Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МАДХАЛИТТЕР

Алау Әділбаев kazislam.kz 02.03.2023 5250 0 пікір
МАДХАЛИТТЕР

Мадхалиттер – Раби ибн Хади әл-Мадхалидің (1932 ж. дүниеге келген) көзқарастарын ұстанған мәдиналық сәләфилерге берілген атау.

Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға орай, 1991 жылы Сауд Арабия территориясына Америка әскерлерін кіргізуге байланысты мәселеде ел ғалымдарының пікірі екіге жарылып, бір топ әскер кіргізуді күпірлік деп тапқан. Тегі эфиопиялық Мұхаммед Аман әл-Жами өкіметтің ұстанымын қолдап, қарсы шыққандарды харижиттер деп жариялаған. Бұл сол кездегі билікке ұнап, Саудияда жамия деген топ пайда болды. Кейін оның пікірлерін Раби әл-Мадхали жалғастырды. Мамандардың айтуынша, Раби әл-Мадхалидің ұстанымдары «Мұсылман бауырлар» және Сәйд Құтыптың көзқарасына реакция ретінде пайда болған. Кезінде оның өзі жиырма жылға жуық «мұсылман бауырлардың» арасында жүрген. Ол Сәйд Құтыптың әділетсіз басшыға қарсы шығу керек деген ұстанымына қарсы шыққан. Осылайша «мұсылман бауырлар» мен Құтыпты әрдайым кінәлап, оған қатысты арнайы еңбек те жазған. Өздеріне ұнамаған суруриттерді көбіне «ихуан», «құтыпшылдар» немесе харижиттер деп жағымсыз атаулармен атап, өздерін ақ қылып көрсеткісі келеді.

Олардың негізгі ұстанымдары қандай жағдайда да мемлекет басшысына бағыну болғандықтан Таяу Шығыс елдеріндегі диктаторлық режимдегі билік басындағыларға ұнап, бірқатар елдерде радикалды топтарға қарсы күш ретінде қолдау тапқан. Кейін бұл қозғалыс көптеген араб елдерінде кең таралды.

Әрине, олар өздерін мадхалит деп атамайды және олай атауды дін дұшпандары әдейі ойлап тапқан дейді. Алайда олардың шейхтарының бәрі Раби әл-Мадхалидің көзқарастарын негіз етіп алады. Олар тақлид жасауды дұрыс деп санамайды. Бірақ өз шейхтарын тақлид жасауды ерсі деп қабылдамайды. Өздерін ғана нағыз сәләфи және әхли сунна уәл жамағат жолындамыз деп, өзгелерді қаралауға күш салады.

Мадхалиттер қазіргі мұсылмандардың негізгі проблемасы таухид улухияны бұрмалауда деп санайды. Сондықтан исламды барлық жаңалық (бидғат) атаулыдан тазарту керек дейді. Олар тек мәзһаб ұстанушыларды ғана емес, өзге сәләфилерді де өте қатаң сынайды. Сондықтан да олар көбіне сәләфи тәкпіршілдер арасында беделге ие. Ең жақсы көретін тақырыптары бидғат. Олар бидғатты жақсы жаман деп бөліп жатпайды. Жихад жайлы ұстанымдары байсалды ретінде танылғанымен 2000 жылы мұсылмдарды Индонезиядағы қарулы қақтығысқа қатысуға шақыруы арқылы ұстанымдарында қайшылыққа түскен кездері де жоқ емес. Демек, қалыптасқан саяси жағдайға байланысты ұстанымдарын кез келген сәтте өзгертуі мүмкін.

Шейхтары: ибн Таймия, ибн Қаиим, Мұхаммед ибн Абдулуаххаб, Абдулазиз Ибн Баз, Мұхаммед ибн Салих аль-Усәймин, Салих аль-Фаузан, Насруддин әл-Әлбани, Абдулмухсин ибн Бадр әл-Аббад, Рабиъ ибн Хади аль-Мадхали (САК), Ясир Бурхами (Египет), Муқбиль әл-Уадии (Иемен), Мұхаммед Аман ал-Жами, Фалих ал-Харби, Фарид ал-Малики, Тарахиб Даусари, Абдуллатиф Башамил, Абдулазиз әл-Асқар және т.б.;

Орыстілділер: Әбу Мұхаммед Ринат Зейнулин, Абу Салих Нәил Зейнулин, Абу Мариям Назратулла (ұлты тәжік, Сауд Арабиясында), Абу Яхья Крымский және т.б.; Қазақстандық ұстаздары: Тоиржан Ибрагимов, Октам, Ділмұрат және т.б. Профессор А. Муминов, олардың негізгі мақсаттарының ресми діни басқармаға ену екенін атап көрсетеді.

Бұларды қаншалықты байсалды дегеніңізбен тарихта із қалдырған уаххабизмнің негізін қалаушы Мухаммед Абдулуаххабтың төзімсіздігі мен билікке қарсы ұстанымын еске алсақ, мұның конспиративті ұстаным екенін көреміз. Олардың ел президенті билгін мойындап, Қазақстандағы мұсылмандардың қара шаңырағы, ҚМДБ-ны мойындамай, елді имамдарға қарсы қоюлары осының көрсеткіші болып табылады. Олар интернет ресурстарын өте тиімді пайдаланады. Көптеген сайттары белсенді жұмыс жасайды.

Өкінішке қарай, олар билікке қарсы шықпайды деген қате пайым нәтижесінде елімізде кейбір орталарда өзге сәләфилерге қарсы  осы топтағыларды қолдау керек деген ұстанымның бар екенін де айта кету керек. Бұл – қате ұстаным. Өзге уаххабилер секілді олар да қазақтың салт-дәстүрлерінің мәніне дұрыс үңіліп жатпастан, бидғат, ширк деп мұсылманшылықпен астасып жатқан дәстүрлерімізге білместікпен қарсы шығып, төзімсіздіктерімен де ерекшеленеді. Олар намаз оқымайтындарды ашық түрде кәпір демегенімен, мұсылман ретінде де санамайды.

 

Алау ӘДІЛБАЕВ,

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы 

Мәлімет kazislam.kz сайтынан алынды

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру