүгін жаңа шеберлер курсының тұсауын кестік. Іске сәт!-деді.
Дін және тәрбие бөлімінің маманы Гүлдана Қаңлыбаева:
- Бұл тігін бөлмесінде қыздарға арнап жүйелі түрде ақылы курс жүргізіледі. Аптасына 2 рет. Студенттерге 2500 теңге, қызметкерлерге 5000 теңгеден. Себебі, бұл қаржы техникалық жабдықтарды ұстап тұруға, керек-жарақтарды алу үшін керек. Әрі тігінші-конструктордың да уақытын бөліп үйреткені үшін аздаған болса да еңбекақысын берсек дейміз,-деді.
Ал бұл салтанатты рәсімге құтты болсын айта келген ақ жаулықты анамыз, иманды ұрпақ тәрбиелеп, қоғамымызда көпшілікке өнеге болар бастамаларға себепші Құттығыз Сейдманова анамыз шашу шашып, ақ батасын берді. «Әрбір қыз оң саусағынан бал тамған шебер, отбасының берекесін келтіріп отыратын ісмер болсын. «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алушы, жұмыс істейтін қыздарымыз болашақ еліміздің иманды ұрпағын тәрбиелейтін өнегелі де берекелі ана болсын!»-деп ақ тілегін жаудырды.
Тігін курсын «Исламтану» мамандығының 1-курс студенті Төлепберген Айсәуле аптасына 2 мәрте, яғни әр сабақты 1 сағаттан жүргізеді. Себебі, Айсәуленің тігін тігу жағынан арнайы білімі мен тәжірибесі бар. Біз де өз тарапымыздан қыздарға сәттілік тілейміз.
Айша КЕҢЕСБАЙ
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.11.2016
4837
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру