Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАСШЫҒА БАҒЫНУ – МІНДЕТ

28.11.2019 25723 0 пікір
БАСШЫҒА БАҒЫНУ – МІНДЕТ

КІРІСПЕ

Қасиетті Құран Кәрімнің «Нахл» сүресінің, 53-аятында:

وَمَابِكُمْ مِنْ نِعْمَةٍ فَمِنَ اللَّهِ

«Сендердегі әрбір нығмет Алладан» деп еске салады. 

Бұл игіліктердің ішіндегі ең ұлы нығметтің бірі және бірегейі – бастың амандығы мен қоғамның тыныштығы. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.):

مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا

«Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады», деген.

Бізге бұйырған осы ұлы нығмет – тыныштық пен тұрақтылықтың қадір-қасиетіне жетіп, шүкірлік ете білу. Бүгінде әлемдегі кейбір елдерде бірлігінен ажыраған, басшысына бағынбай, туған елінің тыныштығын бұзған елдер қаншама?! Бұл елдердің тағдыры мұсылман халқы ретінде бізді де қатты қынжылтады. Сол себепті, осы нығметтерді сақтау, оған шүкір ету – бүгінгі мұсылманның борышына айналуы тиіс.

Дін және діндарлар үшін отаннан артық, мемлекетінен қымбат ештеңе жоқ. Сол  себепті,  әрбір  адам  туған  жерін,  мемлекетін қастерлеуі тиіс. Сондай-ақ әр елдің басшысы болады. Яғни, әрбір мемлекеттің міндетті түрде басшысы болу қажет. Имам Әбу Шәйбә сенімді (сахих) иснадпен Әли ибн Әбу Талибтің (р.а.) келесі сөздерін жеткізеді: «Міндетті түрде адамдардың басшысы болу керек – ізгі болсын, болмасын».

Ал ұлық табиғин Хасан әл-Басри (р.а.) ел билеушілері жайында: «Олар (басшылар) біздің бес түрлі бағытта басшымыз және қорғанымыз:

  1. Жұма намазына
  2. Жамағатымызға (яғни қоғамымызға)
  3. Мереке-айтымызға
  4. Мемлекет шекарасының қауіпсіздігіне
  5. Қоғам ішіндегі тәртіпке.

Алламен ант етемін, дін аман тұруы үшін басшы қажет. Тіпті, өктемдік етсе де. Алламен ант етемін, олардың өктемдіктерінен ел игілігіне тигізер пайдасы өте көп. Сондай-ақ, басшыға бойұсыну құптарлық іс. Ал, басшыны тыңдамау Алланың берген нығметін қадірлемеу болып табылады», деген.

 

ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ ۖ

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар»[1] деп баяндаған.

Қысқаша түсіндірмесі: Қасиетті аятта Аллаға және Оның елшісіне бағыну керек екендігін әмір етеді. Бағыну – Құран мен хадистің жолымен жүру арқылы жүзеге асады. Сол секілді аятта өз араларыңнан шыққан басшыларға бағынуды үндейді. Басшыға бағыну керек екендігінің дәлелі – «مِنْكُمْ» деген Құран аяты.

Екінші аят:

وَإِذَا جَاءهُمْ أَمْرٌ مِّنَ الأَمْنِ أَوِ الْخَوْفِ أَذَاعُواْ بِهِ وَلَوْ رَدُّوهُ إِلَى الرَّسُولِ وَإِلَى أُوْلِي الأَمْرِ مِنْهُمْ لَعَلِمَهُ الَّذِينَ يَسْتَنبِطُونَهُ مِنْهُمْ وَلَوْلاَ فَضْلُ اللّهِ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَتُهُ لاَتَّبَعْتُمُ الشَّيْطَانَ إِلاَّ قَلِيلاً

«Қашан оларға (мұнафықтарға) аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны Пайғамбарға не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді»[2].

Қысқаша түсіндірмесі: Егер екіжүзділер мұсылмандар жайында олардың жеңісі немесе жеңілісі жайлы хабарды естісе, оның ақиқатына жетпей жатып адамдарға жая бастайды. Бұл өз кезегінде мұсылмандар үшін зиян. Оны анығына жетпей тұрып, басқаларға жаймай пайғамбарға немесе үлкен сахабаларға, яки ілім иелеріне жеткізгенде жақсы болатын еді. Алайда екіжүзділердің ойы тым басқа.  

Үшінші аят:

 وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер»[3].  

Қысқаша түсіндірмесі: Аятта айтылғандай Алланың дініне және оның кітабына мықтап жармасыңдар, әсте бөлінбеңдер. Дін тұрғысында сендерге дейін яһуди, насаралар секілді өзара тартыспаңдар.

Төртінші аят:

وَلاَ تَكُونُواْ كَالَّذِينَ تَفَرَّقُواْ وَاخْتَلَفُواْ مِن بَعْدِ مَا جَاءهُمُ الْبَيِّنَاتُ وَأُوْلَـئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ

«Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар»[4].

Қысқаша түсіндірмесі: Сендер яхуди және насаралар секілді өзара дін мәселесінде тартыспаңдар. Оларға аяттарымыз жеткенде нәпсі қалауларына еріп, тартысқан болатын. Сол себепті қиямет күні оларға Алланың азабы болады.

 

ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللهُ وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهُ وَمَنْ أَطَاعَ أَمِيرِي فَقَدْ أَطَاعَنِي وَمَنْ عَصَى أَمِيرِي فَقَدْ عَصَانِي

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны, оған қарсы келгені шын мәнінде маған қарсы келгені»[5], – дейді.

Екінші хадис:

اسْمَعُوا وَأَطِيعُوا وَإِنِ اسْتُعْمِلَ عَلَيْكُمْ عَبْدٌ حَبَشِيٌّ وَإِنِ اسْتَعْمَلَ عَلَيْكُمْ عَبْدًا حَبَشِيًّا كَأَنَّ رَأْسَهُ زَبِيبَةٌ

«Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік құл билік жасаса да»[6].

Үшінші хадис:

مَنْ خَرَجَ مِنْ الطَّاعَةِ، وَفَارَقَ الْجَمَاعَةَ، فَمَاتَ، مَاتَ مَيْتَةَ جَاهِلِيَّةَ

Әбу Хурайрадан жеткен хадисте: «Кімде-кім бағынуға қарсы шықса және жамағаттан бөлінсе, надандық дәуірінің өлімімен өледі»[7].

Төртінші хадис:

إِنَّهَا سَتَكُونُ بَعْدِى أَثَرَةٌ وَأُمُورٌ تُنْكِرُونَهَا. قَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ كَيْفَ تَأْمُرُ مَنْ أَدْرَكَ مِنَّا ذَلِكَ قَالَ « تُؤَدُّونَ الْحَقَّ الَّذِى عَلَيْكُمْ وَتَسْأَلُونَ اللَّهَ الَّذِى لَكُمْ ».

«Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Ол кісіден: «Уа, Алланың Елшісі, сол уақытты көретіндерімізге не істеуді бұйырасың?» – деп сұрағанда, ол: «Өздеріңнің міндеттеріңді орындаңдар және Алладан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруын тілеңдер», – деп жауап берді[8].

Бесінші хадис:

مَنْ أَهَانَ سُلْطَانَ اللهِ فِي الْأرْضِ أَهَانَهُ اللهُ 

«Кімде-кім Алланың жердегі сұлтанын кемсітсе, Алла оны қорлайды»[9] деді.

Алтыншы хадис:

 مَنْ رَأَى مِنْ أَمِيرِهِ شَيْئًا يَكْرَهُهُ فَلْيَصْبِرْ عَلَيَهِ ، فَإنَّهُ مَنْ فَارَقَ الْجَمَاعَةَ شِبْرًا فَمَاتَ إلّا مَاتَ مَيْتَةَ جَاهِلِيَّةَ»
      

«Кімде-кім басшысынан ұнамсыз әрекет көрсе, сабыр етсін! Кім егер жамағаттан бір қарыс алыстаса, надандық дәуірінің өлімімен өледі»[10].

 

ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:

Бірінші сөз: Саһіл ибн Абдулла әт-Тустари: «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен о дүниесін құртады»[11] деген.

Екінші сөз: Әнас ибн Мәликтен жеткен хабар бойынша: «Біздерге үлкендеріміз Алла елшісінің ﷺ сахабалары: Басшыларыңды сөкпеңдер, оларға опасыздық жасамаңдар, Алладан қорқыңдар сабыр етіңдер»[12] дейтін.

Үшінші сөз: Атақты сабахаба Әбу Дарда: «Екі жүзділіктің алғашқы белгісі басшыға қарсы шығудан басталады»[13] деді.

Төртінші сөз: Әл-Хафиз ибн Ражаб: «Басшыларға бойұсынып, тағаттылық жасау – өмірдің бақыты, тұрмыстың реттілігі, сол арқылы діні айқындалады, Раббысына итағаттылығы көрінеді»[14].

Бесінші сөз: Ибн әл-Мубарак: «Кімде-кім ғұламаларға немқұрайлы қараса, ақыретін жоғалтады, ал кім басшыларға немқұрайлы қараса, дүниесін жоғалтады, кім бауырларға немқұрайлы қараса, тақуалығын жоғалтады»[15].

Алтыншы сөз: Атақты фиқһ ғалымы Әбу Абдолла әл-Қалғи әш-Шафиғи: «Егер басшылар болмаса, Алланың үкімдері іске аспас еді, жетімдер пана таппай, халық бір-бірін жер еді»[16] деген.

 

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса: Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Мекке қаласын күшпен басып алады. Көптеген адамдардың жазықсыз қаны төгіледі. Жеңіске қол жеткізген соң имам болып намаз өткізеді. Сол кезде Меккеде Пайғамбарымыздың ﷺ көзін көрген қаншама сахабалар бар еді. Соның ішінде Абдулла ибн Омар (Алла одан разы болсын) да бар болған. Халық залым Хажжаждың артында намаз оқу мәселесінде Абдулла ибн Омарға (Алла одан разы болсын) қарайды. Абдулла ибн Омар (Алла одан разы болсын) Хажжаждың артында тұрып намаз оқиды. Оны көрген басқалар да намазға тұрады. Намаз оқып болған соң  неліктен мұндай залым адамның артында намазға тұрғанын сұрайды. Сонда ол: «Егер мен оның артында намазға тұрмағанда, тағы да қаншама адамның қаны төгілетін еді», деп жауап берген. Демек, елдің бірлігі мен тыныштығы жеке бастың пайдасы мен көңілдің қалауынан абзал болмақ.

Екінші қисса:   Хабаши (қара нәсілді) күң болған Үммү Айманның баласы Усама ибн Зәйд 18 жасар кезінде әскерге басшы болады. Әкесі Зәйд ибн Хариса да құл болған. Хижреттің сегізінші жылында Шам қаласының маңында Мута деп аталатын жерде Рим әскерімен соғысқан кезде Ислам әскерінің қолбасшысы болды. Құран Кәрімде есімі аталған жалғыз сахаба осы кісі. Хазреті Әбу Бәкр (р.а.) халифа кезінде «Расулулла сендерді Усаманың басқаруымен соғысқа жіберген еді. Енді қайтадан оның басқаруымен соғысқа баруға дайындалыңдар!» деді. Ол кезде Усама 22 жаста болатын. Кейбір адамдар «Дұшпандар Мәдинаға келіп, халифаны өлтіруі мүмкін. Усаманы ауыстырсаңыз қалай болады?» деді. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) «Расулулла таңдаған қолбасшыны ауыстыра алмаймын» деді. Усама аттың үстінде, халифа және сахабалар жаяу жүріп, Мәдинадан сыртқа шықты. Халифа сахабалармен қоштасқан кезде: «Сендерге айтатын бірінші насихатым – әмірлерің (басшыларың) Усамаға бағыныңдар!» деді. Хазреті Усама Хузаа тайпасына барып, қырық күннен кейін Мәдинаға жеңіспен оралды. Демек, әмір (басшы) болған адам жас және құл болса да оған мойынсұну шарт. Әйтпеген жағдайда оған көрсетілген сенімсіздік, бағынбаушылық оны өкіл еткен, тағайындаған адамға жасалған болады.

Үшінші қисса: Абдулла ибн Әмір жұма хұтпасын оқуға келерде, мейлінше жұқа киініп, шашын ретке келтіріп, үсті-басын  қадағалайтын. Бір күні ол намазын оқып, үйіне кіреді. Ол жерде сахаба  Әбу Бәкір да мінбердің қасында отырған болатын. Сол мезетте, Әбу Біләл Мирдас деген кісі: «Адамдардың басшысына, мырзасына қараңыздар! Жұқа киініп, пасықтарға  ұқсағысы  келеді», дейді.  Әбу Бәкір (р.а.) Мирдастің сөзін естіп, ұлына: «Әбу Біләлді (Мирдасты) маған шақырып кел» дейді. Әбу Біләл  келген соң  Әбу Бәкір (р.а.): «Жаңа ғана басшыға қарсы айтқан сөзіңді естідім. Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Алланың (яғни, бұл дүниеде оған  басшылықты  нәсіп  еткен) басшысына құрмет көрсетсе, Алла да оны құрметке бөлейді. Кім Алланың басшысын (менсінбесе) құрметтемесе, Алла оны масқара етеді», дегенін естіген едім», деп айтады.

Төртінші қисса: Ухуд шайқасы: Бұл шайқас Мәдинаның сыртындағы Ухуд тауына жақын жерде болған. Бұл жолы құрайыштықтар Бәдірдегі жеңілістеріне қарымта ретінде үш мың қол әскер жинап келеді. Мұсылмандар оларға қарсы жеті жүз жауынгермен шығады. Пайғамбар ﷺ елу садақшыны бөліп алып, оларға таудың үстінде тұрып мүшріктерді атқылап өткізбеуді, өзінің әмірінсіз орындарынан қозғалмауды бұйырады. Шайқас басталып, жеңіс тізгіні мұсылмандарға ауа бастаған шақта садақшылар соғыс біткен болар деп ойлап, майдан даласындағы олжаларды алу үшін орындарынан төмен түсе бастайды. Мұны көрген мүшріктердің батыры, бұл кезде әлі мұсылман болмаған Халид ибн Уалид қосынымен садақшыларға лап қойып, оларды қырып салады. Соның салдарынан мұсылмандар қоршауда қалып қояды да, мүшріктер жеңіске жетеді. Шайқас кезінде жиырма мүшрік өлтіріліп, жетпіс мұсылман шәһид болады. Шәһидтердің арасында Пайғамбардың ﷺ көкесі Хамза, Абдулла ибн Жахш, Мұсғаб ибн Ғұмайыр, Сағыд ибн Рабиғтар бар еді. Сондай-ақ, Пайғамбардың ﷺ өзі де жарақат алып, бұл шайқас мұсылмандар үшін үлкен сабақ болады.

 

  НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:

  • Азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы (Сырым Датұлы).
  • Басшысын таппаған ел азады, Жолдасын таппаған ер азады.
  • Керуенбасы білікті болса, түйе азбайды, Қолбасы білікті болса, сарбазы азбайды.
  • Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды (Бауыржан Момышұлы).

Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман (Қазыбек би).

 

БАСШЫҒА БАҒЫНУДЫҢ ҚОҒАМ ҮШІН ПАЙДАСЫ:

  • Мемлекеттің күшеюінің алғышарты – басшыға бағыну;
  • Мықты басшы қоғамдағы бейберекетсіздіктің алдын алады;
  • Күштілердің әлсіздерге, байлардың кедейлерге үстемдік қылуына тосқауыл болады;
  • Мемлекет заңдары баршаға халыққа жүзеге асады;
  • Сыртқы жаулардың дұшпандық әрекеттері жүзеге аспайды;
  • Басшыға бағынып, ішкі тұрақтылық орын алған мемлекетте ғылым-білім дамиды;
  • Ертеңгі өмірге деген сенімділігі артады.

 

БАСШЫҒА БАҒЫНУДЫҢ МІНДЕТІ:

  1. Қандай жағдайда болмасын басшыға бағыну міндет болады

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):

عَلَيْكَ السَّمْعُ وَالطَّاعَةُ فِي عُسْرِكَ وَيُسْرِكَ وَمَنْشَطِكَ وَمَكْرَهِكَ وَأَثَرَةٍ عَلَيْكَ

«Сенің міндетің – жоқшылықта әрі молшылықта, қуанышты әрі көңілсіз болған шақтарыңда (яғни, нәпсің қаласа да, қаламаса да), сондай-ақ, биліктегілердің шешімімен басқаларға (дүние-мүлік, дәреже-мансап немесе атақ-даңқ) беріліп, сен құр қалған жағдайда да (басшыға) бойсұну» – деп айтты»[17], – деген.
  1. Басшыға бағынбауда сылтау айтылмайды

Ибн Омар (р.а): «Алла елшісінің (с.ғ.с.):

مَنْ خَلَعَ يَدًا مِنْ طَاعَةٍ لَقِيَ ‏الله يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَا حُجَّةَ لَهُ وَمَنْ مَاتَ وَلَيْسَ فِي عُنُقِهِ بَيْعَةٌ مَاتَ مِيتَةً جَاهِلِيَّةً

«Кімде-кім басшыға бағынудан бас тартса, қиямет күні Алланың алдына барғанда (айыбын ақтар) ешбір (маңызды айғақ құжаты) уәжі болмайды. Сондай-ақ, кімде-кім (басшыны мойындап, бағынуға) серт берместен көз жұмса, сол адам жаһилият өлімімен өледі» деп айтқанын естідім»[18] деді.

Имам Бухари «Әдәбул муфрад» еңбегінде  және  имам Ахмад пен Хаким риуаят еткен хадисте:

ثَلَاثَةٌ لَا ‏تَسْأَلْ عَنْهُمْ رَجُلٌ فَارَقَ الْجَمَاعَةَ وَعَصَى إِمَامَهُ وَمَاتَ عَاصِيًا

«Үш адам жайлы сұрама, олар: «Жамағаттан бөлінген ер кісі, имамына (яғни, басшыға) қарсы шыққан адам,  күнә  жасаған  күйінде көз жұмған адам» делінген.

 

ТАРИХИ ДЕРЕК:

  1. Басшыға бағынбаудың зардаптарын айтар болсақ, алысқа кетпей-ақ Қазақстан тарихына көз жүгіртсе болады. Қазақ бір тудың астына жиналып, бір басшыға бағынған кезде сыртқы жаулар баса-көктеп кіре алмаған. Жүз-жүзге бөлініп, әр жүз, әр ру өз мақсатын көксегенде ғана жаудан ойсырай ұтылған екен. Соның бір мысалы 1723 жылы орын алған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қырғыны. Қазақ руларының бір басшыға бағынып, бас қоса алмағанының нәтижесінде қазақ халқының жартысы қырғынға ұшырады. Бүкіл қазақ елін жауламақ болған жоңғарларға тойтарыс тек аңырақай шайқасында бір тудың астында жиналғанда ғана жүзеге асты. Бұл тарихтағы қырғындар келесі ұрпаққа сабақ болу керек. Заманымыздағы кейбір мемлекеттердегі соғыстар, ондағы тұрақсыздық басшыға бағынбағанның кесірінен туып отыр.
  2. Ислам тарихында да көптеген мысалдар айтуға болады. Кезінде төртінші Халифа тұсында Хазірет Алиге бағынбаған ағымдар, бөлек жамағаттар соңы мұсылман мен мұсылман арасында қырғынға ұшырады.

 

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТ:

  1. Басшыға Алланың харам еткен нәрсесінен басқа әмірге бой ұсыну – ол Алла Тағаланың әміріне бой ұсынғанмен тең.
  2. Басшыға жақсы іске бойұсыну мемлекет тұрақтылығына, тыныштығына апарады. Егер мемлекет ішінде басшылыққа мүдделі бірнеше топтар болса, олардың арасында болып тұратын дау-жанжалдардың нәтижесінде қарапайым халықтың тыныштығы бұзылып, үнемі қауіпті жағдайда күн кешеді.
  3. Бір басшыға бағыну арқылы мемлекеттегі адамдардың бірлігі күшейіп, өзара сүйіспеншілігі артады.
  4. Бір басшыға бағынған елді сыртқы жаулар ала алмайды. Сыртқы жау бір мемлекетті жауламас бұрын мемлекет басшылығына қарсы топтармен мәмілеге келеді. Бұл ерте заманнан бері ислам жауларының қолданып келе жатқан әдісі.
  5. Мемлекеттердің гүлденуі, өркендеуі басшыға бағынуда жатыр. Әлемде болған барлық өркениеттер, мәдени ошақтар бір басшыға бой ұсынған тұрақты, тыныштық үстемдік құрған жерлерде болған, өйткені тұрақтылық адамды ғылым-білімнің дамуына, ғылыми жаңалықтардың ашылуына апарады.

 

ДҰҒА:

Ибраһим пайғамбар Меккеге тыныштық тілеп былай дұға жасаған: «О Раббым! Бұл қаланы бейбіт қала еткейсің! Тұрғындарынан кім Аллаға, ақырет күніне сенсе, оларға түрлі жемістерді ризық етіп бергейсің».Алла Тағала елімізді тыныштығынан, береке-бірлігінен айырмасын! Ел басында, дін басында халқына қызмет етіп жүрген азаматтарымызға күш-қуат берсін!

 

[1] «Ниса» сүресі 59-аят  

[2] «Ниса» сүресі, 83-аят

[3] «Әли-Имран» сүресі, 103-аят

[4] «Әли-Имран» сүресі, 105-аят

[5] Бұхари, Муслим хадистер жинағы №1865

[6] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари №6723.

[7] Шарх ән-Науауи әла Муслим №1848

[8] Бухари хадистер жинағы №3408

[9] Тирмизи хадистер жинағында № 2224

[10] Бұхари, Муслим хадистер жинағында, «Нәйлу әл-Аутар» №3193

[11] Имам Қуртубидің «Ахкаму әл-Құран» тәпсірінде

[12] Байхақи хадистер жинағы

[13] Байхақи хадистер жинағы

[14] Әл-Хафиз ибн Ражабтың «жаамиғ әл Улум уә әл-Хикам»

[15] Ибн Әсәкирдің «тариху димашқ» кітабы

[16] Әбу Абдолла әл-Қалғи әш-Шафиғидің «Тахзиб» кітабы

[17] Имам Муслим хадистер жинағы.

[18] Имам Муслим хадистер жинағы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру