الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Өмір – адам баласын мәңгілік бақытқа немесе өкінішке алып баратын қысқа ғана мерзім. Өмірдің мәні – ақыретке азық жинап, сол арқылы шынайы бақытқа жету. Кімде-кім мәңгілік қуаныш пен қайғының осы дүниедегі санаулы күндер мен сәттерге ғана байланысты екенін терең түсінсе, уақыттың қадірін біледі. Ал оны бағаламаған – нағыз бейқам адам. Сондықтан өмірді Алланың берген үлкен сыйы әрі мүмкіншілігі ретінде бағалауымыз керек. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ
«Раббыларыңның кешіріміне, кеңдігі жер мен көктей болған тақуалар үшін әзірленген жәннатқа ұмтылыңдар», – деген («Әли-Имран» сүресі, 133-аят).
Өмір – нығмет әрі қысқа ғана сынақ сапар. Сол сапарды қалай өткізуің мәңгілік бақытыңды анықтайды. Әр күннің, әрбір мезеттің құнын түсінген адам, өз жан-дүниесін, жүрегін жақсы амалға, ізгілікке толтырады. Өйткені өмірінің мәнін түсінбеген адам ақыретте ауыр өкінішке душар болады. Абай атамыз өзінің өлеңінде:
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар бұл өмірде одан басқа? – деп, адамды сүйіп, Алланың хикметін сезу арқылы ғана өмірдің шынайы мәнін түсінуге болатындығын тілге тиек еткен. Өмірдің қызықтары уақытша ғана, оған алданып босқа құртқан уақытымыз ешқашан қайтып келмейді. Сол үшін әр сәтімізді, әрбір ісімізді мағынаға толы етіп өткізу – адам баласының басты міндеті.
Имам Әбу әл-Фараж Абдурахман ибн әл-Жаузи (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Хифзу әл-умр» атты еңбегінде: «Мына өмірді жәннаттағы мәңгілік бақытқа апаратын қысқа ғана мүмкіндік екенін білген адам, оны ешқашан босқа өткізбейді», – деген.
Ғалымдарымыз: «Сенің басты қазынаң – өмір, оны қажетсіз істерге жұмсаудан сақ бол», – деп айтқан.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
اعْلَمُوا أَنَّمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَزِينَةٌ وَتَفَاخُرٌ بَيْنَكُمْ وَتَكَاثُرٌ فِي الْأَمْوَالِ وَالْأَوْلَادِ كَمَثَلِ غَيْثٍ أَعْجَبَ الْكُفَّارَ نَبَاتُهُ ثُمَّ يَهِيجُ فَتَرَاهُ مُصْفَرًّا ثُمَّ يَكُونُ حُطَامًا وَفِي الْآخِرَةِ عَذَابٌ شَدِيدٌ وَمَغْفِرَةٌ مِّنَ اللَّهِ وَرِضْوَانٌ وَمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ
«Біліп қойыңдар! Дүниенің тіршілігі ойын-күлкі, сауық-сайран, сән-салтанат және өзара мақтан мен көбірек дүние жию және үрім-бұтақты көбейту жолындағы бәсеке ғана. Бұл бір жауын-шашын іспеттес. Сол жауынның арқасында жайқалып өскен өсімдіктер шаруаларға қатты ұнап, төбелері көкке жетеді. Алайда артынша әлгі өсімдіктердің сарғайып, солып қалғанын көресің һәм содан кейін қу сабан мен қиқымға айналады. Ал ақыретке келсек, онда я ауыр азап бар, яки Алланың кешірімі мен шексіз разылығы болады. Дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе де емес», – деген («Хадид» сүресі, 20-аят).
Бөлтірік Шешеннің:
Ноқталы басқа бір өлім,
Ақыр бір күн келмей ме?
Ажалдың соқса дауылы,
Өмірдің шамы сөнбей ме? – деген сөздері өмірдің қаншалықты құнды, бірақ сонымен бірге қаншалықты өткінші екенін айқын көрсетеді. Өлім – бұл кез келген тіршіліктің ақыры, өмірдің заңды аяқталуы. Бұл шындықты қабылдау, адамды өз әрекеттеріне жауапты етіп, уақыттың қадірін білуге итермелейді. Өлеңнің жалғасында:
Қанша күн сақтап тұрғанмен,
Сұрай келсе иесі,
Аманатын бермей ме? – деген жолдарда өмірді Алланың берген уақытына жауапкершілікпен қарауымыз керек екендігі айтылған. Өмір – бізге уақытша берілген үлкен аманат. Оның шегі белгіленген, кез келген сәтте Раббымызға қайтуымыз мүмкін. Бұл адамды өз өмірін абайлап өткізуге, әрбір сәтін бағалауға шақырады.
Өмірді «ақыреттің егіс алқабы» деп қарасақ, онда бұл өлеңдегі өлімнің сөз етілу мақсаты – бізге бүгінгі күнді босқа өткізбей, игі амалдар істеуге, рухани бай болуға ұмтылуды үндейді. Осыны түсінген адам әрдайым дайындықта болады, әр сәтін ақылмен сараптап, өмірін ізгілік жасаумен өткізеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде:
كُنْ فِي الدُّنْيَا كَأَنَّكَ غَرِيبٌ أَوْ كَعَابِرِ سَبِيلٍ
«Бұл дүниеде сен бөтен адамдай немесе жолаушы секілді бол», – деген (имам Бұхари).
Қисса
Бірде бір адам Алланың Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, жүрегінде жүрген сауалын қойды.
– Уа, Алланың Елшісі! Мүміндердің арасынан ең абзалы кім? – деп сұрады ол.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Мінез-құлқы ең көркем болғаны, – деп жауап берді.
Әлгі кісі тағы да:
- Ал енді мүміндердің ішіндегі ең ақылдысы ше?
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) терең оймен:
- Өлімді жиі еске алатын әрі соған ең жақсы дайындалған адам. Міне, солар – шынайы ақыл иелері, – деді.
Міне, осы қысқа да нұсқа сұхбаттың астарында ақыл мен ардың өлшемі жатқан еді. Дүниедегі әрбір істің ақыретте қайтарымы боларын ұмытпаған жан ғана шынайы парасат иесі болары анық.
Дүние тіршілігінің қадірін білу үшін бірнеше тақырыптарға тоқтап өтейік.
Адам баласының бұл дүниедегі ең үлкен мақсаты – Алланың разылығына ие болып, мәңгілік бақытқа жету. Бұл бақытқа жетудің жолы – ізгі амалдар. Бұл өмірде не ексең, ақыретте соны орасың. Алла Тағала қасиетті Құранда:
مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ
«Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмін ретінде сауапты да игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде таза әрі жақсы өмір сыйлаймыз. Сондай-ақ олардың бұл дүниеде істеген игі істерінен де жоғары сый-сыяпатқа бөлейміз», – деген («Нахл» сүресі, 97-аят).
Мұсылман адамның басты сипаттарының бірі – қоғамға пайдалы болу. Асыл дінімізде Алланың ризалығын көздеп, өзгелерге жәрдемдесу, адамдардың қажеттілігін өтеу үлкен құлшылық деп саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ
«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», – деп айтқан (имам Табарани).
Хакім Абай: «Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес», – деп, адам барынша өзгелерге жақсылық жасауды ойлап, алайда тек өзгеден ғана жақсылық дәмете беру дұрыс іс емес екендігін айтқан.
Ендеше, мұсылман адам Жаратушысының алдындағы намаз, ораза сынды парыз құлшылықтарды орындауымен қатар, шамасы келгенінше өзгелерге жәрдемдесу, жанашыр болу, қоғамға пайдалы іс жасау және т.б. істерді ұмыт қалдырмауы қажет.
Қасиетті Құранда Алла Тағала:
مَّنْ عَمِلَ صَالِحًا فَلِنَفْسِهِ وَمَنْ أَسَاءَ فَعَلَيْهَا وَمَا رَبُّكَ بِظَلَّامٍ لِّلْعَبِيدِ
«Кімде-кім ізгі амал жасаса, өз пайдасына, сондай-ақ кім жамандық жасаса, өз зиянына. Раббың құлдарына әсте зұлымдық жасамайды», – деген («Фуссилат сүресі», 46-аят).
Сондықтан адам баласы әр күнін пайдалы, сауапты амалдармен толтыруы керек. Ал Алла Тағалаға ең сүйікті іс ол – аз да болса үзілмей, әрдайым жалғасын тауып тұратын амал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَحَبُّ الأعمالِ إلى اللهِ أدْوَمُها وَ إِنْ قَلَّ
«Аллаға ең ұнамды іс-амалдар – аз болса да үздіксіз (тұрақты түрде) жалғасатыны», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Имам ән-Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын) осы хадиске түсініктеме бере отырып, былай дейді: «Бұл хадис амалдарда тұрақты болуға шақырады, сонымен қатар бұл жерде кішігірім тұрақты іс, үлкен, бірақ тұрақты емес істен гөрі абзал екені айтылады. Үнемі жасалынатын кішігірім амал, үлкен әрі тұрақсыз амалға қарағанда әлдеқайда көп пайда әкеледі».
Демек, күнделікті әр түні оқылған екі рәкағат нәпіл намаз, бір мәрте ғана көп оқылған нәпіл намаздан әлде қайда артық. Бір мәрте ғана берілген үлкен садақадан, аз да болса, әрдайым, үзілмей беріліп тұратын садақа артық. Ендеше, мұсылман адам қандай да бір жақсы амалды аз мөлшерінде үзбей жасауға тырысуы қажет.
Нәпсімен күресу, оны тәрбиелеу – адам баласының екі дүниеде бақытты не бақытсыз болуын айқындайтын негізгі себептердің бірі. Сондықтан нәпсімен күресу дінімізде үлкен жиһад (күрес) деп танылады. Ислам тарихында орын алған «Тәбук» шайқасынан кейін, сахабалар сусыз шөл далада шаршап-шалдығып, қарындары аш күйде кері қайтып бара жатқанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
رَجَعْنا مِنْ الجِهادِ الأَصْغَرِ إِلَى الجِهادِ الأَكْبَرِ
«Кіші жиһадтан (жорықтан) үлкен жиһадқа (нәпсімен күресуге) оралдық», – деп айтқан (имам Бәйһақи).
Алла Тағала қасиетті Құранда:
قَدْ أَفْلَحَ مَن زَكَّاهَا وَقَدْ خَابَ مَن دَسَّاهَا
«Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Әлде кім оны кірлетсе, қор болды», – деген («Шәмс» сүресі, 9, 10-аяттар)
Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Жиһадтың ең абзалы – нәпсімен күресу»; «Жүгендеуге мұқтаж болған нәпсіңнен артық асау жоқ», – деген екен.
Халқымызда «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, мықты болсаң алдымен нәпсіңді жең», – деп айтуы тегін емес. Өйткені нәпсімен күресу үшін адамның бойында үлкен ерік пен жігер керек. Шәкәрім бабамыздың:
Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсісі – айуанмен анық теңдес.
Бөлектігі – жалғыз-ақ таза ақылда,
Әлің келсе, жол тап та осыны емдес! – деп айтқанындай, нәпсіні емдеудің, онымен күресудің өзіндік жолдары бар.
Мұсылман адам ішкі қалауы әлдебір ой салғанда, сол істің дұрыс-бұрыстығын саралап барып істеуі қажет. Әйтпесе, нәпсісінің қалауын орындай беру адамды орға жығары сөзсіз. Шал ақын:
Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,
Бөріге қой алдырмас ердің ері.
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері – дейді.
Яхия ибн Муиз әр-Рази (Алла оны рақымына алсын): «Адамның жаулары үшеу. Олар: дүние, шайтан және нәпсі. Дүниеден зүһд (баз кешу) арқылы сақтан, шайтаннан оның азғырғанына қайшы іс жасау арқылы сақтан, ал нәпсіден шаһуатыңды тәрк ету арқылы сақтан», – деген.
Бұрынғы өткен даналар: «Расында шаһуат (нәпсі құмарлық) патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Жүсіп пен Зылиханың қиссасын көрмейсіз бе?» – дейді екен. Шынымен де нәпсісін жамандықтан тыю арқылы Жүсіп пайғамбар үлкен дәрежеге қол жеткізді.
Нәпсісін тыйған жанның қияметте орны жәннат екендігі Құранда былайша баяндалады:
وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى
«Ал енді кім Раббысының құзырында тұрудан қорқып, нәпсісін жаман қалауларынан тыйған болса, негізінде оның баратын жері жәннат», – деп айтылған («Назиғат» сүресі, 40-41 аяттар).
Адам – періште де емес, шайтан да емес. Оның табиғатында нәпсі бар, ал нәпсі көбінесе адамды жамандыққа қарай жетелейді. Сондықтан пенденің қателікке бой алдырмауы немесе күнә жасамай өмір сүруі мүмкін емес. Алайда аса рақымды Алла Тағала Өзінің кең мейірімімен тәубе есігін ашып қойған. Бұл – пенденің күнәсін жуып, рухани тазаруына берілген ерекше мүмкіндік. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде:
كلُّ ابنِ آدمَ خطَّاءٌ ، وخيرُ الخطَّائينَ التَّوَّابونَ
«Күллі Адам баласы қателесуші, ал қателесушілердің ең жақсысы – тәубе етушілер», – деген (имам Термизи).
Адам баласының табиғаты қателікке бейім. Бұл – оның пенделік сипаты. Алайда маңыздысы – сол қателіктен кейін не істейтіні. Егер адам жасаған күнәсіне өкініп, шынайы тәубе етсе, бұл оның жүрегінде иман нұрының бар екенін көрсетеді. Бұл жағынан ол Адам (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға ұқсайды. Ол қателік жасаған соң, кешірім сұрап, Аллаға жалбарынды, тәубе етті, нәтижесінде Раббысы оны кешірді.
Керісінше, шайтан қателігін мойындамады. Ол тәкаппарлық танытып, өзінің әрекетін ақтап алуға тырысты. Осы тәкаппарлығы оны Алланың рақымынан алыстатты. Демек, күнәсін мойындап, Алладан кешірім тілесе – ол Адам атаның (оған Алланың сәлемі болсын) жолымен жүр. Ал кім тәубеге келмей, менмендікпен күнәда қасарысса шайтанның жолын таңдады деген сөз.
Алла Тағала Қасиетті Құранда:
وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعاً أَيُّهَا الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Уа, мүминдер! Бақытқа жетіп құтыламын десеңдер, барлығың бірдей Аллаға тәубе етіңдер», – деген («Нұр» сүресі, 31-аят).
Адам баласы бұл өмірде нәпсісіне еріп немесе шайтанның азғыруына түсіп, қателікке бой алдыруы мүмкін. Бұл – пенделік әлсіздік. Бірақ соған қарамастан, әрбір мұсылманға сол қатесін түзетіп, күнәсінен арылуға мүмкіндік берілген. Ол мүмкіндік – тәубе. Тәубе – жүректі тазартып, пендені рухани жаңартатын құнды амал. Оны дер кезінде пайдалану – ақыретке аман барудың үлкен қадамы. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ
«Расында Алла тәубе етушілерді және таза болушыларды жақсы көреді», – деген («Бақара» сүресі, 222-аят).
Осы аяттағы таза болушылар деген сөздің мағынасы: теріс істен, жаман әрекеттерден және рухани тазаруды, арылуды білдіреді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мубарәк хадисінде:
يَا أيها النَّاسُ تُوبُوا إِلَى اللَّهِ وَاسْتَغْفِروُهُ فَإني أَتُوبُ فِي الْيَوْمِ مِائَةَ مَرَّةٍ
«Уа, адамдар! Аллаға тәубе етіңдер. Одан жарылқау тілеңдер. Мен күнде жүз рет тәубе етемін», – деген (имам Мүслим).
Қисса
Бір ақсақал ғұлама шәкірттерімен әңгіме барысында: «30 жыл бұрын «Әлхәмдулиллә» дегенім үшін 30 жыл бойы тәубе сұрап келемін» дейді. Шәкірттері таң қалып, мұның мәнін сұрағанда, әлгі ақсақал былай деп түсіндіреді: Сауда орнында үлкен өрт шығып, көптеген саудагерлердің дүкендері өртеніп, иелері үлкен шығынға ұшырады. «Сенің дүкеніңе ештеңе болмапты» деген хабар маған жеткенде мен оған абайсыздан «Әлхәмдулиллә» деп қалдым. Кейін осы әрекетіме қатты өкіндім. Мұсылман бауырларымның мал-мүлкі жанып кеткен кезде, өзімдікі аман қалды деп шүкір еткенім шынайы мұсылмандыққа жараспады, қатты қиналдым, еңіреп тәубе еттім. Кейін өрттен зиян көрген мұсылман бауырларыма ортақтас болайын деген мақсатпен, дүкенімдегі барлық заттарды кедейлерге таратып берсем де, сол күннен бері, яғни 30 жыл бойы тәубе етсем де, әлі де жаным тыныштық таппады.
Құрметті жамағат!
Өмір – Алланың адамзатқа берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Алайда бұл нығметтің шегі бар, оның соңында мәңгі болған ақырет күтеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَمَا هَذِهِ الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا لَهْوٌ وَلَعِبٌ وَإِنَّ الدَّارَ الْآخِرَةَ لَهِيَ الْحَيَوَانُ
«Дүниедегі қу тіршілік құр ойын-күлкі мен уақытша сауық-сайран ғана. Ал ақырет мекені болса, міне, сол нағыз шын өмір», – деген («Анкабут» сүресі, 64-аят).
Сондықтан мұсылман әрбір сәтін, күнін мәнді өткізіп, Раббысының разылығын іздеуге тырысуы керек. Өйткені әрбір тынысымыз – шектеулі, ал дүниенің сәні мен қызығы өткінші. Ал ақырет – мәңгілік өмір.
Өмірдің мәнін терең түсінген жан өз ғұмырын Алла жолында ізгі амалдар жасап, жақсылықпен, тәубемен өткізеді. Сондықтан өмір – бізге берілген сынақ, үлкен мүмкіндік. Уақыттың қадірін біліп, әрдайым ізгі амалға ұмтылған жөн.
Алла Тағала баршамызды өмірін мағыналы өткізіп, ақыретке шын пейілмен дайындалатын құлдарынан етсін!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyat.kz
10.10.2025
2540
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру