Бұл жамағат Түркияның шығыс Анадолыдағы Нұрс таулы ауылында дүниеге келген Мырзаұлы Саид Нұрси (1873-1960) атымен «нұршылар» деп аталады.
Саид Нұрси он сегіз жасынан дінмен қоса зайырлы ғылымдарды қатар оқыды, сосын 15 жылдай мұғалім болып қызмет етті. Ол өзінің атеизм ықпалынан мұсылмандарды арашалау мақсатында «Рисалә-и Нұр» кітапшаларын жазып шығара бастады. Саид Нұрсидің еңбектерін бағалаған көпшілік оны «Бадиуз-заман» (Заманның ғажайып адамы) деп атады.
«Нұршылар» Саид Нұрсидің ғана «Рисале-и нұр» кітабында жазған тәпсірі дұрыс, басқа тәпсірлер қазіргі заманға сай емес деген пікірді ұстанады. Жамағаттың кейбір радикал пікірдегі жақтастары «Саид Нұрси – Махди, ол болашақта тіріліп шығады», деп сенеді. Бүгінде Түркия үкіметі оның еңбектерін мемлекет қорғауына алған. Бірақ тек руханият тұрғысынан ғана насихатталады. Діни тұрғыдан мемлекеттік мекемелерде оқытылмайды.
Олар өздерін саясаттан алшақпыз деп айтқанымен, көптеген өкілдері саясатпен тікелей айналысады. Мемлекет ішінде, әлеуметтік топтарда, қоғамдық ортада өте мұқият және артық әрекетсіз, байсалды жұмыс жүргізеді және өздерін қоғам өкілдерінен бөле- жарып ұстамайды.
«Нұршылар» жамағаты ішінара бірнеше тармақтарға бөлінген. Олар: 1) «Йени асия» газетін шығаратын, көбінесе интеллектуалды адамдардан құралған «Йени асия» жамағаты; 2) «Рисале-и Нұр» кітабын бастыру, тарату, насихаттау бағытын ұстанған «языжылар» (жазушылар) тобы; 3) «Рисале-и Нұр» кітабын діни қайнар көз ретінде оқитын «окуюжылар» (оқушылар) жамағаты және т.б..
Бұл жамағат елімізге 1992 жылдан бері келе бастаған. Олар арнайы жалдап алынған үйлерде жиылып уағыздарын жүргізіп отырады. «Нұршылардың» басым бөлігін жастар құрайды. Көп жағдайда жақтастарын тегін тамақ, жатақхана секілді материалдық игіліктер арқылы өз қатарларына тартады. Қазақстандық «нұршылар» Саид Нұрсидың еңбектерін аударып, халыққа насихаттауды өздерінің ең басты мақсаты деп санайды.
Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінде «нұршылар» қозғалысы экстремистік деп танылып, ел аумағында жұмыс жасауына заңмен тыйым салынған.
ҚМДБ Діни оңалту бөлімі
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру