Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Уәдені орындау үкімі

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 25.05.2026 95 0 пікір
Уәдені орындау үкімі

 

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Уәде беру – белгілі бір нәрсені жүзеге асыруға қатысты берілген сөз[1].

Ислам құқығында уәде екіге бөлінеді:

  1. Жалпы уәде (المجرد) – ешқандай шартқа байланыстырылмай, ерікті түрде берілетін уәде (сөз). Көпшілік ғалымдардың (ханафи, шафиғи, ханбали) көзқарасы бойынша мұндай уәдені орындау – діни және моральдық тұрғыдан міндет. Алайда құқықтық (қазилық) тұрғыдан оны мәжбүрлеп орындату қарастырылмайды[2]. Мысалы, бір адам басқаға қарыз беруге уәде етсе, оны орындау дін тұрғысынан міндет саналады. Бірақ уәде орындалмаған жағдайда құқықтық жауапкершілік жүктелмейді.
  2. Келісімде берілген уәдені орындау (المعلّق على شرط) – белгілі бір шарттың орындалуына байланысты берілетін уәде[3]. Кейбір ғалымдар мұндай уәдені орындау құқықтық тұрғыдан да міндетті деп санаған[4]. Мысалы, «мына көлікті ал, жетпегенін қарызға беремін» деп уәде беру. Егер екінші тарап осы уәдеге сеніп әрекет жасаса, уәде орындалмаған жағдайда ол нақты зиянға ұшырайды. Сол үшін берген уәдесін орындауы міндетті. Бұл ханафи және мәлики мәзһабтарының ұстанымы. Бұл мәселеге қатысты мына қағида негіз болады:

المواعيد بصور التعاليق تكون لازمة

«Шартқа негізделген уәде – орындалуы тиіс»[5].

Али Хайдар «Мәжәллә әл-ахкәм әл-адлия» атты еңбегіне жасаған түсіндірмесінде: «Егер уәде белгілі бір шартқа байланыстырылып берілсе, онда сол шарттың жүзеге асуы уәденің де орындалуын міндеттейді»[6], – дейді.

Халықаралық Ислам фиқһы академиясының уәдені орындауға қатысты №40-41, (2/5, 3/5) шешімінде былай делінген: «Ешбір үзір болмаса, уәдені орындау діни тұрғыдан міндет. Ал егер уәде белгілі бір себепке байланысты беріліп, уәде етілген адам соған сүйеніп шығынға ұшыраса, онда құқықтық (қазилық) тұрғыдан да уәдені орындау міндетті болады. Мұндай жағдайда орын алған шығын уәдені орындау арқылы немесе нақты келтірілген зиянды өтеу жолымен шешіледі»[7].

Ал келісімде берілген уәдені орындау форс-мажор жағдайында жеке қарастырылады.   

 

Шешім:

  1. Уәдені орындау діни және моральдық тұрғыдан – міндет.
  2. Келісімде берілген уәдені орындау құқықтық (қазилық) тұрғыдан міндетті болып саналады. Егер уәде беруші уәдесін орындамай, соның салдарынан екінші тарапқа зиян келсе, ол уәдесін орындауға немесе келтірілген зиянды өтеуге міндеттеледі.

 

 

 

 

[1] Әл-Айни, «Умдату әл-қари», 1/220.  «Әл-Мәусуғату әл-фиқһияту әл-кувейтия», 6/146.

[2] Хасан Али әш-Шәзили, «Әт-Тәжиру әл-мунтәһи бит-тәмлик», Мәжәлләту әл-фиқһ әл-исләми, 5/2143. 

[3] Назиһ Хаммад, «Назарияту әл-уағд әл-мулзим фи әл-муамалат әл-маалия», 22-38 бб.

[4] Назиһ Хаммад, «Назарияту әл-уағд әл-мулзим фи әл-муамалат әл-маалия», 32-38 бб.

[5] Мухаммад Мәжид Итр, «Әл-Муфассал фи әл-фиқһи әл-ханафи», 57.

[6] «Дурәру әл-хуккәм фи шәрхи мәжәллә әл-ахкәм», 1/87

[7] Ислам фиқһи академиясының журналы, 5-саны, 754 б.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру