Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батыржан Берденұлы: Тәлімі мол мәуліт айы – мүбәрак болғай!

27.05.2017 9520 0 пікір

Алла Тағала адамзат баласына дұрыс жолды көрсету үшін елші-пайғамбарлар жіберіп, олар арқылы иләһи кітаптар түсірген. Бұл тұрғысында Алла Тағала былай дейді: «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге шипа, сенушілер үшін тура жол және рақым (мейірім) келді». «(Мұхаммед ғ.с.): Олар Алланың кеңшілігі мен мәрхаметінен болған. Сол үшін олар қуансын...» («Юнус» сүресі, 57-58 аяттар). Демек, мұсылмандар үшін пайғамбарға деген сүйспеншілік әр уақытта ең бірінші кезекте болу керек. Өйткені Құранда: «Пайғамбарлар, мүминдер үшін өздерінен артық», - делінген («Ахзаб» сүресі, 6-аят).

Тағы бір қасиетті аятта: «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені бүкіл әлемге рақым шуағы етіп жібердік» - дейді («Әнбия» сүресі, 107-аят).  Ал Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің хадисінде: «Сендердің ешқайсысыларың мені ата-анасынан, бала-шағасынан және барлық адамзаттан артық жақсы көрмейінше, шынайы иман келтірген болып есептелмейсіңдер», - деп айтқан. Бүкіл әлемге рақым пайғамбары етіп жіберілген Алла Елшісінің өмір тарихын етене танып, оны жақсы көруіміз керек. Мына бір жағдайға қарайықшы.

Бір күні хазірет Омар (р.а.):

– Уа, Расулаллаһ! Мен сені өз жанымнан басқа барлық нәрселерден артық жақсы көремін, - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ):

– Ей, Омар! Иманың толық болмады, - дейді. Хазірет Омар (р.а.) азғана кідіріп ойланады да:

– Уа, Расулаллаһ! Мен сені өз жанымнан да және барлық нәрселерден де артық жақсы көремін, - дейді. Сосын Пайғамбарымыз (ﷺ):

– Енді иманың кәміл болды, ей, Омар! - деген екен.

Пайғамбарымыз дүниеге келген уақытты «мәуліт» деп атайды. «Мәуліт» туылған күн дегенді білдіреді. Алла Елшісі (ﷺ) дүние есігін ашқан Рабиғул әууәл айының 12-жұлдызы биыл қаңтардың 3-не сәйкес келіп отыр. Мәуліт мерекесін әлемнің көптеген мұсылман елдері бір ай бойы атап өтуді үрдіске айналдырған. Әрине, Пайғамбарымыздың туылған күнінде көп-көп салауат айтып, сол күнде болған оқиғаларды еске түсіру керек. Мәуліт айында ғана емес, күнделікті өмірімізде Пайғамбарымызға салауат айтуымыз қажет. Алла тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүминдер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынсұнушылықпен салауат, сәлем жолдаңдар», - деп бұйырады («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

Мәулітті атап өту Пайғамбарымыздың заманында болмаса да,  оның көзі тірісінде Хасан ибн Сабит деген ақын Пайғамбарымызды мадақтап өлеңдер жазған. Мәуліт Пайғамбарымыз (ﷺ) дүниеден өткеннен кейін үш ғасырдан кейін басталды. Сұлтан Музаффар халифаның басшылығы тұсында негізі қаланды. Сол кезден бастап әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Мәуліт – Пайғамбарымызға (ﷺ) арналған мадақ болғандықтан игі іс ретінде біршама ғалымдар тарапынан құп көрілген. Тіпті, бұрынғы өткен ғұламалардың көпшілігі осыған амал еткен. Атақты имам Нәуәуидің ұстазы Әбу Шаммаһ деген кісі: «Әр жылы Пайғамбарымыздың (ﷺ) туылған күніне тура келетін, осы күні істелінетін садақалар, әмір-маруф (жақсылыққа шақыру) және зейнеттер мен қуанышын көрсететін істер осы заманымыздың жаңалықтарының ең жақсысынан», - деп айтқан. Ал ғұлама Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Расулулланың (ﷺ) мәулітін оқытуға жаратқан болар едім», - десе, Жүнәйд әл-Бағдади (р.а.): «Кімде-кім Расулулланың (ﷺ) мәулітіне қатысып оны ұлықтаса, ол адам шынында иманды болыпты», - деген. Ғалым Жәләлуддин Суюти (р.а.): «Уасаил» деген кітабында: «Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (ﷺ) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер орап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рақымы болады және олар нұрменен оралады. Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (ﷺ) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», - деп жазады.

Демек, мәуліт айында сауапты амалдарды көп жасап, халықтың Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншілігін арттырар болсақ, шексіз сауапқа бөленеріміз ақиқат. Яғни, пайғамбар айы мәуліт күндерінде үй-үйлерде дастархан жайылып, оған ағайын туысқандар шақырылып жатса, жақсы іс болып табылады. Әрине, ондай дастархан үстінде пайғамбар өмірінен өнегелер мен хадистер айтылып, салауаттар оқылатын болса, біздің Алла елшісіне деген сүйіспеншілігіміздің белгісі. Сол үшін кейінгі ұрпаққа Пайғамбар есімімен қатар, тәрбиеге толы ғұмырын насихаттау, оның атына салауат айтуды үйрету бүгінгі күндегі үмбеттің еншісі. Өйткені, Пайғамбарымыз (ﷺ) кейінгі үмбетінің айтқан салауатының өзіне жететіндігін, ал оны айтпау сараңдықтың белгісі екенін хадистерде білдіріп кеткен.

Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) қызы Фатимаға (р.а.): «Адамдардың ішіндегі ең сараңы кім деп ойлайсың?» - дейді. Фатима (р.а.) анамыз: «Алла берген дәулеттен садақа бермейтін адам», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар, міне солар сараңдар!» - дейді. Сондықтан, Пайғамбарымыздың (ﷺ) есімі аталған уақытта «саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» деп салауат айту – әрбір мұсылманның міндеті.

Қадірлі ағайын, тал бойы тәрбиеге толы, өмір жолында үмбетіне өнегелі із қалдырған Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыздың туылған мәуліт мерекесі баршамызға құтты болсын! Алла Тағала елімізге амандық, әрбір отбасыға бақ-береке нәсіп етіп, ұрпағымыздың иманды да тәрбиелі болып өсуін нәсіп етсін. Мәуліт айындағы игі істеріміз мол сауаптарға ұласқай! 

Мансұров Батыржан Берденұлы
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру