Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛДІҢ СИПАТЫ: ИБА МЕН ИНАБАТ

Динара НҰРҒАЛИЕВА «Иман» журналы 02.04.2026 748 0 пікір
МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛДІҢ СИПАТЫ: ИБА МЕН ИНАБАТ

Асыл дінімізде қыз баланың, әйел адамның орны ерекше. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз балалардың қадір-қасиеті жайында былай деген: «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар сол (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) үшін тозақ отынан қалқан болады», – деген.

Пайғамбарлар қиссаларына үңілсек, әйел затының тарихи рөлі мен рухани биіктігін айқын көруге болады. Қазақ мұсылман әйелінің сипаты – Құран мен сүннеттің нұрын бойына сіңірген, пайғамбарлардың асыл жарлары мен аналарынан үлгі алған, қазақ даласының «Ақылды аналар» мектебінен тәлім алған кемел тұлға. Олар Ажар (Алла оған разы болсын) анамыздай тәуекелшіл, Мәриям (Алла оған разы болсын) анамыздай пәк, Айша (Алла оған разы болсын) анамыздай зерек, Хадиша (Алла оған разы болсын) анамыздай жарына адал, Әсия (Алла оған разы болсын) анамыздай рухы мықты. Мұсылман әйел – қоғамның ар-ожданы, адамзаттың асыл аманаты. Оның әрбір іс-әрекетінен иманның иісі, жүзінен ұяттың нұры, сөзінен парасаттың лебі есіп тұруы тиіс. Оларға тән сипаттың бірегейі – иба мен инабат. Қазақ халқының ар-намысы болған қыз баланың бойынан осы сипаттар қалай көрінеді? Жалпы иба, инабат деген сөздердің мағынасы не? Тахауи Ахтанов: «Өңіне қарап ынжық деуге бола ма? Жоқ, жоқ, ол – шығыс әйелінің ана сүтімен бойына сіңген сыпайылығы, ибасы», – деп жазған екен.

«Иба» мен «инабат» сөздері – қазақ мәдениетіндегі әдептілік пен сыпайылықты білдіретін ұғымдар. Олардың мағыналары бір-біріне өте жақын:

Иба – үлкенді сыйлау, кішіпейілділік таныту және әдеп сақтау. Бұл – адамның өзін-өзі ұстай білуі, артық сөйлемеуі және өзгелерге құрмет көрсетуі. Көбіне ибалы деп әдепті, инабатты жанды айтады.

Инабат – имандылық пен сыпайылықтың жиынтығы. Ол адамның ішкі мәдениетін, биязылығын және ізеттілігін білдіреді. Инабатты адам – өнегелі, тәрбиелі және өз ортасында сыйлы жан. Қысқаша айтқанда, бұл екі сөз де ар-ұят, әдептілік пен ізеттілік деген мағынаны білдіреді.

«Ұяты бардың – иманы бар» деген осы бір ауыз сөзде қаншама сыр жатыр десеңізші?! Өзін мұсылман санайтын әр пенде өзінің жүрегіне иненің жасуындай ұяттың сәулесін құйса, тәкаппарлық, мейірімсіздік, қатігездік атаулы теріс қасиеттер жанымызға жат болар еді-ау.

«Әрбір діннің өзіне тән мінез-құлқы бар, Ислам дінінің мінезі – ұялу», – делінген хадистерде. Бұл жерде «ұят» сөзі адамның айыпты істерді істеуден бас тартуы, ондай істерге қатысты жиренішті сезімде болуы дегенді білдіреді. Сондықтан ар-ұят адамдардың кішіпейілдік сияқты асыл мінезге бойсұнып, тәкаппарлықтан бойды аулақ ұстауды да аңғартады. Демек ұятсыздық – арға кірбің түсіретін кесел іспеттес. Одан ерте жастан арылмаса, адам теріс жолға түсіп, өзінің өміріне де қылау түсіруі мүмкін.

Ал енді Құран қиссаларына назар салсақ, «Қасас» сүресінде Шұғайып (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың қыздары жайлы баян етілген аяттар бар. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Мысырдан шығып, Мәдиан деген қалаға келеді. Бір құдықтың жанында ағаштың көлеңкесінде демалып отырғанда, көз тастам жерде қой баққан екі қыздың құдыққа жақындай алмай тұрғанын көреді. Оларға барып, жағдайларын сұраса, құдықтың басында әлдебір адамдар малдарын суарып, су алып жатқандықтан, екі қыз құдыққа жақындай алмай тұрғаны және әкелерінің қарт адам екені анықталады. Олар Мұсаға (оған Алланың сәлемі болсын): «Мына адамдардың бәрі кеткенін күтіп тұрмыз, сосын біз суарамыз», – дейді («Қасас» сүресі, 23-аят).

Сол кезде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар қыздарға жәрдемдескісі келіп, өзінің күштілігінің арқасында олардың қойларын суарып беріп, шығарып салады. Біраз уақыттан кейін екі қыздың біреуі Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) отырған жерге келеді. Алла Тағала сол қыздың ұятын былай сипаттайды: «Сонда екі қыздың бірі ұяла келіп: «Әкем, малымызды суарып бергенің үшін ақыңды төлемекке шақырып жатыр», – деді» («Қасас» сүресі, 25-аят).

Бізге Алла Тағала бұл қыздың ұяла келген жүрісін сипаттап, әрі мұнда ойланған адамға үлкен ғибрат бар екенін жеткізеді. Тәпсіршілер Мұсаның (оған Алланың сәлемі болсын) қыздардың үйіне ілесіп баруы істеген жақсылығына ақы алу үшін емес, әкесі жүре алмайтын үлкен ақсақал екенін біліп, оның сөзін жерге тастамау мақсатында барғандығын жеткізеді.

Енді екеуінің қыздың үйіне қалай барғандарына тоқталсақ. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) алдында, ал қыз артында жүріп отырады. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Егер оң жаққа бұрылу керек болса – оң жаққа, сол жаққа бұрылу керек болса – сол жаққа тас лақтыр», – дейді. Осылайша, Алладан ұялған күйде, екеуі бір-бірінің ар-намысын сақтаған бойда барған екен. Мұндай оқиғалардан біз, мұсылман әйелдерге, үлкен тәлім, үлгі алып, бойымызға ұялу сезімін сіңіруге тиіспіз.

Ұяттың үш түрі бар:

  1. Адамның өз-өзінен ұялуы. Адам кейде бір нәрсе істеп қойып, өз-өзінен ұялып, ақиқаттың айнасына қарай алмай қалуы мүмкін. Кінәсін мойындай отырып, кең дүниенің ол адам үшін тарылғандығын сезінеді.
  2. Маңайындағы адамдардан ұялу. Бір адам жеке қалғанда белгілі бір істі істей беруі мүмкін, бірақ адамдардың алдында оны жасай алмайды, яғни ұялады. Бір адамның алдында оған ұнамайтын нәрсені істеуден ұялу, уәдені орындамаудан ұялу, өтірік айтудан ұялу, бір затын рұқсатсыз алудан ұялу, бір адамның алдында өзінің ұятты жерлерін ашу – бұлар да адамның адамнан ұялуына жатады. Күнәні адамдардың алдында істемеу ұялуға жатады.
  3. Алла Тағаладан ұялу. Яғни адам әрқашан Алланың бақылауында екенін, Раббысының пендесін көріп тұратынын сезініп, қай кезде болмасын күнә жасап қоюдан ұялады. Міне, ұялшақтықтың мұндай түрі адамды арам нәрсе істеуден тосады. Қазақта «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар. Алладан қорықпайтын, ұялмайтын адамнан сан түрлі қылықтар күтуге болады.

«Руыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, еліңді сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» дейді қазақ даналығы. Бұл сөздің астарында үлкен мағына бар. Өйткені қыз – болашақ ұрпақтың анасы. Қазіргі таңда қыздардың тәрбиесіне аса мән беруге тиіспіз. Қыз баланың абыройы мен арын, өзіне сай сымбаты мен сырын сақтау үшін, қырық үйден тыю арқылы оның бойына мұсылманға тән қасиеттерді сіңіре аламыз. Қыз баланы тәрбиелеу – бір адам емес, бәлкім, бір ұрпақты тәрбиелеу. Өйткені салихалы қыз ғана ұлт болашағын баянды ете алады.

Өз үйінен ұшып, бөтен үйдің босағасын аттап, өмірлік серігімен қол ұстасып үлкен өмірге қадам басады. Ата-анасының берген тәлім-тәрбиесімен бойындағы инабаттылық, ибалық және ұятымен қайын жұртына бақыт сыйлайды.

«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген. Қазақ жұртына ибалы келін атанып, сол шаңыраққа құт-береке әкелген келіндерімізге қызыға қарайтынымыз анық. Келін болып түскенде, биязылыққа қоса, ұстамдылық сезімдеріне ие бола білу, ашу-ызасын тежеп, жасыра білу, кейістіктен даналығымен қайта білу қажет. Олай болмағанда, отбасының берекесі қашады. Күйеуіне дүрсе қоя бергіш, салғыласуға құмар, реніш үстінде сөз талғамайтын келіншек ерінің абыройына нұқсан келтіреді, көңілін қалдырады, суындырады. Не болса, соны сөз қылып, күйеуінің құлақ етін жейтін, әр нәрсеге ұрыс шығаратын, нақақтан нақақ кінә тағатын әйел күндердің күнінде ерін безіндіріп, бақытынан біржола айырылып қалуы ғажап емес.

Қазақтың ата салтында келіннің келген жеріне ізет жасауы үлкендер мен келін арасындағы қарым-қатынасқа жылу, сыйластық, инабаттылық дарытады. Ибалы келін қашанда үлкенге де, кішіге де ілтипат көрсетіп, ашық мінезімен баурап алу арқылы сол отбасының бақ-берекесіне айналады. Жаман келін көреалмаушылық пен ызақорлықтан таяқ жеп, өзін-өзі масқара етеді. Ал иманы берік келін өзінің ақ жүрегімен ортасын баурап алатын, инабатты ибалы жанға айналады.

Құрметті мұсылман әпке-сіңлілер! Жоғарыда айтқанымыздай, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Ислам дінінің мінезі ұялу болса, бұл мінез – мұсылманға тән сипат. Әйел адамның ибалылығы мен инабаттылығы оның ұятының өлшемінен көрінеді. Егіннің көктеуі үшін су қандай маңызды болса, мұсылман әйелдің өмірінде ұяттың алатын орны да сондай болмақ. Алла Тағала бәрімізге шынайы ұяттың ақиқатын біліп, Алладан, періштелерден, адамдардан ұялуды нәсіп етсін. Әмин!


Динара НҰРҒАЛИЕВА,
ҚМДБ Әйел-қыздар секторының жетекшісі
«Иман» журналы, №3, 2026 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру