Соңғы кезде әлеуметтік желілерде «Ред флаг» (red flag) ұғымы жиі талқыланып, өзекті тақырыптардың біріне айналды. Атауы ғана жаңа демесеңіз, негізі бұл ұғым адам өмір сүретін барлық қоғамға, ұлтқа, елдерге тән және әуелден бар. Өйткені оның мағынасы қарым-қатынаста, отбасында, достықта немесе жұмыс ортасында адамның мінез-құлқындағы ескерту белгісі, яғни кейін үлкен мәселеге айналуы мүмкін қауіпті нышан дегенді білдіреді.
«Қызыл жалау» немесе қызыл түс әдетте қауіптің (дабыл) немесе тоқтаудың белгісі (мысалы, бағдаршам, жол ережесі белгілері) ретінде қабылданса, қазір ол адамның бойындағы немесе белгілі бір жағдайға байланысты «қауіп туралы алдын ала белгі» ұғымына айналды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық, ұрып-соғу мен қатігездік көп жағдайда ер адамдарға қатысты болғасын ред флаг соларға телініп жүр. «Тредс» әлеуметтік желісін аша қалсаңыз, күніне жоқ дегенде бір жазбаның «ред флаг еркектер» жайлы екенін көресіз.
Елордалық отбасы және балалар психологы Айсұлу Қалағанова «Ред флаг тек ер адамдарға қатысты ма?» деген сұрағымызға былай деп жауап берді: «Негізі ред флаг деп бір адамның екінші адамға өзара қарым-қатынаста сөзімен не ісімен зиян тигізуін айтамыз. Оған шектен тыс қызғаныш сезімі, манипуляция, агрессия көрсету, іс-әрекетімен зұлымдық көрсету немесе жауапкершіліктен қашу жатады. Демек, ол жыныс талғамайды, ер-әйел деп бөлінбейді».
Ред флагты қазақы танымда «жаман адам», «зұлым адам» деп түсіндіруге болады. Бірақ ол адамның мінезіне, ішкі сезіміне қатысты болғандықтан, оны өзгертуге болады. Әрбір зұлым адамда ред флаг көрінгенімен, ред флаг байқалған әрбір адам «жаман» деген санатқа жатпайды. Одан кейін кейбір адам өзгелер алдында басқа кейіпте, ал үйінде, өзінің шаңырағында басқаша мінезде көрінуі мүмкін. Сол себепті де ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – әйеліне жақсы болғандарың. Араларыңда әйеліне ең жақсы болған адам – менмін» деп өзін күллі үмбетіне үлгі еткен. Біреу қайтыс болса, ол туралы алдымен үй-ішінен сұралатыны да тегін емес. Өйткені шын мәнінде ер адам түзде көркем мінезді көрініп, елдің алғысына, ықыласына бөленіп, ал үйінде дөрекі болып, бойынан ред флаг көрініп жатуы ықтимал. Демек, адамның шынайы бейнесі түзде емес, үйінде, өзінің балашағасының ортасында көрінеді екен.
Енді әңгімемізге арқау болған ұғым – ред флагты әрбір адам өзінің бойынан көре ала ма? Бұл сауалдың да жауабын Айсұлу Қалағановадан білдік:
«Әрине, егер адам өзінің мінезіне, сөзіне, іс-әрекеті мен ой-пікіріне объективті түрде қарай алса, өзінен ред флагты көре алады. Ал біздің қоғамда өзінен мін көре алатын адам жоқ демесек те, көп емес екені анық. Өйткені әңгіме барысында өзінің кемшілігін айтып, ағынан жарылатын адамдар кемде-кем. Керісінше, біреудің мінін көріп, кемшілігін тізіп отыратындар бар. Ондай адамдар, өкінішке қарай өзінің бойындағы ред флагты байқай алмайды. Ал енді ред флагты бойымыздан қалай байқай аламыз деген сұраққа өзімізді зерттеу қажет деп жауап береміз. Себебі адам өзінің ісәрекетін, эмоциясын зерделеп, қарым-қатынаста өзге адамдарға зияным тимей ме, біреудің көңіліне қарап сөйлеймін бе, агрессия білдіріп қоям ба, отбасында ата-анама, жұбайыма, балаларыма манипуляция әдісін қолданам ба деген секілді сұрақтарды өзіне қойып, оған шынайы жауап беруі керек. Одан кейін зерттеу тәжірибемде бір байқағаным, өзінен ред флагты көре алған жан өзін «жаман адаммын» деп айыптап жатады. Бірақ әсте олай емес. Өйткені біз бойымыздан ред флагтың белгілерін байқайтын болсақ, ол жаман адам екенімізді білдірмейді. Қайта өзімізді тануға және адамдармен қарым-қатынаста өзімізге жауапкершілік алып, соған оң ықпалын тигізуге көмектеседі».
Ред флаг нақты қандай істерде көрініс табады дегенге келсек, адамның өтірікті әдетке айналдыруы, ашуланғанда өзін ұстай алмауы, үнемі өзгелерді кінәлап жүруі, қате-кемшілігі үшін кешірім сұрай алмауы, адамдардың жеке шекарасын сыйламауы, ата-анасына, өзінен әлсіз адамдарға, қызмет көрсетушілерге дөрекі қарауы, ерлі-зайыптылар арасында шектен тыс қызғанышты «махаббат» деп, ал бақылауды қамқорлық ретінде қабылдатуы және жоғарыда психолог маман айтқандай жауапкершіліктен үнемі қашуды айтсақ болады. Уәдеде тұрмау мен өзгенің айтқан сынын көтермеу де – ред флаг белгісі.
Алайда, ред флагты анықтауда мінездің қайталануы, адамның өз қателігін мойындауы және түзелуге талпынысы маңызды. Діни жағынан қарасақ, мінезді өзгерту нәпсі тәрбиесінен басталатыны сөзсіз. Жоғарыда аталған жағымсыз әрекеттің бәрі – үлкенді-кішілі күнәлар. Ондай белгілер бойында бар адам мұсылман болса, Алла Тағалаға тәубе етіп, кешірім тілеуі керек. Адамдарды ренжіткен болса, кешірімін алуға тырысып, оларға жақсылық жасау ләзім. Сол кезде бойдағы ред флаг «грин флагқа» (green flag) айналады. Бұл кезінде Ислам дінін қабылдаған сахабалардың жақсы жаққа өзгеріп, мінезі мен істерін көркемдей түскенін еске салады.
Түйіндей келгенде, әрбір адам күнделікті айнаға қарап, киімі мен шашын түзейтіні, денесінің тазалығына мән беретіні секілді, ішкі жан-дүниесіне де сәт сайын көңіл бөліп, өзгенің емес, өзінің кемшілігімен күресуі тиіс. Сондай-ақ әрбірімізге данышпан Шәкәрім қажының: «Біреудің мінін көргенше, Жамандығын тергенше, Өз ойыңды мазалап, Өз бойыңды тазалап, Өзіңмен алыс өлгенше!» деген өсиетін есте ұстаған абзал.
Ермұрат Назарұлы
«Иман» журналы, №10, 2026 жыл
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ермұрат Назарұлы
«Иман» журналы
21.10.2026
32
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру