Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰСЫЛМАННЫҢ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МЕН МІНДЕТТЕРІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 07.06.2024 1746 0 пікір
МҰСЫЛМАННЫҢ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МЕН МІНДЕТТЕРІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Асыл дініміз біздерге Жаратушымызға қатысты міндеттерімізді үйретіп, оның бұйрықтарын орындап, тыйыл дегендерінен тыйылуымызды баян етумен қатар қоғамда өзге адамдарға деген жауапкершілік міндеттерімізді де жүктейді.  Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 13-аятында:

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَٰكُم مِّن ذَكَرٍۢ وَأُنثَىٰ وَجَعَلْنَٰكُمْ شُعُوبًا وَقَبَآئِلَ لِتَعَارَفُوٓاْ ۚ إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ ٱللَّهِ أَتْقَىٰكُمْ ۚ إِنَّ ٱللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Расында Алла бүкіл істі толық білуші, әр нәрседен хабардар», – деп айтқан.

Қоғам деп – мәдениеті ортақ, белгілі бір аумақта тұратын және өздерін біртұтас деп білетін адамдар тобын айтамыз. Мұсылман адам қоғамда өмір сүргендіктен өзге адамдардың алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін білуі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اَلْمُؤْمِنُ اَلَّذِي يُخَالِطُ اَلنَّاسَ, وَيَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ خَيْرٌ مِنْ اَلَّذِي لَا يُخَالِطُ اَلنَّاسَ وَلَا يَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ

«Адамдармен араласып, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр еткен мумин адам, адамдармен араласпайтын, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр сақтамайтын мумин адамға қарағанда қайырлы», – деген (имам ибн Мәжә).

Қазақ халқында: «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Туысы бірдің уысы бір», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген көптеген мақал-мәтелдерінде қоғаммен бірге жүретін көпшіл болуға, ағайынның қадірін білуге, сыйлап-құрметтеуге шақырған.

Қоғамдық міндеттерімізді орындау сол қоғамда тәртіптің, тазалықтың, береке-бірліктің сақталуына кепіл болмақ. Ендеше, бүгінгі жұма уағызымызда мұсылман адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен міндеттеріне тоқталатын боламыз:

 

Бірінші: қоғамдық тәртіпті сақтау

«Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы» деп айтылғанындай әрбір адам қоғамдық тәртіпті сақтауды дінінің талабы деп білуі тиіс. Адамдардың дұрыс өмір сүруі үшін әрбір адам қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті. Қоғамдық тәртіпті сақтамай, өзгелерге зиян тигізу күнәлі іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 58-аятында:

وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُبِينًا

«Сондай-ақ мүмин ерлер мен мүмин әйелдерге нақақтан-нақақ жәбір көрсеткендер, сөзсіз олар жала жауып, ашық күнә арқалап алды», – деп айтқан.

Ислам тарихында орын алған Ухуд шайқасында садақшылар Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан тәртіпке бағынбай, таудан түсіп кеткені үшін мұсылмандардың жеңіліске ұшырауы үлкен ғибрат. 

Қоғамдық тәртіпті сақтауға нелер жатады деп айтатын болсақ, оған заңға бағыну, адамдардың құқығына құрметпен қарау, жол ережесін бұзбау, өзгелерге зиян бермеу, табиғатты ластамау және т.б. істер жатады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында:

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

«Жер беті түзетілгеннен кейін, онда бұзғыншылық жасамаңдар», – деп ескерткен.

Мұсылман адам өзге адамдарға зиян беретін кез келген іс-әрекеттен сақтануы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

اتَّقُوا اللَّعَّانَيْنِ  بِصِيغَةِ التَّثْنِيَةِ وَفِي رِوَايَةِ مُسْلِمٍ  قَالُوا : وَمَا اللَّاعِنَانِ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : الَّذِي يَتَخَلَّى فِي طَرِيقِ النَّاسِ أَوْ فِي ظِلِّهِمْ

«Екі лағынеттеушіден сақтаныңдар!» – дегенде: «Уа, Алланың Елшісі! Екі лағынеттеуші дегеніңіз кімдер?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар адамдар жүретін жолға не олар көлеңкелеп отыратын жерлерге дәрет сындырушылар», – деген» (имам Мүслим).

Тағы бір хадисте:

اتَّقُوا الْمَلَاعِنَ الثَّلَاثَةَ الْبَرَازَ فِي الْمَوَارِدِ وَقَارِعَةِ الطَّرِيقِ وَالظِّلِّ

«Лағынет әкелетін үш істен сақтаныңдар: (олар) – бұлақтарға, жол ортасында және көлеңкеде дәрет сындыру», – деп айтылған (имам Әбу Дәуід).

Хадистегі «көлеңке» деп – жаз мезгіліндегі ыстықта адамдардың жиналып отыратын көлеңкелі орындарды айтқан. Лағынет сөзінің мағынасы – Алла Тағаланың мейірімінен алыстау. Аяттар мен хадистерде бұл сөз әдетте үлкен күнәлі істерге қатысты қолданылады. Яғни, өзге адамдарға мейірімділік танытпай, оларға зиян беру, адамның Алла Тағаланың мейірімінен алыстауына себеп болады. Хадисте бұлақтар, жол ортасы, көлеңке сияқты адамдар қолданатын жерлерге дәрет сындыру күнә екенін түсіндіру арқылы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғамдық тәртіпке шақырып, өзгелерге зиян тигізетін барлық істерден тыйған.

 

Екінші: қоғам мүшелерімен өзара бірлік пен бауырмалдықта болу

Қандай да бір қоғамда адами құндылықтардың жоғалуының басты себептерінің бірі – адамдар бір-бірінің қадірін бағаламау. Ағайынның, достың, әріптестің, тіпті мұсылман бауырдың сыртынан ғайбат айтып, күндеу, көреалмау, қызғану секілді жағымсыз әрекеттер қоғам тыныштығын бұзатыны сөзсіз. Қоғам дұрыс болу үшін әрбір мұсылман тілімен де, қолымен де ешкімге зиян тигізбеуі керек. Дініміз ислам мұсылмандардың бір-біріне бауыр екенін жадына салып, өзара сүйіспеншілікті терең нығайтуға шақырады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:

وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا

«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан.

Асыл дініміз бауырмалдық пен бірлікке шақырып, бөлінуден қатаң тыйды. Ал енді көпшіліктен өзін бөлек санап, жік-жікке бөлініп жүрудің басты себебі, осындай Құран аяттарының мағынасын толық түсінбеуден туындаса керек. Шәкәрім Құдайбердіұлы ондай жандарға қатысты:

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұспандық қару жасар.

Інжіл, Құран – бəрі айтып тұрса дағы,

Мағынасынан адасып қара басар.

 

Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар.

Ешбір дін үйтіп дұспан бол демейді,

Қанекей бұл сөзіме кім таласар, – деген.

Қазақ халқы ежелден ынтымақ, татулық, бірлік ұғымдарын қастер тұтқан халық. Ру мен рудың, ағайын мен туыстың, көрші-қолаң мен жақын-жаранның бір-бірімен тату, сыйлы, бауырмал болуына аса мән берілген. Елдің үлкендері мен құрметті адамдары айналасына ақыл-насихатын айтып, ұрпақтарына өсиет қалдырып, елдің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтауға тырысқан. Қабан (Қабылиса) жырау бабамыз:

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған.

Қоғамның бірлігі: «бірлікте болайық!» деген бір сөзбен бола қалатын іс емес. Қоғамда бірлік болуы үшін сол қоғамдағы әрбір адам бірлікке себеп болатын істерді жасап, қоғамның бөлінуіне алып келетін істерден сақтануы қажет.

 

Үшінші: аманатқа қиянат жасамау

Отбасымыз, кәсібіміз, дініміз, тіліміз бен діліміз, еліміз бен жеріміз, бәрі-бәрі – бізге аманат. Ал аманатқа қиянат жасалған қоғамда ізгілік өрге баспайды. Әр адам өз деңгейіндегі аманатты барынша сезінсе және соған сай әрекет етсе – өзін де, өзгені де бақытқа бөлейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

«Шын мәнінде Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етер болсаңдар, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей керемет насихат айтуда. Шүбәсіз Алла, толық естуші, бәрін көруші», – деп айтқан.

Қоғамда аманатшылдықтың болуы – адамдар арасындағы сенімділіктің артуына, бауырмалдықтың бұзылмай, бірліктің ыдырамауына ықпал етеді. Осы себепті де Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар арасында аманаттың сақтаулына аса назар аударған. Хадис шәріпте:

أدِّ الْأمَانَةَ اِلَى مَنْ اِئْتَمَنَكَ و لاَ تَخُنْ مَنْ خَانَك

«Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат істеген болса, сен оған қиянат істеме», – деген (имам Әбу Дәуід, Термизи).

Иман сөзі мен аманат сөзі араб тілінде «әмәна» деген бір түбірден тарайды. Яғни мүминнің бойындағы аманатшылдық қасиеті сол иманының жемісі десек болады.

Мұсылманның бойындағы әрбір ізгі қасиет иманынан тарайды. Жаратушы Алла Тағаланың «Әл-Мумин» деген көркем есім-сипаты бар. Мағынасы: «Өзіне иланған пенделерін панасына алушы, түрлі қасіреттен сақтаушы» деген сөз. Аманат сөзі осы сөзбен түбірлес. Сондықтан аманатшыл адам Құдай Тағаланың осы сипатына сыйынып, қамқорлығына алғандарға пана болады, қиын-қыстау сәтте қасынан табылып жанашырлық танытады.

 

Қисса

Мүминдердің әміршісі Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінде түн жамылып, халықтың жай-күйімен танысып жүреді. Бір кезде сүтке су қосқан анасына сөйлеп жатқан қыздың дауысын естиді: «Уа, анашым! Мұсылмандарды алдап, берген сертті бұзып, мүминдердің әміршісіне өтірік сөйлеп жатсың ба? Халифа Омар бұлай жасауға тыйым салған жоқ па?» – дейді.

Анасы оған: «Мүминдердің әміршісі мені көріп тұрған жоқ қой!» – деп уәж айтады. Сол кезде қызы: «Бізді мүминдердің әміршісі көрмесе де, әлемдердің Раббысы көріп тұрған жоқ па?» – деп жауап береді.

Бұны естіп тұрған хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) ертесінде сол үйге ұлын ертіп алып келіп, сүт сатушының қызына құда түсіп, оны өзіне келін етіп алған екен.

 

Төртінші: бүліктен сақтану

Бейбіт елдің тынышын алып, мазасын қашыратын нәрсенің ең бастысы – бүлік. Қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салып, қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

«Жер беті дұрысталғаннан кейін бұзғыншылық жасамаңдар», – деп айтқан. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бөлінушілікке жол ашқандар – бізден емес», – деп айтқан.

Халқымызда: «Білім іздеген өсер,  бүлік іздеген өшер» деген аталы сөз бар. Елінің бақытын көздеген адам бүлікті емес, қайта халыққа пайдасы тиетін іс жасауға тырысуы қажет.

Қазіргі күндері әлеуметтік желіде қоғамның арасына іріткі салу үшін қандай да бір тұлғаға жала жауып, істемеген ісін істеді деп, көпшілік арасында түрлі күмәнді ойлар салып жатады. Мұсылман адам қандай да бір ақпараттың дұрыс-бұрысын ажыратпай жатып оған сенуіне, көпшілікке таратуына болмайды. Өйткені мұндай іс сол қоғамның бірлігінің ыдырауына, ел арасында өсек пен өтіріктің белең алуына, соңында бүліктің шығуына ықпал етеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 6-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَإٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Егер жолынан тайған пасық адам сендерге бір хабар әкелсе, әуелі анық-қанығына жетіңдер, әйтпесе білмей тұрып, абайсызда бір елге кесірлерің тиіп кетеді де кейін істегендеріңе өкінесіңдер», – деп ескерткен. 

Сондықтан да ұлттық бірлігімізді бұзып, бір-бірімізді іштен айдап салуға тырысатын топтарға көзсіз еріп кете беруден сақтануымыз қажет. Өйткені Отанын шынайы сүйе білген адам бүлікке емес, әрдайым бірлікке қадам басады.

 

Бесінші: қиналған жанға жәрдем беру

Жақсылық істе жәрдемші болу – мүмин адамның бойында болуы керек негізгі сипаттардың бірі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 2-аятында:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ

«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер», – деп айтқан.

Өзгелерге жәрдемші, тілекші болған адам әркез Алла Тағаланың жәрдемінде болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

وَاللَّهُ فِي عَوْنِ الْعَبْدِ مَا كَانَ الْعَبْدُ فِي عَوْنِ أَخِيهِ

«Қандай да бір пенде бауырына жәрдемдескен сайын Алла Тағала ол пендесіне жәрдем етеді», – деген (имам Әбу Дәуід).

Қоғамда адамдардың өзара жәрдемдесуі, қоғамның әркез береке мен бірлікте болуына ықпал етеді. Өйткені өзара жәрдемдесу арқылы адамдар бір-бірімен жақындасып, сыйластықтары артады. Қиналған сәтте өзге адамның жасаған көмегі ол адамның жадында ешқашан ұмытылмайды.

Жәрдем көрсету дүниесі бар адамның ғана ісі емес. Кейде жылы сөз, жылы лебіз сияқты көзге ілінбес кішкене ғана істің өзі жәрдем деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

تَبَسُّمُكَ فِي وَجْهِ أَخِيكَ لَكَ صَدَقَةٌ

«Бауырыңның жүзіне қарап жымиюың да – сен үшін садақа», – деген (имам Термизи).

Сол сияқты автобуста кетіп бара жатып үлкен кісіге орын беру, әлде бір кісінің көтере алмай бара жатқан затын көтерісу, адамдарға кедергі болмасын деген ниетпен жолдан зиянды нәрсені алып тастау, көзі көрмейтін жанды жолдан өткізіп жіберу, білмейтін адамға үйрету сияқты істердің барлығы да үлкен сауап.

Ең бастысы қиналған адамның дәл уақытында қасынан табылып, өзіңіздің тілектес екеніңізді білдіріп, жанашырлығыңызды таныту.

 

Қадірменді жамағат!

Әдетте қасиетті Құран аяттарында намаз бен бірге зекет беру бірге айтылады. Себебі намаз оқу арқылы пенде Жаратушының бұйрығын орындап, рухани кемелденетін болса, парыз етілген зекетті беру арқылы қоғамға пайдалы іс жасайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 71-аятында:

وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۚ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ أُولَٰئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

«Мүмин ерлер мен мүмин әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға және Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла мейіріміне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана», – деп айтқан. 

Жалпы әрбір адамның қоғамдық жауапкершілік пен міндеттерді сақтауы өте маңызды. Бұл істерді атқаруға қаншалықты тиянақты болсақ, соншалықты қоғамымыз да берік әрі тұрақты болмақ.

Алла Тағалаға халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру