Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҰЛЫЛАРДЫҢ АСЫЛ ӘЖЕЛЕРІ

Кеулімжай ҚҰТТЫ «Иман» журналы 12.04.2026 944 0 пікір
ҰЛЫЛАРДЫҢ АСЫЛ ӘЖЕЛЕРІ

Айғаным Сарғалдаққызы

XIX ғасырдағы қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері Айғаным Сарғалдаққызы 1783 жылы Солтүстік Қазақстанда дүниеге келген. Атақты Абылай ханның келіні, Уәли ханның кіші ханымы, Шоқан Уәлихановтың әжесі. Айғаным – Есілдің бойын мекен еткен атақты Мәлім қажының ұлы Сарғалдақтың қызы. Айғанымның әкесі Бұхарда оқыған білімді кісі еді. Айғаным әкесінен араб, парсы, шағатай тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының шығармаларын оқып өскен. Орыс, француз тілдерін де жетік меңгерген. Өте білімді, саяси сауатты болған. Бұл сөзімізге жазушы И.Стрелькованың мына бір сөзі дәлел: «Младшая жена хана Вали, умная и властная Айганым была женщиной образованной, знала несколько восточных языков, обладала незаурядным поэтическим талантом и прозорливостью опытного политика».

Ел мен жер тағдырына алаңдаған Айғаным ханым орыс ұлықтарымен хат жазысып, халқының мүддесін қорғау жолында аянып қалмаған. Академик Әлкей Марғұлан зерттеуіне қарағанда Айғаным жазбаларының саны жүзден асады екен.

Шоқанның әжесінің тағы айтуға тұрарлық ісі – патша үкіметінің қаржысына медресе-мешіт салдыруы. Өзі салдырған мешітке Құтмұхаммед Иманқұлов деген молданы алдырып, өзінің және ауыл балаларын оқытады. Шоқан 1835 жылы туған, азан шақырып қойған аты – Мұхаммед-Ханафия. Айғаным өзінің ертедегі атабабасының атын немересіне қоюы тегін емес екені түсінікті. Шоқанның 1847 жылы Омбыдағы әскери оқу орны – Сібір кадет корпусына түсіп, сана-сезімі ерте оянып, тез жетілуі – әжесінің тәлім-тәрбиесінің нәтижесі. Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан: «Айғаным Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болды», – деп баға берген.

Аяулы әжесінің өмірден өткендігі туралы Шоқан былай жазған: «1852 жылы қазан айының он тоғызы күні бейсенбіде, екінті намазының кезінде қазақтың орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Айғаным Сарғалдаққызы 70 жаста дүние салды. Ертеңіне жұмада жерленді. Оның тоғыз ұлы бар еді: екеуі жас кезінде, екеуі жиырмалар шамасында қайтыс болған».

Зере Бектемірқызы

Зере Бектемірқызы (азан шақырып қойған аты – Тоқбала) 1785 жылы Жарма ауданының табиғаты әсем Қалбатау бөктерінде туған. Руы – Найманның ішіндегі Матай. Атасы Бектемір өз кезінің атақты байы, еліне беделді азаматы ретінде танылған. Бектемірдің Құттықадам, Теңізбай деген ұлдары болған. Теңізбайдың қызы осы Зере апамыз. Әкесі Теңізбай өз шаруасын ғана білген орта дәулетті момын адам болса керек. Жастайынан сүйкімді, зерек болған Зере атасы Бектемірдің бауырында өскендіктен байдың қызы атанған. Сол себепті өз әкесінің аты ұмытылып, Бектемірдің қызы ретінде ел есінде қалған.

Атақты айтыс ақыны, сұңғыла шежіреші Қалихан Алтынбаевтың айтуынша, Бектемір бай: «Ұл ұрпақтарымнан үміттенбеймін. Шықса қыз ұрпағымнан шығады» деп айтады екен. Шынында да солай болды. Бектемірден өрбіген ұрпақтар ішінен Тоқбала ақылдығымен, көсемдігімен дүйім елге танылды. Шыңғыстаудағы атақты Ырғызбай би ауылына ұзатылып барғанда жас келін Тоқбала мұрнына алтын шығыршық әшекей – зере тағып жүргендіктен оны Зере атап кеткен екен. Зереден Құттымұхамед (жастай шетінеген), Құнанбай, Тайбала туған. Өскенбайдың Зереден басқа да әйелдері бар еді. Ел берекесін ойлаған аса зейінді, ақылды Зере ана отбасының бірлігін сақтап, күндестікке бой бермеген, өте бауырмал болған. Құнанбайдың жалғыз өспеуін ойлап, Өскенбайдың Таңшолпан деген тоқалынан туған Майбасарды, күйеуінің аталас ағайыны Ералының баласы Бөжейді, бозбала кезінде барымтада қаза болған Болсамбекті және өз қызы Тайбаладан туған Ізқұттыны бауырына салып өсірген.

Құнанбай алған бетінен қайтпайтын қатал басшы болғанымен анасының сөзін екі етпепті. Сол себепті Құнанбайға ісі түскен кісілер ең алдымен оның шешесіне жолығады екен. «Алып анадан, тұлпар биеден туады» демекші, Құнанбайдай дара тұлғаны өмірге әкелген ана – Зере әже болатын. Ақылды, мейірімді Зере әже Құнанбайға ғана емес, өзінің сүйікті немересі Абай Құнанбайұлыға да үлкен әсер еткен. Абайдың ұлт ақылманы, Хәкім дана болып өсуіне Зере әжеміздің ролі ерекше болған. «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, қазақтың анасы» деп Бауыржан Момышұлының баға беруі тегін емес.

Немерелері ішінде Абайды ерекше жақсы көріп еркелеткен, оны бала күнінен өлең-жырға шыңдап, ақынның болашағына үлкен әсер еткен. Абайдың молда алдына сабаққа барғанына ең бірінші қатты қуанған әжесі еді. Ғабитхан молдадан әріп танып, сауатын аша бастаған немерелерін қызықтаған асыл әже балаларға оңаша киіз үй тіккізіп, оның жылы болуын да қадалаған. Абайдың оқуға зеректігін байқап, оған жете көңіл бөлген Ғабитханды үйінің төріне отыратын ең сыйлы адамының дәрежесіне жеткізген де зерделі Зере әже еді.

Дінәсіл Малдыбайқызы

Дінәсіл Малдыбайқызы 1820 жылы дүниеге келіп, 1907 өмірден өткен. Мұхтар Әуезовтың әжесі, Әуездің бәйбішесі, Омарханның анасы, Ақтайлақ бидің шөбересі. Найман ішіндегі Сыбанның беделді адамдарының бірі Жарқынбайдың қарындасы – Дінәсілден Омархан дүниеге келген.

Ақылды, мейірімді, жұмсақ мінезді адам болған. Немерелері ішінен өзі өте жақсы көретін сүйкімді, кішкентай Мұхтарды еркелетіп: «Қоңыр қозым» деп атаған. 6 жасар Мұхтарды Абайдың киіз үйіне апарып, ақ батасын алғызған. Дінәсілдің сөзге шешен, кісілік қасиеті Мұхтар Әуезовтің бойына дарыған. Жазушы өзі туралы мақалаларында әжесін құрметпен еске алып былай деген: «Әжем мен атам бізді күндізтүні кітаптың бетінен түсірмейді. Әсіресе Абайдың өлеңдерін оқытып, мағыналарын талқылап берді. Кешкі дастарханда ол маған әр ырғақты, әр ойды түсіндіруге тырысатын».

Қызтумас әже

Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» повесінде: «Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кісі екен. Ондай ару ол кезде ел арасында некенсаяқ», деп әжесін суреттей келе берген тәрбиесі жайлы былай дейді: «Әжем малдың «тілін» ұғуды үйретуші еді. - «Қозы маңырайды, бұзау мөңірейді, құлын кісінейді, бота көзі мөлдіреп ақсайды, қодық ақырады...» Әжем маған зұлым қасқыр, жымысқы түлкі, дәрменсіз қоян, сүйкімді құс, сұрапыл сұңқар жайлы ертегілер айтатын...».

«Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Ал менің кәрі апам Қызтумас ертекті, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті, Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі құлағымда тұр. Бөстекке отырып алып, басымды бауырына қысып, кәрі алақанымен арқамнан томп-томп қағып қойып: – Балам менің қайда екен? – Қыздарменен тауда екен. – Тауда неғып жүр екен? – Алма теріп жүр екен. – Алмасынан кәнеки? – Жаңа теріп жүр екен. – Қызыл алма қолында – Қыз-бозбала соңында, – деуші еді-ау», – деп еске алады шығармасында.

«Әжемнің әрбір айтқан сөзі мен үшін заң еді» – дейді Бауыржан. Әжесі балаларын еркелетіп қана қоймай, өмірге дайын болуға баулиды. Батыр атамыздың «Мені ер азамат қылған – әжемнің сөзі мен тәрбиесі» деуі содан.

Қызтумас әже тек Бауыржанның әжесі ғана емес, қазақ әйелінің даналығы мен мейірімінің, ұлттық тәрбиенің белгісі ретінде сипатталған. Өмірдің талай қиыншылығын көрсе де, сабырын серік еткен, көреген, сөзге шешен адам. Ол ауылдағы үлкен-кішіге ақыл айтатын, ел ішінде беделді ана. Оның әрбір сөзі – нақыл, әрбір ісі – өнеге.


«Иман» журналы, №3, 2026 жыл
Кеулімжай ҚҰТТЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру