Имамды мешітте қызмет ететін діни қызметкер ретінде ғана танып, бағалап жатамыз. Дегенмен елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауға өлшеусіз үлес қосып жүрген патриот азамат, халықтың діни сауатын ашқан рухани ұстаз, қоғамның тұтастығын сақтауға атсалысып жүрген жан сияқты көзге көріне қоймайтын қаншама еңбегін елемей жатанымыз рас. Расында имам деген кім? Қал-қадірімізше жауап беріп көрейік.
Имам – мешіттің ішіне ғана жауапты емес, тұтас бір ұлттың, мәдениеттің, елдің бірлігіне тікелей жауапты тұлға. Имам – мұсылман қауымының ең бірінші тұлғасы, ұстазы, айнасы. «Имам» сөзі араб тілінде «қоғам айнасы, жетекші, көшбасшы» деген мағыналарды білдіреді. Алла мен адамдар арасындағы құлшылық парызын өтету арқылы басталған имам қызметі Ислам тарихында көптеген белестен өтті. Кешегі атеистік кеңестік режим кезінде Алласыз қоғам құру, ұлтсыздандыру саясатына негізделген идеология имам атауының өңін айналдырып жағымсыз етіп көрсетті.
Имам – тұлға. Имам – ісі мен білімінің, амалы мен хәлінің тұтастығынан нәр алып, дінге, қоғамның ішкі тұрақтылығы мен баяндылығына өз өмірін арнайтын, Хаққа қызметін халыққа қызмет ету деп білетін саналы, жан-жақты білімді азамат.
Имам – дінге шақырушы. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай дәрежедегі имам болғанын барша мұсылман біледі. Өз қарамағындағы жамағаттың адал ас жеуін, құлшылығының мығым болуын, әділетсіздік жасамауын қадағалап, мейіріммен қарай біліп, зор сенімге ие болды. Соған сай жамағат та өз имамын барынша қорғаштап, оған зиян келтіргісі келгендерге қарсы тұрып, айтқан өсиеттерін жерге тастамады. Демек имам ең алдымен тақуа, әділ әрі жанашыр бола білсе, жамағатының құрметіне бөленбек. Жалпы жамағат пен имамның арасында сенім, құрмет болған жерде діннің өркендейтіні ақиқат.
Имамдық қызмет, әрине құлшылыққа шақырумен, дінді уағыздаумен, Құран оқумен ғана шектелмейтініне біраз мысалдар келтіруге болады. Мысалы, қаншама қайырымдылық шаралары, мекеме, кәсіпорын, оқу орындарындағы насихат жұмыстары, келіссөздер, сауат ашу жұмыстары, ата-анамен жұмыс, мәдени шаралар, жат ағымдармен күресті үйлестіру жұмыстары үлкен күшпен, жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Одан бөлек мешіт қызметін жүргізу, шәкірт дайындау, жамағат бірлігін сақтау, діни рәсімдерді өткізу өз алдына маңызы зор еңбек.
Имам – пайғамбарлардың мұрагерлері. Ал пайғамбарлар артына мал-мүлік емес, адамдарды ізгілікке бастайтын шариғат пен жәннатқа апаратын сара жол тастап кетті. Сол жолды жалғастыру, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – имам-молдалардың басты ұстанымы. Оларға бойұсыну мен жақсылықта жәрдем көрсету – біздің міндет. Ардақты сахабалардың бірі Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бойұсынса – Аллаға бойұсынғаны. Кім маған бойұсынбаса – Аллаға бойұсынбағаны. Кім басшыға бағынса – маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса – маған бағынбағаны», – дейді. Бұл халықтың өз басшысына бойұсынуы қажет екенін дәлелдейтін хадис.
Имам – Аллаға иман еткендердің барлығы үшін басшы. Алайда басшының салиқалы, әділ болуы оның артынан ергендерге де байланысты. Адамдар иманды, салиқалы бола бастаса, Алла оларға да адал басшы нәсіп етеді. Ал адам баласы иманы әлсіз, алдап күн көруші болса, оларды алдап өмір сүретін басшы басқарады. Яғни басшылар бағынушылардың амалдарының айнасы іспеттес. Ол туралы атамыз қазақ «Халық соқыр болса, патша қыли болады» деген. Ендеше имамдарымыздың иманды болу мен адамдардың ізгі жолға түсуі бір-біріне тығыз байланысты.
Бүгінгі заманда түрлі мінезді, түрлі ойлы жамағатты біріктіріп, бір арнаға тоғыстыру имам үшін оңай қызмет емес. Олардың әрбірінің пікірімен санасып, бейтіт түрде, мейірімділікпен мәселесін әділ шешу имамға байланысты. Сол себепті де имамдық – жауапкершілігі зор қызмет.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Және олардың да сауабынан еш кемімейді», – деп айтқан. Осы хадистен-ақ имамдық қызметтің жүгін аңғаруға болады.
Имамның бес уақыт намаз өткізуі, насихатқа шақыруы ең алдымен жамағат алдында өтеді. Жамағат деген – халық, мұсылман бауырлар. Бұл екеуінің қатынасы жақсы болса, қоғамда түсіністік пен сенім болары сөзсіз. Жамағат қатары көбейсе – имам еңбегінің нәтижесі. Олай болса, Ислам діні үшін тер төгіп, татулықты сақтауда, адамгершілікті үндеуде, мейірімге шақыруда, тақуалықтың үлгісін көрсетіп жүрген имамның қадірін біле жүрейік.
Кеулімжай ҚҰТТЫ
«Иман» журналы, №10, 2024 жыл
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру