Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІЗ ЖӘНЕ ҒАЛАМТОР

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 10.03.2023 519 0 пікір
БІЗ ЖӘНЕ ҒАЛАМТОР

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Адамзат жаратылғаннан бері оқу мен ізденудің себебімен жыл өткен сайын ғылым мен технология дамып, біздің өмір сүру қажеттіліктерімізді жеңілдетуде. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресі, 11-аятында:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آَمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ

«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», – деп айтқан.

Яғни, адам баласының дүние мен ақыретте дәрежесінің үстем болуының себебі – пайдалы білім. Ыбырай Алтынсарин бабамыз:

Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды, – деп айтқандай соңғы ғасырымыздағы ғылымның үлкен жетістіктеріміздің бірі – ғаламтор желісі екендігі баршамызға аян. Ол қазіргі таңдағы күнделікті өміріміздің ең құнды қажеттіліктерінің біріне айналып отыр. Себебі, ғаламтар арқылы қажетті ақпаратты жедел аламыз, алыстағы адаммен тіл қатысамыз, қажетті дүниемізді сатып аламыз, тіпті көптеген адамдардың негізігі күн көрісі де осы ғаламтор желісімен тікелей байланысты болды.

Ғаламтордың осындай пайдалы жақтары көп болуымен қатар зиянды жақтары да жоқ емес. Мұсылман адам әрбір ісін адал мен арамның сүзгісінен өткізіп барып қолдануы керек. Сондықтан ғаламтор мәселесінде де рұқсат пен тыйым етілген істерді білуіміз қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ الحَلاَلَ بَيِّنٌ وَإِنَّ الحَرَامَ بَيِّنٌ وَبَيْنَهُمَا أُمُوْرٌ مُشْتَبِهَاتٌ لاَ يَعْلَمُهُنَّ كَثِيْرٌ مِنَ النَّاس، فَمَنِ اتَّقَى الشُّبُهَاتِ فَقَدِ اسْتَبْرأَ لِدِيْنِهِ وعِرْضِهِ، وَمَنْ وَقَعَ فِي الشُّبُهَاتِ وَقَعَ فِيْ الحَرَامِ كَالرَّاعِي يَرْعَى حَوْلَ الحِمَى يُوشِكُ أَنْ يَقَعَ فِيْهِ. أَلاَ وَإِنَّ لِكُلِّ مَلِكٍ حِمَىً. أَلا وَإِنَّ حِمَى اللهِ مَحَارِمُهُ، أَلاَ وإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الجَسَدُ كُلُّهُ وإذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ أَلاَ وَهيَ اْلقَلْبُ

«Халал (нәрселер) белгілі және харам (нәрселер) белгілі. Ал, бұлардың (халал мен харам) арасында адамдардың көпшілігі білмейтін шүбәлі нәрселер бар. Шүбәлі нәрседен сақтанған адам өз дінін және өз абыройын (сақтау) үшін (одан) арылады. Ал, шүбәмен айналысушы адам харамға да баратын болады. Өйткені ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар. Алла Тағаланың қорығы – адамдарға тыйым салған нәрселері. Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл дене де жаман болады. біліп қойыңдар, шын мәнінде, ол – жүрек», – дегенін естідім», – деген (Бұхари, Мүслим).

Ғаламаторды дүние және ақыретімізге дұрыс пайдаланып, біздерге зияны  тимеу үшін мынадай істерге мән беруіміз қажет. Олар:

 

Бірінші: Уақытты зая кетірмеу

Уақыт – адам баласы оны жақсылықтармен толтыруы үшін берілген үлкен нығмет. Алла Тағала қасиетті Құранда «Фұрқан» сүресі, 62-аятында:

 وَهُوَ الَّذِي جَعَلَ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ خِلْفَةً لِّمَنْ أَرَادَ أَن يَذَّكَّرَ أَوْ أَرَادَ شُكُورًا

«Ол – Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын етіп қойды», – деп айтқан.

Сол себепті, ғаламтор адам баласын игермей, адам баласы ғаламторды игеруі керек. Ол үшін ғаламторды қажеттілігімізге байланысты пайдаланып, құр уақыт өткізу құралы ретінде қолданбауымыз керек. Өйткені күнделікті 24 сағатының басым уақытын тек қызық үшін ғаламторда өткізу – пайдасыз іспен айналысуға жатады.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше жерінде күн, түн, асыр, таң уақыттарымен серт етуі уақыттың өте құнды нығмет екендігін білдіреді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ ؟

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір қадам да орнынан тапжылмайды», – деген (имам Тирмизи).  Қияметте болатын негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты болуы біздердің уақытқа қаншалықты ұқыпты болуымыз керектігін білдіреді. Адам баласы өмірін қалай өткізгендігі жайындағы сұрақтан кейін жастық шақтағы уақыт туралы бөлек сұрақтың қойылуынан – әсіресе жастық шақтағы алтын уақытты бос, пайдасыз істермен өткізуден аса сақ болуымыз қажеттігін ұғамыз.  

Уақыттың құндылығы турасында ақын Мұқағали атамыз да:

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды бұл өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға! – деп өлең жазған.

Адамның бұл өмірдегі негізгі жаратылу мақсаты құлшылық екендігін ескерер болсақ, әлеуметтік желілер адамды Жаратушының бұйрығын орындап, құлшылық жасауына бөгет болмауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұнафиқун» сүресі, 9-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُلْهِكُمْ أَمْوَالُكُمْ وَلَا أَوْلَادُكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Мал-мүліктерің мен бала-шағаларың сендерге Алланы еске алуды ұмыттырмасын. Кімде-кім солай істейтін болса, нағыз зиян шегетіндер – солар», – деп айтқан.

 

Екінші: Пайдалы ақпарат алу

Ғаламтор беттерінде жазба, бейне сияқты ақпарат түрлері өте көп. Оның ішінде дұрыс ақпаратпен қатар бұрыс ақпарат, маңызды және маңызсызы,  пайдалысы мен зияндысы да бар. Мұсылман адам осы ақпараттың ішінен өзіне пайдалысын ғана  алуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِحْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ

«Өзіңе пайда келтіретін іске ұмтыл», – деп біздерді пайдалы істермен айналысуға шақырған (имам Мүслим).  

Мұсылман адам Жаратушысын танып, өзінің өмірлік мақсатын білгеннен кейін, әр уақытын пайдалы істермен шұғылдануға жұмсап, бос, пайдасыз істерден сақтануы қажет. Бұлай істеу адам бойындағы тақуалығының көрінісі деп танылады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مِنْ حُسْنِ إِسْلاَمِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لاَ يَعْنِيهِ

«Адамның Исламды жақсы ұстануының белгісі – оның өзіне қатысы жоқ нәрседен бас тартуы», – деген (имам Тирмизи, ибн Мәжә).

Әрдайым қажетті мағлұматтарды оқып, пайдалы білім алған, пайдасыз істермен шұғылданбаған адамның бойынан даналық сипат көрініс табады.

Имам Мәлик (Алла оны рақымына алсын): «(Бір күні) адамдар Лұқман Хәкімнен оның қадір-қасиеті туралы: «Біз куә болып жүрген жағдайға жетуіңізге не жәрдем етті?» – деп сұрады. Сонда Лұқман Хәкім: «Мен шыншыл болдым, аманатқа қиянат етпедім және маған қатысы жоқ іспен айналыспадым», – деп жауап берді», – деген.

 

Үшінші: Көзді харамнан сақтау

Көру – Алла Тағаланың адам баласына берген ең үлкен нығметі. Пенде жақсылыққа назар салып, қарап, ғибрат алу арқылы сауапқа кенелетініндей, керісінше тыйым етілгенге қарау арқылы күнаға душар болады. Қазіргі күні пендені осындай күнаға душар ететін түрлі бейнелер ғаламаторда өте көп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 30-31-аяттарында: 

قُلْ لِلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ذَلِكَ أَزْكَى لَهُمْ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ. وَقُلْ لِلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ

«Иманды ер кісілерге айт, көздерін төмен қаратсын және әуреттерін қорғасын. Бұл олар үшін тазасы. Ақиқатында, Алла – олардың не істеп жатқандарынан хабардар. Әрі иманды әйелдерге айт, көздерін төмен қаратсын, жыныс ағзаларын қорғасын және көрініп тұрғаннан басқа көріктерін көрсетпесін...», – деп айтқан.

Құдси хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Алла Тағаланың:

إِنَّ النَّظْرَةَ سَهْمٌ مِنْ سِهَامِ إِبْلِيسَ مَسْمُومٌ، مَنْ تَرَكَهَا من مَخَافَتِي أَبْدَلْتُهُ إِيمَانًا يَجِدُ حَلاوَتَهُ فِي قَلْبِهِ

«Ақиқатында көз салып қарау – Ібілістің улы жебелерінің бірі. Кімде-кім Менен қорыққандықтан қарауын қойса, жүрегінде ләззатын сезінетін иманмен алмастырамын», – деп айтқанын жеткізген (имам Табарани).

Тыйым етілгенге сұқтана қарау көңілдің бұзылуына, адамның арсыз іске баруына себепші болады. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыз:

Көзің көрсе көңіл ауып қалады,

Көңіл ауса кімдер ұстай алады.

Жан бір басшы, тәнді алған қолына,

Бек бастаса, құлы ереді соңына.

Білікті жан нақ айтыпты ақылын:

Көңілің мен көзіңді тый батырым! – деп, көзге ие болуға шақырған.

 

Төртінші: Балаларымызды бақылау

Бала – ата-ана үшін берілген аманат. Ата-анасы оның тәрбиесіне, әдепті де білімді, өзгелерге мейірімді әрі жанашыр болып өсуіне үлкен мән беруі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тахрим» 6-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар», – деп айтқан. Аталмыш аятты тәпсірші ғалымдарымыз: «Оларға әдеп пен білім үйрет», – деп түсіндірген.

Бала жыламауы үшін әркез қолына телефонды ұстатып қойып, қалаған ойынын ойнап, қалаған парақшларды көруіне мүмкіндік беруге болмайды. Балаға қажетіне қарай белгілі бір арнайы бөлінген уақыттарды ғана ойын ойнауына мүмкіндік беру қажет. Оның өзінде баланың санасын дамытатын ойындар болғандығы жақсы. Әйтпесе ғаламтордың онлайн ойындары негізінен атыс-шабыс, тағы басқа қантөгу, жауыздық тақырыбында болады. Осы ойындарды ойнаған бала психологияслық түрлі дерттерге де ұшырауы ықтимал. Тіпті оның жүрегендегі рақымдылық пен мейірімділікті жойып, қатігездік сезімдерін оятып, оның арты түрлі қылмысқа апаруы да мүмкін. Сондықтан да ата-ана бұл мәселеде өз мойнына жауапкершілікті сезініп, баланың ғаламтормен байланысының дұрыс болуын қадағалауы керек.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَالإِمَامُ رَاعٍ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، الرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا وَ مَسْئُولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا ، وَ الْخَادِمُ رَاعٍ فِي مَالِ سِيدِهِ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَ كُلُّكُمْ رَاعٍ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және әр-қайсыларың иеліктегілерің үшін сұраласыңдар. Басшы да бақташы әрі өз иелігіндегі үшін сұралатын болады. Ер адам өз жанұясының бақташысы әрі ол да иелігіндегі үшін сұралады. Әйел де күйеуінің үйі мен балаларының бақташысы әрі ол да өз иелігіндегі үшін сұралады. Қызметші де өзінің мырзасының дүниесіне бақташы әрі ол да өз иелігіндегі үшін сұралатын болады. Сол үшін барлығың бақташысыңдар әрі иеліктегілерің үшін сұралатын боласыңдар», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

 

Бесінші: Көркем түрде пікір алмасу, яғни пікір әдебін сақтау

Мұсылман адам барлық (Online және Offline) жағдайда, соның ішінде виртуалды кеңістікте де өзін «Ихсан» халінде, иманды пендеге лайықты байсалды қалыпта ұстауы керек. Атап айтқанда, басқа адамдарды қорлап кемсітуден аулақ болғаны жөн. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам бір айтқан сөзі үшін 70 жыл бойы тозақтық бола алады», – деген.

Ғаламтор, оның ішіндегі әлеуметтік желілер ашық алаң болғаннан кейін әркім өз ойын, көзқарасын білдіріп, өзгенің жазғанына пікір білдіреді. Бірақ, осы кезде пікір білдіруіміз дауға, арада дұшпандық тууына себеп болып кетпеуі үшін, мұсылман адам өзгелермен өте көркем түрде пікір алмасып, оның да өзіндік орны мен әдебін білуі аса маңызды іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі 125-аятында:

ادْعُ إِلَى سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ وَجَادِلْهُمْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ

«Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде пікір алмас», – деп бұйырған.  Демек, мұсылман өз пікірін жеткізгенде ең көркем тәсілді пайдаланып, ұрыс-керістен сақтануы керек. Өзгенің де пікіріне құрметпен қарау, білмеген мәселеге араласпау, ақиқат айтылса – мойындау, басқа да пікір алмасу әдептерін сақтау әлеуметтік желінің басты әдебіне жатады. Осындай әдептің сақталмауының салдарынан көп жағдайда әлеуметтік желідегі пікір алмасудың соңы үлкен дауға ұласып жатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَيْسَ الْمُؤْمِنُ بِالطَّعَّانِ ، وَلا اللَّعَّانِ ، وَلا الْفَاحِشِ ، وَلا الْبَذِيِّ

«Сөгу, қарғау, арсыз сөз, өсек айту мүмінге (тән сипат) емес», – деген.

Қоғамдағы адамдардың білім деңгейі, ойлауы, ақпаратты қабылдауы әртүрлі болғандықтан, олардың қандай да бір мәселеге қатысты түрлі пікірде болуы заңдылық.  

Егер әлеуметтік желідегі пікір алмасуда қарсы тарап шектен шығып, сөзге тоқтамайтын болса, мұсылман адам ондай пікір алмасуды бірден аяқтауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):      

أَنَا زَعِيمٌ بِبَيْتٍ فِي رَبَضِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْمِرَاءَ وَإِنْ كَانَ مُحِقًّا ، وَبِبَيْتٍ فِي وَسَطِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْكَذِبَ وَإِنْ كَانَ مَازِحًا ، وَبِبَيْتٍ فِي أَعْلَى الْجَنَّـةِ لِمَنْ حَسُنَ خُلُقُهُ

«Мен, өзінікі рас болса да тартысуды қойған кісі үшін жәннаттың ауласынан бір үй, ал, әзіл болса да өтірік айтуды қойған кісі үшін жәннаттың ортасынан бір үй, ал көркем мінездіге жәннаттың ең биігінен бір үй (берілетіндігіне) кепіл боламын», – деген (имам Тирмизи, Әбу Дәуід).

Сөйлесу, пікір бөлісу, орта деңгейімен санасу тәрізді қарапайым әдептер сақталмау салдарынан өздеріне қатысы жоқ мәселелер үшін айтысып-тартысудың, өсек пен ғайбат айтудың, нала мен жала жабудың соңы үлкен дауға ұласып жататынын көреміз. Нәтижесінде, тозған жүйке, жойылған сауаптардан басқа тапқан ешбір пайдасы жоқ.

 

Қадірменді жамағат!

Ақпарат тасқынын ауыздықтау мүмкін болмай тұрған осы кезеңде әр адам әлеуметтік желіде өз ойын іркілмей айтып, кейде қызбалықпен шектен шығып жатады. Айтылған әрбір сөздің сұрауы болатыны естен шыққанда, әдеп пен иба, құрмет пен сыйластық ескерусіз қалып, салдарынан біреуге жала жабылып, біреудің ар-намысы қорланады. Тек жақсы сөйлеуді, болмаса үндемеуді бұйыратын дінімізде сөз жауапкершілігіне үлкен мән беріледі. Әрбір жағдайда әдеп сақталуы тиіс болғаны секілді, әлеуметтік желіні қолдану кезінде де әдептен озбау – маңызды. Себебі, қай уақытта, қай жерде болсақ та Алла әр ісімізден хабардар.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اتَّقِ اللَّهَ حَيْثُمَا كُنْت ، وَأَتْبِعْ السَّيِّئَةَ الْحَسَنَةَ تَمْحُهَا ، وَخَالِقِ النَّاسَ بِخُلُقٍ حَسَنٍ

«Қайда болсаң да Алладан қорық, күнәлі істен кейін оны өшіретін жақсылық жаса әрі адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді бол», – деген (имам Ахмад, Тирмизи).  

Қорыта айтқанда, келесі төмендегідей мәселелерге назар аударып, қаперімізде ұстаған жөн.

1. Шамадан тыс қолданбау

Әлеуметтік желі күн сайын дамып, жаңаруда. Оған тәуелділік артуда. Мұндай тәуелділікке душар болған адам өз уақытының көбін әлеуметтік желіде өткізеді. Желіні қолданбаған кезде жүректе қобалжу пайда болып, өзгенің жазған пікірін, келіп түскен жаңа хабарламаны жіберіп алғандай алаңдап, мазасызданады. Интернеттің өшіп қалуы өзге адамдардан бөлініп қалғандай күйге түсіріп, тіпті депрессияға дейін алып келуі мүмкін. Мұсылман адам әлеуметтік желіні жақсы мақсатта қолданып, уақытын жүйелеп, шамадан тыс пайдаланудан өзін шектеуі тиіс. 

2. Білмеген нәрсені жазбау

Әлеуметтік желіде пікір қалдыру кезінде өзін ұстау, әдеп сақтау сынды қасиеттер ескеріле бермейді. Осы жағдай мәселенің астарына үңілмей, мән-жайды толық білмей пікір жаза салу, тексеріп алмай тұрып сене салу көп адамның әдеттегі ісі болып барады. Қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресінің 6-аятында: «Егер пасық адам хабар алып келсе оны анықтап алыңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер», – делінген. Мұсылман адам шынайы өмірде немесе әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп, ақиқат не жалған екенін ажыратып алуы қажет. Әсіресе біреуді қаралауға бағытталған, кісінің айыбын ашатын мәліметтер жарияланған сәтте оған бірден сенуден, оны өзгелерге таратудан аса сақ болуы керек.

3.  Тіл-көзден сақтану

Желіге өзінің, балаларының, жақындарының суретін, жетістігін салудан алдын олар үшін шынайы қуанатындар мен қызғанатын, көреалмайтын адамдардың болатынын естен шығармау керек. Себебі, көз тиюден сақтану қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Көз тию – ақиқат. Егер тағдырды озып кететін бір нәрсе болса, ол көз тию болар еді», – деп айтқан. Сондай-ақ, көздің түйені – қазанға, адамды – қабірге дейін апаратынынан хабардар еткен.

Мысалы, отбасыңызда болған қуанышты сәттерді желіге жүктеген кезде оны өмірлік жары жоқ немесе бір перзентке зар болып жүрген жандар көретінін, бұл жағдай оның өз қолындағы барға шүкіршілік етпеуіне себепші болатыныңызды, сондай-ақ сізге және ұрпағыңызға тіл-көз тиіп кету қаупін ұмытпаған абзал. Әсіресе, сәбилердің жұрт көзінен жасырын болуы – тіл-көзден аман болуына ең жақсы жол.

4. Өзгенің еңбегіне сілтеме жасау

Біреудің авторлық мақаласын, жазбасын, суретін, видеосын рұқсат сұрап не сілтемесін беріп қана жариялауға болады. Өзгенің дүниесін өз атынан жариялау өтірік әрі ұрлық болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның дүниесін оның рұқсатынсыз пайдалануға рұқсат етілмейді», – деп ескерткен. Бұл ескертудің авторлық емес, көпшілік көрсін деген оймен жасалған дүниелерге қатысы жоқ.

5. Жасаған күнәні жария етпеу

Көптеген интернет қолданушылар өздерінің күнә істерін әлеуметтік желі арқылы жария етеді. Мұсылманға күнә ісін басқаларға айту дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің үмбетімнен тек өз күнәларын жария ететіндерден басқасының барлығы кешіріледі. Алла оның түнде істегенін күнәсын жасырған еді, ал ертесіне ол Алланың жасырғанын жариялады. Осылайша, ол түнде Алланың жамылғысының астында болды, ал таңертең оны өзі шешті», – деген.

Егер адам басқа біреудің күнәсін білсе, оны жасыруы керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім басқа біреудің күнәсын жасырса, онда Қиямет күні Алла оның күнәларын жасырады», – деп айтқан. 

Сөз сөйлеу, ойын әдеппен жеткізе білу – үлкен мәдениет. Ал, ең үлкен абырой – көркем мінез. Адам дер кезінде тілі мен көзін тыя білсе пәленің алдын алады, өзіне һәм өзгеге зиян тигізуден аман болады. Сондықтан, Жаратушымыздың алдында әлеуметтік желідегі сөздеріміз үшін де жауап беретінімізді ұмытпай, жақсылықта ғана жарысайық.

Алла Тағала біздерге тақуалық пен көркем мінез нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру