Жуырда Бас мүфти, дін қайраткері Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» кітабы қолыма тиді. Бас мүфти қасиетті Құран аяттарындағы теңдессіз адамгершілік құндылықтарды, ізгілік қағидаттарын, ұлы идеялар мен даналық дәрістерді, тағылымды көркем насихатты, сонымен қатар ары да, жаны да, қолы да, жүрегі де, пейілі де, сезімі де таза, сыртқы сымбаты мен ішкі болмысы, сөзі мен ісі бірдей келіскен, мөлдір қасиеттерге ие адал мұсылманның шынайы болмысын нақтылы айғақтармен, шынайы парасатты тәмсілдермен, деректі мысалдармен дәйектеп, жандандырып пайымдайды.
Ата дініміз Ислам – мұсылман әлемінің құбыланамасы. Түзу жол көрсетуші, адамзатты ізгілікке бастаған нұрлы жол десек, адалдық – сол жолдағы ең асыл қасиет. Иә, исламның баға жетпес құндылықтары мен қазақ халқының мыңжылдықтар бойы жинақталып, жүйеленіп, сұрыпталған дәстүрлі дүниетанымымен, ұғым-түсініктерімен, пайдалы пайымдауларымен өзара сабақтастыра оқырман зердесіне ұялату – дін қайраткері Наурызбай қажы Тағанұлының басты ұстанымы. Және де иман, амал, сенім, харекет, мінез, әділдік, адалдық бір-бірлерімен төркіндес, іліктес ұғымдар екенін бажайлап түсіндіреді. Мәселен, адалдық (ойдың тазалығымен, ниеттің дұрыстығымен, сөздің шынайылығымен, істің әділдігімен тамырлас) – мұсылманның тәжі, рухани өмірінің түпқағидасы.
Автор өз еңбегінде кесек-кесек мынадай тақырыптарда ой өрбітеді: «Ислам – өмір салты», «Адал мұсылманның бейнесі», «Құлшылық пен адалдық», «Қоғам және мұсылман», «Қазіргі заман және Ислам». Әрбір мұсылман адалдықты ту етіп үлпілдетіп ұстаса, қоғамда әділдік салтанат құрып, жемқорлық жоғалар еді деп жазады.
Ұлт мұраты – қоғамды ізгілендіру, сәулелендіру. Рухани-адамгершілік құндылықтар өркен жайған жағдайда, ел де бақ-берекелі, мәдениетті болары хақ. Рухани кемелдік – қоғам өмірінің гүлденіп көркеюінің кепілі.
Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» еңбегінде Исламның негізгі қағидалары (кәлима айту, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылық жасау) мен иманның шарттары (Аллаға, періштелерге, қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, ақырет күніне иман келтіру, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екеніне сену, өлгеннен кейін қайта тірілуге сену) жік-жігімен, нақ-нағымен сараланып түсіндіріледі. Сонымен қатар иман қағидаттарын әуелі жүрекпен, содан кейін тілмен растау қажеттігін ерекше ескертеді.
Ислам дінінің қоғаммен тікелей байланысын айтқанда, дінді сақтау, өмірді сақтау, («бір адамды өлтіру күллі адамзатты өлтіргенмен тең»), ақыл-есті сақтау («Ақыл – Хақты табудың құралы»), ақ некені сақтау («Ұрпақ жалғастығы мен тектілігін сақтау»), дүние-мүлікті сақтау («өзгенің мүлкіне қол сұғуға, ұрлыққа, пайыздық өсімге, құмар ойындарына қатаң тыйым») сияқты бес құндылықтың ерекшеліктерін саралап сипаттайды.
Адал мұсылман болмысын зерделеуде автор Құран аяттарына жүгінеді: «Уа, иман келтіргендер! Алла үшін қолдарыңнан келгенше турашыл, куәлікке жүргенде қара қылды қақ жарған әділ болыңдар!» («Маида» сүресі, 8-аят) немесе: «Расында Алла әділдікті (Алланы көріп тұрғандай), игі істер істеуді және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп, Алла сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді» («Нахл» сүресі, 90-аят). Я болмаса: «Оларға айт: «Раббым (әрбір істе) әділ, тура болуды бұйырады...» («Ағраф» сүресі, 29-аят).
Шынында да әділдік, турашылдық – лидерлік мінезді, стратегиялық ойлауды, патриоттық рухты тілейді. Әділдігіне адалдығы сай ақылды басшы – елдің бағы. Әділдігімен мәшһүр болған халифа Омар туралы Сағд ибн Әбу Уаққас бір даулы мәселе хақында былай дейді:
«Әкім Сағд ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын) мәселені былай деп түсіндіреді: қазіргі халифа Омармен (Алла оған разы болсын) Исламнан алдын жолдас едік. Бірде екеуміз 200 түйені алып, сауда мақсатында Иранға бардық. Сол жерде біреулер түйелерімізді, ақшамызды тартып алды. Сандары көп ұйымдасқан топ еді. Біз ештеңе жасай алмадық. Көңіл-күйіміз түсіп, ескі бір керуен сарайға барып паналадық. Керуен сарайдың иесіне жағдайымызды түсіндірдік. Сарайдың иесі жақсы адам еді. Ол бізге: «Патшаға барып жағдайларыңды айтыңдар, ол әділ адам. Міндетті түрде сендерге көмектеседі», – деді. Біз ертесі таңертең патшаның құзырына барып, тілмаш арқылы жағдайымызды айттық. Нүширауан патша бізді тыңдап, бір дорба алтын беріп, елімізге қайтуды бұйырды.
Мәселеміз шешілмеген соң көңіл-күйіміз түсіп, керуен сарайға қайта келдік. Сарай иесі мәселені естіп: «Бұл жерде бір шикілік бар. Бірге барайық, мен сендерге тілмаш боламын», – деді. Бізді қайта патшаның қабылдауына алып барды. Жағдай сарай иесінің айтқанындай болып шықты.
Біз ештеңе түсіне алмай құзырынан шықтық. Кешкісін 200 түйемізді есіктің алдына алып келді. Таңқалдық. Сонда жағдайды білейік деп сарай иесінен сұрадық. Ол: «Сендердің түйелерің мен ақшаларыңды тартып алған патшаның үлкен ұлы мен уәзірі екен. Бұлар бір ұйымдасқан топ құрған. Жағдайы жоқтар мен шеттен келгендердің дүние-мүліктерін тартып алумен айналысып жүр екен. Сендер алғаш барғанда тілмаш бұны түсінген. Бірақ ол да солардың бірі болғандықтан сөздеріңді Нүширауан патшаға басқаша етіп аударып алдайды. Мен сендермен барғанда жағдайды айттым. Патша оны түсінді. Алайда неге қақпадан бөлек шығуларыңды айтқанын түсінбедім», – дейді.
Ертесі таңертең мен шығыс қақпадан шықтым. Қақпаның алдында екі адамның дарға асылып тұрғанын көріп, олардың кім екенін сұрадым. Сөйтсем біреуі Нүширауанның үлкен ұлы, екіншісі уәзірі екен. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) шыққан қақпаның алдына патшаны алдап, ұлы мен уәзірін қорғап қалған бізге тілмаш болған адамды дарға асып қойыпты. Халифа Омар (Алла оған разы болсын) саған берген хатта: «Білесің, мен Нүширауаннан әділдікте кем емеспін», – деп маған сол оқиғаны есіме салып отыр. Ол дегенің «халыққа зұлымдық етсең, әділдік үшін сені дар ағашына асамын», – дегені. «Енді мәселені түсінген боларсың, не үшін бозарып кеткенімді», – дейді.
Алтын Орда дәуірінің шайыры Сайф Сараи (1321-1396): «Екі кісі елдің және діннің дұшпаны: бірі сол – сұлтан болып, әділдік қылмаса, екіншісі – тақуа болып, ғылымы болмаса», – деп пайымдаған.
«Құлшылықтағы ықылас» туралы тараушасындағы жанды пікірлердің тағылымына да қызығасың. Не нәрсені істесең де, кәсіппен шұғылдансаң да, әңгіме-хикаят тыңдасаң да, сөз сөйлесең де, оқысаң да, мейірім, ықылас, ынта, қызығушылық керек-ақ. Әсерленбесең, ойың да, санаң да, рухың да, көңілің де көркеймейді. Осы ретте Хатимул Асам әулиенің намазды ынтамен оқу хақындағы пікірі мейлінше мағыналы:
«Әуелі намаз үшін қажет болған дайындықты көркем түрде орында. Одан кейін Қағбаны көз алдыңда, сырат көпірін аяғыңның астында, жәннатты оң жағыңда, тозақты сол жағыңда елестет. Желкеңде Әзірейіл жаныңды алайын деп күтіп тұрғанын ойла. Сосын: «Осы намаз өмірімдегі ең соңғы намазым» деп, қорқыныш пен үміт халінде әлемнің Раббысының алдында тұрғаныңды сезін. Шын жүрекпен тәкбір айт. Ақырын және мағынасын ойлай отырып, Құран сүрелерін оқы. Қарапайымдылықпен рүкүғқа бар, хұшуғпен сәжде жаса. Денең намаздың негізгі шарттарын орындай берсін, бірақ рухың, яғни көңілің үнемі сәжде күйінде болсын және бір сәт те болса Алламен бірге екендігіңді ұмытпа!..».
Мұсылман баласы кез келген іс-әрекетінен рухани ләззат алғаны ләзім, сондай-ақ әлеумет ісінде жібі түзу сөз айту, аманат пен уәдеде айнымау парыз.
Адам болмысындағы ізгіліктің сипаттары – әділдік пен адалдық. Бұл ретте мына оқиғаны айтып кетпеске болмайды. «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 629 жылы көрші елдің патшаларын Исламға шақырып, хат жолдайды. Солардың қатарында Византия императоры Гераклға да хат жолдайды. Византия императоры Геракл парсыларды жеңіп, қайтарында Сирияға келген еді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға шақырған хаты оның қолына осы кезде табыс етіледі. Император бұл хатқа ашуланбай, керісінше не екенін білгісі келіп, әрі осы жайында мағлұмат алу үшін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жерлестерінен бірнешеуін алып келуді бұйырады. Осы кезде Әбу Суфиян меккелік саудагерлердің керуенін бастап, Шамға бара жатқан еді. Гераклдің адамдары оларды жолықтырып, императордың алдына алып барады.
Гераклдың қасында Римнің атқамінерлері отырған кезде оларды құзырына қабылдап, тілмаш арқылы олардан:
– Пайғамбармын деген бұл адамға туысқандық жағынан ең жақыны болғаның қайсысың? – деп сұрайды. Әбу Суфиян:
– Ең жақыны менмін, – дейді. Сонда Геракл тілмашқа қарап: «Мен мына адамға пайғамбар жайында бірнеше сауал қоямын. Егер ол маған өтірік айтатын болса, жолдастары жалған екенін білдірсін», – дейді.
Әбу Суфиян: «Аллаға ант етейін, егер өтірік айтар болсам, жолдастарым көпке таратып жіберетінінен қорықтым. Әйтпесе ол жайында өтірік айтар едім», – деген. Содан кейін Геракл бірнеше сұрақ қояды. Соның бірі:
– Пайғамбарлық келгенге дейін өтірік айтқан кезі болды ма? – дегенде Әбу Суфиян:
– Жоқ, – дейді. Геракл:
– Уәдеден тайқып, сертін бұзғанын көрдіңдер ме? – дегенде Әбу Суфиян:
– Жоқ! Бүгінге дейін болған емес. Біз қазірдің өзінде онымен белгілі уақыт аралығында шайқаспауға келістік. Бұл мерзім ішінде не істейтінін білмейміз. Осы серттен тайып кете ме деген қаупіміз де жоқ емес, – дейді. Геракл:
– Ол халықты не нәрсеге шақырады? – дейді. Әбу Суфиян:
– Бізге жалғыз Аллаға құлшылық етуге, Оған еш нәрсені серік қоспауға, аталарымыз табынған пұттардан бас тартуға шақырады. Намаз оқуды, дұрыс жолмен жүруді, жарлыларға садақа беруді, харамдардан бойды аулақ ұстауды, сертте тұруды, аманатқа қиянат етпеуді, туған-туысқа жәрдемдесуді бұйырады, – деп жауап қатады. (Дәмира Өмірзаққызының «Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірі» кітабынан қараңыз: 481-483-беттер).
Әділдігімен де, адалдығымен де елге жанқиярлықпен қызмет еткен халифа Омар мемлекет есебінен мәдиналықтарға мата таратады. Өзі сол матадан тігілген су жаңа көйлегін киіп, мешіттегі мінберге көтеріліп, сөзін бастай бергенде бір адам ұшып тұрып:
«Уа, Омар! Сен біздің алдымызда сөйлеуге хақың жоқ. Себебі кеше қазынадан барлығымызға мата тараттың. Бірақ сол мата киім тігіп алуға жетпеді. Ал өзің киім тігіп алыпсың. Бұл әділетсіздік», – дейді. Сол кезде халифа Омар (Алла оған разы болсын) қасындағы баласына: «Балам, Абдулла! Мұның жауабын сен түсіндіріп берші!» – дейді. Сонда Абдулла: «Әкем кеше маған әрі өзіне екі мата әкелді. Ол мата не өзіне, не маған жетпеді. Кейін әкеме: «Сіз елдің алдында көп боласыз. Мынау жыртық-жамау киіміңізбен жүргеніңіз ұят болады», – деп өз матамды берген едім. Осылай екі матаны қосып бір киім тігіп алып, сіздердің алдарыңызға шығып тұр», – дейді.
Автор әділдігі адалдығына ұштасқан халық қызметкерлерінің өмірінен жарқын мысалдар келтіреді. Мәселен, Құнанбай қажы, хакім Абай, Жанқұтты шешен, Шәкәрім қажы. Бірде бір жолаушы арып-ашып келе жатып, ымырт жабылғанда ауылға жеткенде бір кісі үйіне қарай келе жатыр екен:
– Ассалаума алейкум, – деп сәлем береді. Ол:
– Уағалейкум салам, – деп жауап қайтарады. Мұсылман екен ғой деп қуанып, жолаушы екенін айтқанда әлгі адам үйіне қонақ ретінде шақырады.
Әлгі жолаушы тамағын жеп, шайын ішіп, асқазанына ел қонған соң, жан-жағына қарайды. Үй ішінде кітап пен қағаздан басқа артық зат жоқ екен. Содан үй иесінен:
– Сіз кім боласыз? – деп сұрайды. Үй иесі:
– Әбу Ханифамын, – дейді. Жолаушы:
– Сіз ана атақты ғалым Әбу Ханифасыз ба? – деп таң қалады. Әбу Ханифа:
– Иә, сол ғалыммын, – дегенде жолаушы:
– Сіз өте танымалсыз, мен сізді бір зәулім сарайда тұратын шығар десем, сіз қарапайым үйде тұрады екенсіз. Сіздің үйде кітаптан басқа артық зат жоқ екен, – дегенде Әбу Ханифа:
– Сенде де ештеңе жоқ қой, бір дорбаңнан басқа, – дейді. Жолаушы:
– Сіз қызық екенсіз, мен жолаушымын, маған дүние не керек?! Дорбамда тек керек заттар, орамал, сабыным, жайнамазым, бір үзім наным бар, бір қаладан екінші қалаға бара жатырмын, – дейді. Сонда Әбу Ханифа:
– Маған дүние не керек?! Мен де жолаушымын. Бесіктен шығып, ақыретке кетіп бара жатырмын, – деп жауап береді.
Рухани сұлулық, жан тазалығы, көркем мінез ниет тазалығы мен шынайылықтан туындайды. Адам денесінің патшасы – жүрек болса, ниеттің бастау көзі – жүрек тазалығы. «Жақсының жүрегі – айна іспетті» дейді халық даналығы.
Мұсылмандықтың басты шарттары: адал ризық, қарапайымдылық, кішіпейілдік, шыншылдық. «Шыншылдық жақсылыққа жетелейді, ал жақсылық жәннатқа жетелейді» деген хадис бар.
Наурызбай қажы Тағанұлы бұлар турасындағы ой-пікірлерін философиялық, әлеуметтік, педагогикалық мәні терең ғибратнамалармен тұздықтап сәулеттендіреді.
«Қоғам және мұсылман» дейтін 4-бөлімде ата-ананы ардақтау, жақсылық жасау («Ана – өсіреді, әке – үйретеді»), мейірімділік таныту («Әкең өкінбейтіндей, анаң жыламайтындай өмір кеш»), бала тәрбиелеудегі Ислам құндылықтары («Балаңмен жас кезде Құдай туралы сөйлеспесең, ертең Құдаймен балаң туралы сөйлесесің»), досқа, көршіге, қоғам алдында адалдық («Адал адам – қоғамның ең үлкен байлығы», «Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету»), ер мен әйелдің бір-біріне кіршіксіз адалдығы («Ерлі-зайыптылар – қос қанат»), өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас жайында ой тербеп, келелі кеңестерімен ортақтастырады.
«Қазіргі заман және Ислам» атты бөлімінде ғылым мен білімнің негіздеушісі, жетілдірушісі Ислам екендігін, Алла Тағала иісі адамзатқа әу баста-ақ білімнің сәулесін таратқанын, яғни «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Раббың аса жомарт. Ол қаламмен үйретті. Адамға білмегенін үйретті» («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар) дейтін Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ілім-білімге шақыратын үндеу түскенін, ғаламды тану орайында өз болмысымызды толық тексеруге бұйырғанын, білім жолына ынтықтырғандар пайғамбарлар екендігін мәлімдейді. Мәселен, Адам ата адамзат өркениеті тарихындағы шамшырақ тұлға. Барша тілдер мен атауларды үйреткен. Құранда: «Ол Адамға барлық атауларды үйретті» («Бақара» сүресі, 31-аят) делінген. Сонымен қатар білім берудің мәнісін, әдіснамасын, ұстаздықтың сырларын жетік білген. Ол періштелерге де кеңес берген. «Мен сендерге көктер мен жердің ғайыбын білемін деп айтпап па едім?» («Бақара» сүресі, 33-аят).
Наурызбай қажы Тағанұлының жазуынша, Ыдырыс пайғамбар қаламмен алғаш жазуды, оқуды, кәсіп жасауды, есеп жүргізді, уақыт пен өлшемді жүйелеуді, киім тігуді үйреткен тәлімгер. Нұх пайғамбар болса, Алланың қалауымен кеме жасаған. Дәуіт пайғамбар патша болған, ел басқарған, әділ билік жүргізген, қол еңбегімен күн көрген.
Тегінде, «Білім іздеу – әрбір мұсылманға парыз» (хадис). «Айт: білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» «Зүмәр» сүресі, 9-аят). Еңбекте көрсетілгендей, Құран Кәрімде табиғат, ғалам, ғарыш, адам жаратылысы, ақыл дүниесі, зерттеу, ойлау әлемі турасында 700-дей аят бар екен. Алла Тағаланың ұлы мақсаты – адам баласы он сегіз мың ғаламның жұмбағын шешуге ой жүгіртсе, зейін аударса дегенді меңзеген. «Күдіксіз көктер мен жердің жаратылуында ақыл иелері үшін ғибраттар бар» («Әли Имран» сүресі, 190-аят). Задында, табиғат – ұлы оқулық, ғибратнама.
Дүние жаратылысының хикметін тануға Құран аяттарынан мол мысалдар келтірілген, ғылым мен дінге байланысты Ислам өркениетінде де, түркі-мұсылман ағартушылары еңбегінде де үздік байсалды байламдар жеткілікті қолданылған.
Кітаптың адам баласының рухани жетілу жолында тәрбиелік мәні орасан. Ммінез-құлқын, дүние тану қабілетін, шеберлігін, өмір сүру стратегиясын, имандылығын, тәртібін, әдебін, мейірбандығын, толыққанды құлшылығын (ораза ұстау, намаз оқу, садақа мен зекет беру, қажылық жасау) философиялық, гуманистік, әлеуметтік қырларын барынша айқын дәлелдермен жүйелі толғайды.
«Ақпараттық ғасырдағы мұсылманның міндеті» тарауында заманауи көкейкесті мәселелер, атап айтқанда, рухани құндылықтардың құнсыздануы, әлеуметтік желінің зардабы, ғайбаттау (тілмен жарақаттау) лайықты әшкереленеді. Мысалы, өсекшінің жазасы қандай дегенде, бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабір жанынан өтіп бара жатып: «Мына адамдар азапталып жатыр. Бірақ олар үлкен нәрсе үшін азапталып жатқан жоқ. Оның бірі – өсек тасушы еді..», – деген (Бұхари, Мүслим).
Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» атты кітабының мазмұнын, тағылымын, рухын «адалдық – қоғамға сенім сыйлайтын адамдықтың ең биік дәрежесі», «шындық жақсылыққа бастайды, жақсылық жаннатқа бастайды» дейтін кесек ойлары айқын танытады.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор
«Мұнара» газеті, №21
2026 жылғы 10 қараша



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Серік Негимов
Мұнара газеті
19.11.2026
293
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру