Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Пайдалы кеңес: ҚҰРАН ОҚУ

18.08.2015 7085 0 пікір

Құранды өміріңнің өзегіне айналдыр. Өйткені «Құрансыз өмір сүру деген – Алла Тағаласыз өмір сүру» деген сөз. Алла Тағаламен әрі өзімен танысқысы келген адам Құран оқысын. Оқу мен амалға асыруды егіз қозыдай алып жүру қажет. Алланың елшісімен танысқың келсе, Құран оқы. Алла Тағала мен елшісінің арасындағы байланысты өз бойында көргісі келген адам Құран оқысын.

Құран оқылмай тұрыпойың мен жүрегіңді бір сүзіп шық. Құран оқуға дайынсың ба? Яғни ақыл мен жүрегің бос нәрселерден арылған ба? Егер ой мен сезімің сөз патшасын қабылдауға дайын болмаса, көңілің жай таппай мың құбылып тұрса, Құранға жақсылап дайында.

Құран оқитын кезде, өзіңді Алла Тағаланың алдында тізелеп отырғандай сезін. Яғни Раббың саған сөйлеп тұр, сен Оның бір әріпін естімей қалмайын дегендей сезіммен оқы.

Құранды өзіңе түсіп жатқандай оқы. Құрандағы айтылғандардың барлығын мойныңа ал. Әрбір айтылған қиссадағы дара тұлғаның орнына өзіңді қой.

Құран оқығанда жүрегіңнің құбыласын Алла Тағалаға бағыттап, мына дұғаны оқы: «Алла Тағалам мен оған, оны маған құштар қыла гөр. Алла Тағалам Құранды түсінуді нәсіп ет».

Құраннан ең алдымен мухкам (мағынасы ашық, үкімі бар) мутәшәбиһ (астарлы мағына) аяттардың мағынасын және сырларын түсініп оқы.

Мутәшәбиһ аяттарды зерттеудің екі шарты бар: Иман келтіру және мухкам аяттарды тереңдей түсініп алу. Осы шарттар орындалғаннан кейін ғана мутәшәбиһ аяттарды түсінуге бел бу. Мутәшәбиһ аяттарға иман келтіріп қоюмен шектелмей, екінші баспалдаққа көтерілуге әрекет жаса. Мутәшәбиһ аяттардың мәтіндері бір рет, мағыналары мың рет түседі. Бұл аяттар өзі жайлы ойлаған әрбір мүмін мен ғалымдарға неше түрлі сырларын ашады.

Егер Құран оқығанда араб тілін білмейтін болсаі, күнделікті бес уақыт намазда оқып жүрген қысқа сүрелердің мағынасын жаттап ал. Намазда сүрелерді оқығанда мағынасы ойға оралатын болады.

Құран оқуды жақсы меңгерген адамнан (қари) үйрен. Бұл Алла Тағаланың елшісінің әдісі. Оған үйреткен ұстазы Жәбірейіл (а.с.) болған. Оқу терең түсінуді, терең түсіну амалға асыруды талап етеді.

Құранға өз пікіріңді қосушы болма. Бір аятты дұрыс түсіну үшін мына жайттарға көңіл аудар:

а) Сол аятқа түсініктеме беретін яки толықтыратын басқа аяттар бар ма?

ә) Сол аятты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қалай түсіндіргені, түсінгені және қалай амалға асырғандығы?

б) Сол аятты белді сахабалар қалай түсінді және қалай амалға асырды?

Құран кері әсер беретін қауіпті қару сияқты екендігін де естен шығарма. Мұны Құран тілімен айтар балсақ «мүміннің иманын арттырып, залым мен кәпірдің ызасын үдейте түседі».

Күн сайын жанұя, әулетіңмен бірге Құранның кішкене бір бөлімін түсініп оқуды әдетке айналдыр.Оларды да Құранмен таныстыр. Мұны үйреншікті халге келтір. Ас ішу үшін ешкімнің ескертуін қажет етпегенің сияқты Құран аятын оқу үшін де біреудің түрткісіне қарап қалма. Жүрек пен рухтың аш қалуы, асқазанның аштығына мүлде ұқсамайтынын естен шығарма. Мұның ақыры орны толмас өкінішке апарып соқтырады. Ақылдың азығы шындық, жан азығы осы шындықтың иманға айналуы. Толығымен иманға айналуының негізі – Құран. Жалған мәліметті иманға айналдыру, у ішкенге ұқсайды. Сезім мен ойдың улануы тамаққа уланғаннан әлде қайда қауіпті.

Балаларыңа ертегінің орнына хазіреті Ибраһим (а.с.), хазіреті Исмайл (а.с.), хазіреті Мұса (а.с.), хазіреті Жүсіп (а.с.), хазіреті Иса (а.с.), пайғамбарымыз Мұхаммед  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) және т.б. да пайғамбарлардың қиссаларын айтып бер. Олардың таза санасы басқада улы заттармен уланғанша, Құранда келген ұлы тұлғаларымен толтыр.

Құранды оның түскен адамдары мен сол кездегі жағдайды, Құранмен алғаш танысқан қоғам мен Құран түскен Пайғамбарды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) танығың келсе, сүннеттің негізі болып саналатын хадис, сияр кітаптары мен сахабалардың өмірін баяндайтын еңбектерді оқы. Құранды жете түсінудің жолы осы арқылы екенін естен шығарма. Құранның өзегімен тек осылай танысасың.

Ақыл мен жан дүниенің ақысын Құран мен хадистер жаттау арқылы бер. Мәдеиеттілігің артып, әдеби қорыңның ауқымын кеңейте түседі. Құранның географиялық аймағының алуан түрлі климаттары болып саналатын әртүрлі сүрелерінен еш болмаса кішігірім бөлімдерін жаттап ал. Намазда Құранның мағынасын түсініп оқы. Сонда ғана намаздан ерекше әсер аласың.

Сен Құран Кәрімді ережесімен жаттап, соған сай амал етсең, ақыретте дәрежеңді көтереді. Және де саған шапағат ететінін естен шығарма!

Дайындаған:
muftyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру