Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АТ ТЕРГЕУДІҢ АСТАРЫНДА НЕ БАР?

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 03.05.2023 3813 0 пікір
АТ ТЕРГЕУДІҢ АСТАРЫНДА НЕ БАР?

«...Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып, тез келіңіздер!..» Бұл – Өзенбай мен Қамысбай, Қойлыбай мен Қасқырбай, Қайрақбай мен Пышақбай деген қайнағаларының атын атай алмай, қорадағы қойға қасқыр шапқанын көріп, көмекке шақырған келіннің тауып айтқан сөзі. Ат тергеуге қатысты әңгіме бола қалса, осы тауып айтылған сөз бірден ойға келеді.

Қазақ дүниетанымындағы ат тергеу салты бүгінде келіндердің қайын жұртындағы туыстарының атын ата-мау шеңберінде қалып қойды. Ат тергеу салтын ұстанып, яғни күйеуінің туыстарын басқа атпен атап жүрген келіндер некен-саяқ. Мәселен, қанша қысылса да, баласын дәрігерге көрсетерде оның тегін айту үшін амалсыз қайнатасының атын атауға мәжбүр. «Келіндерден бөлек, кез келген жастағы ер немесе әйел адамдар жасы үлкен кісілердің атын атамай, Есенді «Есаға», Асанды «Асеке» деп атауы ат тергеудің қазақтар үшін әдеп нормасына айналып кеткенін білдіреді» дейді фольклортанушы Болат Қорғанбек. Оның айтуынша, көнеден келе жатқан ат тергеу адамдардың аты ғана емес, жан-жануар, абстрактілі дүниелер, мәселен, ауру, сырқат атаулыға да қолданылған.

«Бұрын ата-бабамыз қауіп төндіретін заттардың да атын атамай, орнына басқа сөз қолданған. Мысалы, қасқырды «ит-құс», жыланды «түймебас» деп атаса, соқыршек ауруын емдеу мүмкіндігі болмаған соң «көктүйнек» атаған. Ол түгіл жеңіл-желпі аурулардың атын атасақ, қағынып кетеді деп түсінген. Мысалы, көзге теріскен шықса, оны «керіскен» деп айтқан. Тіпті қару-жарақтың атын тергейтін болған.

Мұсылманның халі үміт пен үрейден тұрады. Қатты үміттеніп қауіпті ұмытып кетпеу, қауіпті ғана ойлап үміт үзбеу, яғни әр нәрсенің ортасын ұстану – мұсылманның мұраты. Міне, осы сенім бабаларымыздың бойында болған. Сол себепті ат тергеу жақсы көретін, қорыққан және қауіптенген нәрсесіне қатысты қолданысқа енген. Мысалы, қазақ әйелдері жақсы көретін адамынан айырылып қалам деген қауіппен күйеуінің атын атамаған. Өмірлік серігін отағасы, әкесі, атасы деп шақырған. 

Енді ат тергеу деген жақсы көру мен қорқу сезімдерінің негізінде ескі түсініктермен байланысып, кейін Ислам дінімен астасып бірге өмір сүріп келген болса, содан барып қазақтың әдеп нормасына айналып кеткен. Қашаған Күржіманұлының:

Ибаның әдеп қақпағы,
Қақпағы қымтап жабылса,
Шайтанның қиын ашпағы.
Әдеп, ақыл жоқ болса,
Тәкаппар, ашу көп болса,
Иманның оңай қашпағы, – деуі тегін емес. Қиын-қыстау сәттерде үлкеннің атын атамай, әдеп сақтау, басқа сөздермен алмастыру адамның парасатын, тапқырлығын көрсетеді. Әсіресе қазақтың келіндері қайын жұртындағы көзі тірі адамдардан бөлек қайтыс болып кеткен бабаларының, тіпті рудың да атын атамай, басқа сөздермен алмастырып отырған» дейді фольклортанушы.

Демек ат тергеудің астарында әдептілік, сыпайылық ұғымы жатыр десек, мұның Ислам дініндегі көрінісі де көркем. Адамдардың өзара сыйластығы мен құрметін білдіретін, ренжісуден сақтайтын әдептіліктің бір жолы – иесі жақсы көретін, көркем есімдермен атау. Бұл жөнінде «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабының авторы, исламтанушы Думан Сайфулла былай дейді: «Әділетті халифа Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Үш сипат бауырыңның саған деген махаббатын арттырады. Олар – оны кездестіргенде сәлем беруің, жиында орныңнан жылжып қасыңа отырғызуың, оны өзі жақсы деп таныған есімдерімен атауың», – дейді. Сол сияқты адамды өзі ұнатпайтын есімдермен атау бауырмалдықты бұзып, арада реніш пен кек тудырады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Бір біріңе жаман лақап қоймаңдар. Иман келтіргеннен кейін пасықтық нендей жаман», – дейді («Хұжурат» сүресі, 11-аят). Исламға дейінгі дәуірде адамдар бір-біріне жаман ат қойғанына байланысты аталмыш аят түсіріліп, кейіннен бұл іске тыйым салынған.

Араб халқында адамның есімін үш түрлі атайды. Оның бірі өз есімі, екіншісі «куния» деп аталады. Яғни пәленшенің әкесі, пәленшенің анасы деген атаулар. Мысалы, Әбу Абдулла – «Абдулланың әкесі», Умму Халид – «Халидтің анасы». Ал үшіншісі – «лақап ат». Бұған ардақты Пайғамбарымздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірді «Сиддиқ» (шыншыл), Омарды «Фаруқ» (ақиқат пен жалғанды ажыратушы), Османды «Зи-н-нурайн» деп атағаны және де басқа да сахабаларына лақап ат қойғаны мысал болады. Бұлайша адамға өзге атау беру ол адамға деген құрметтің белгісі ретінде танылады. Мәселен, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мұхаммед есімінен бөлек Ахмет, Махмұд, Мұстафа аталуы да ол кісінің ерекше дәрежесін көрсетеді. Құран Кәрімнің де Фурқан, Хақ, Шипа, Нұр деген сияқты өзге де атауларының болуы асыл кітабымыздың дәрежесі мен қасиетін білдіреді. 

Қазақтың ат тергеу дәстүрі адамға деген құрметті білдіреді. Яғни жаңа түскен келіннің өзінің қайын жұртындағы адамдардың есімін атамай, оларға белгілі бір ат қою дәстүрі – келіннің тәрбиесі мен әдебінің көрінісі. 

Қорыта келгенде, көнеден келе жатқан ат тергеу дәстүрі – келіндер ғана емес, ер-азаматтар да, балалар да ұстануы қажет әдеп нормасы. Сол себепті атымызды атап, түсімізді түстегеннен гөрі, құрметтеп немесе еркелетіп, келісті есімдермен атасақ, керемет болар ма еді?!

 

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

«Иман» журналы, №3, 2023 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру