Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ХАҚ ДІН ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНА ҚАЛАЙ ТАРАДЫ?

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ turkystan.kz 01.01.2021 6904 0 пікір
ХАҚ ДІН ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНА ҚАЛАЙ ТАРАДЫ?

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

751 жылы Талас өзені бойындағы Атлах шайқасында қытай басқыншыларына қарсы соғыста түркештерге арабтар көмек қолын созып, нәтижесінде араб-түркеш біріккен қосыны жеңіске жетті. Тарихи деректерде осы Атлах шайқасынан соң түркілердің біртіндеп Ислам дінін қабылдай бастағаны айтылады (В.Бартольд, «Туркестан в эпоху монгольского нашествия»). Демек келер 2021 жылы бабаларымыздың хақ дінді қабылдай бастағанына 1270 жыл толады. Төл тарихымызда маңызды орны бар осы күнді лайықты атап өтіп, ауқымды іс-шаралар өткізудің маңызы үлкен. Бұл тарихымызды танып, дінімізді зерделеп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін аса қажетті қадам. Сол себепті осы мақаламда Ислам дінінің Орталық Азияға қалай тарағаны, бабаларымыздың Имам Ағзам жолын неге таңдағаны, Қарахан мен Алтын орда мемлекеттері тұсында хақ діннің өркендегені, Қожа Ахмет Ясауи мектебінің қалай тамыр жайғанына аз-кем тоқталмақпын. 

 

ӘБУ ХАНИФА МӘЗҺАБЫНЫҢ ТАРАЛУЫ

Алғашқы кезде кейбір түркі халықтарының Исламды қабылдағаннан кейінгі құрған мемлекеттері араб дәстүріне сай құрылды. Мәселен, Мысыр, Шам, Иран топырақтарында құрылған Толуни (874-905, Сажи (890-929), Ихшид (935-969) мемлекеттерін құрушылардың заузаты түркі болғанымен, мемлекет механизмі толығымен араб дәстүріне негізделді. Түркілердің кейінгі құрған мемлекеттері парсы дәстүріне сай құрылды. Олар Қорасан, Сижистан, Мәураннахр аймақтарында құрылған Самани (874-1005), Ғазнауи (962-1186), Тахири (821-873), Мәмуни (995-1017), Алтунташ (1017-1041), Ғұри (1100-1215) секілді мемлекеттер еді. Бұл мемлекеттерді де түркілер құрғанымен, жоғары саяси ұйымдардың сипаттамасы парсы мүддесі мен дәстүріне сай өрілді. Аталған мемлекеттердің тұсында парсы тілі мен парсы мәдениеті дәуірледі. Самани және Ғазнауи кезеңінде Ислам діні Мәураннахрға Әбу Ханифа мәзһабы арқылы тарай бастады. Әсіресе Бұқара мен Самарқандағы Ханафи бағытында құрылған Журжания, Садр, Йадия медреселерінің түлектері аймақта осы мәзһабтың доминант болуына ықпал етті. Кейін бұл үрдіс Қарахан дәуірінде де жалғасын тапты. Тарихи деректерде Орталық Азияға алғашқыда Қайсания-Мубайди, Карматия, Исмайлия, Захири-Хашауия (әһли хадис өкілдері), Муғтазила, Шафиғия мәзһабы өкілдерінің дін таратқаны айтылады. Алайда соңында Мәураннахр тұрғындарының таңдауы Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақида мектебіне түсті. Оған бірнеше бірнеше фактор әсер етті.

Біріншіден, мұсылман қоғамында VIII ғасырда араб ұлтшылдығы белең алған шақта мәуали ғұламалар шетқақпай көргені белгілі. Ал Аббаси билігі тұсында керісінше мәуали ғұламалар мемлекет қолдауына ие болды. Имам Ағзам Әбу Ханифаның шыққан тегі парсы болғандықтан, оның мәзһабы парсылар және олармен қоңсы отырған соғды және түркі халықтары арасына кеңінен тарады.

Екіншіден, Аббаси халифалары Махди (775-785) және Харун-Рашид билік құрған (786-809) жылдары Әбу Ханифаның бел шәкірті Әбу Юсуф (731-798) Бағдаттың бас қазысы етіп тағайындады. Әбу Юсуфтен кейінгі Бағдаттың қазысы болған Әсад ибн Амр Куфий (798-805) де Имам Ағзам  Әбу Ханифаның шәкірті еді. Аббаси халифалары ұзын ырғасы Имам Ағзамның 14 шәкіртін қазылық қызметке тағайындады. Халифа Харун-Рашид Имам Ағзамның тағы бір шәкірті Мұхаммед Хасан аш-Шайбаниді (749-805) де Қорасандағы Рай қаласына қазы етіп тағайындады. Мұхаммед Хасан аш-Шайбанидің Қорасанға келіп, осында шәкірттер тәрбиелеуі, Ханафи мәзһабының Орталық Азияға таралуына септігін тигізді. Айталық, оның шәкірттері Әбу Сүлеймен Жузжаний (815 дүние салды) мен Әбу Хафс Кабир (767-831) Ханафи мәзһабын Мәуреннахрға таратты.

Үшіншіден, Ханафи мәзһабының отбасы (ахуал-шахсия) және сауда-саттық (муаламат) саласындағы үкімдері өзге мәзһабтар үкіміне қарағанда қалың бұқара үшін қолайлы еді. Жалпы Ханафи мәзһабының қоғамдық қарым-қатынасты реттеу үкімдері басқа мәзһаб үкімдерімен салыстырғанда, бұқара халыққа тиімділігімен ерекшеленеді. Әрбір мәселенің шешімі Құран мен сүннетте кездеспесе, Ханафи ғұламалары қияс (аналогия) әдісімен үкім шығарады. Әсілі Рай құқықтық мектебі әрбір істі мейлінше антропоцентристік (қоғам мүддесі) тұрғыда оң реттеуге тырысады. Осы себептен де Ханафи мәзһабында бір мәселе бойынша екі қияс үкімін шығару мүмкіндігі туған сәтте истихсанмен (жеңілі немесе қолайлысы) үкім шығару методологиясы қалыптасқан. Бұл қолайлы құқықтық әдіснама да өз кезегінде халықтың Ханафи мәзһабына деген ықыласын арттыра түсті. 

Төртіншіден, Әбу Ханифа мәзһабы әрбір ұлттың Исламға дейінгі мәдениетінің сақталуына мүмкіндік берді. Құран мен сүннетке қайшы емес ғұрыптарды фақиһтер теріске шығармады. Егер бір мәселеге қатысты Құран мен сүннетте нақты үкім болмай, оны шешудің дұрыс жолы әдет-ғұрыпта бар болса, ол үкім ретінде қабылданды. Оны «сахих әдет-ғұрып» деп атады. Осының негізінде Ислам дінін қабылдаған ұлттар өздерінің ізгі әдет-ғұрыптарын сақтап қана қоймай, оны жан-жақты дамытуға мүмкіндік алды. 

Бесіншіден, Орталық Азияда Ислам дінінің сүнниттік доктринасының орнығуына еңбек сіңірген даңқты мутәкаллим Әбу Мансұр әл-Матуриди еді. Мәураннахрда фиқһ алаңында Ханафи мәзһабының үстемдік орнатуына орай кәлам тақырыбында Матуриди мектебі салтанат құрды. Себебі Әбу Ханифаның кәламдық көзқарастарын Имам Матуриди жеке пән ретінде бөліп қарастырып, жұртшылыққа терең талдап түсіндірді (Захид әл-Кәусари, «Ишаратул-Мәрам»). Оның «Китабут-Таухид» және «Тәуилат-ул-Құран» шығармаларында Құран мен сүннеттегі кәлам тақырыбы Имам Ағзам негізін салған «Рай» әдіснамасы бойынша талданды. Діндегі сенім негіздерінің ақылға қонымды етіп түсіндірілуі Матуриди ақида мектебінің Маураннахрда дамуына жол ашты.

 

ҚАРАХАН ДӘУІРІНДЕГІ ИСЛАМ

Бұрын Түрік қағанаты құрамында болған қарлұқ тайпалары 840 жылы Батыс Түрік қағанаты аумағында өз алдына тәуелсіз ел болуға ұмтылды. Қарлұқ билеушісі Білге Құл Қадыр Қара өзін 840 жылы «қаған» деп жариялап, «Қарахан» мемлекетінің негізі қаланды. Жетісу жерінде Қарахан мемлекетін дамытқан Білге Құл Қадір Қара қаған 893 жылы қайтыс болып, билік тізгінін оның ұлдары Базыр Арслан хан мен Оғұлшақ Қадыр хан қолына алады. Базыр Арслан – Баласағұнда, ал Оғұлшақ Қадыр хан Таразда билік жүргізді. Дәл осы сәтте Самани билеушісі Исмаил бин Ахмет (893 жыл) Таразға фатх жорығын жасап, Оғұлшақ Қадыр хан Қашқарға кетуге мәжбүр болды. Ал Тараз өңірінің тұрғындары Ислам дінін қабылдай бастады (А.Өзайдын, «Қараханлылар», 22-26 беттер). Оғұлшақ Қадыр хан саманилер басып алған жерлерді қайтарып алу кезінде Әбул Хасан Мұхаммед бин Суфиян ал-Каламати атты дін ғұламасымен сұхбаттасып, соңынан Ислам дінін қабылдады. Ибнул-Йасир өз шығармасында Оғұлшақ Қадыр ханның Ислам дінін қабылдауына иләһи кереметтердің әсер еткенін баяндайды (Ибнул Йасир, «әл-Камил фи-т-тарих» ХІ, 82-бет).

Оғұлшақ қағаннан кейін Қарахан тағына отырған Сатұқ Боғра хан (924-955) мен Мұса қаған (955-961) тұсында Ислам діні мемлекеттік дін мәртебесіне ие болып, қағанаттың діни-рухани ахуалы үлкен өзгеріске ұшырады. Мәселен, 960 жылы түркілерден 200 мың шатыр үй Ислам дінін қабылдады. Ал 1043 жылы бір күнде 10 мың шатыр түркі халқы 20 мың қойды құрбандыққа шалып, хақ дінге өткен еді. Мұса қағаннан кейін оның ұлы Сүлеймен қаған (961-970) билікке келіп, ол Шығыс және Батыс Қараханды біріктірді. Ал Әбул Хасан Али Арслан хан (970-998) тұсында Қарахан мемлекеті дамып, Жетісу мен Мәураннахрдың едәуір бөлігін бағындырды (В.Бартольд, «Туркестан в эпоху монгольского нашествия», 276 стр).

Қарахан (940-1211) мемлекеті ІХ ғасырдың екінші жартысында күшейіп, 999 жылы парсы мәдениетінің жоқтаушысы Самани мемлекетін құлатты. Әл-Мақдиси Мәураннахрдің Исбиджаб, Жумуишлағу, Арсубаникас, Уасиж, Шауғар, Сауран, Балаж, Бурух, Азақкет, Жікіл, Барсхан, Баһлу, Атлах, Шилжи, Такабкет, Құлан, Мерке, Харран қалаларында мешіттер болғанын, оған халықтың көп келетінін жеткізген (әл-Мақдиси, Ахсан ат-тақасим фи ағрифат әл-ақалимнан). Сондай-ақ Х ғасырда қарахандықтар билік жүргізген тұста Мәуреннахрдың Исбиджаб, Сутканд, Шалшы, Тараз, Такабкас, Фаруанкас, Мерке, Науикаст (Худуд-Алам), Тараздан 4 фарсақ жерде орналасқан Шалж және Қашқар қаласы тұрғындарының Ислам дінін қабылдағаны айтылады (әл-Хасан ибн Ахмед әл-Мухаллаби, Китаб әл-Масалик уа-л-мамалик, 70-121 беттер).

Мәуреннахр аумағын толық өз уысында ұстаған Қарахан билеушілері Ханафи мазһабы мен Матуриди ақидасының дамуына қолдау көрсетті. Қарахан билеушісі Ибраһим Тамғаш Боғра хан (1041-1068) және оның ұлы Шамсилмулук хан (1068-1080) Самарқанда Ханафи мазһабы мен Матуриди ақидасын үйрететін көптеген медреселер салды. Қарахан дәуірінде Ханафи мәзһабының дамығаны соншалықты, Бұқарада «Садр» Ханафи мектебі, ал Самарқандағы «Жузжанийа» және «Йадийа» атты өз әдіснамасы бар Ханафи мектептері пайда болды. Тарихшы Зия Кабакшы Қарахан дәуірінде Ханафи мәзһабының 300-ден астам өкілі шыққанын айтады. Олар 350-ден астам кітап жазып, 20 пәтуа жинағын шығарған. Бұл Қарахан мемлекетінде Әбу Ханифа мәзһабының дәуірлегенін көрсетеді.

Қарахан дәуірінде Орталық Азияның қала тұрғындары толығымен Ислам дінін қабылдады. Махмұт Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік», Жүсіп Баласағұн «Құтаду білік», Ахмет Иүгінеки «Һибуат-ул-хақаиқ», Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикмет», Мұхаммед Данышменд Зарнұқи «Мирату-л Қулуб», Сүлеймен Бақырғани «Ақырзаман кітабы» шығармаларын жергілікті халықтың сұранысына сай түрік тілінде жазды. В.Бартольд «Түрік тілі дәуірлеп, қолданыстан парсы тілін ығыстыра бастады» (В.Бартольд, «Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии», 33 стр) деп осы кезеңді меңзеген болатын.

 

ТҮРКІСТАН ДІНИ МЕКТЕБІ

ХІ-ХІІ ғасырларда Ислам халифатының саяси қуаты кеміп, дін насихатын күшпен жүргізу мүмкін емес жағдай орнады. Осы тұста Орталық Азияда Түркістан діни мектебінің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи және оның ізбасарлары Дешті Қыпшақ халқының Ислам дінін қабылдауына ерекше еңбек сіңірді. 

Түркістан діни мектебінің негізін салушы Құл Қожа Ахмет Яссауи көне Исфиджаф қаласында ХІ ғасырдың екінші жартысында софы Ибраһим шайхы мен Қарашаш ананың шаңырағында дүниеге келді (Фуат Көпірұлы, «Түркі әдебиетіндегі алғашқы сопы-ақындар», 31-34 беттер). Фуат Көпірұлы ортағасырлық тарихи деректерге сүйене келе, Қожа Ахмет Ясауидің қолөнермен шұғылданған сопы екенін, дүние ісіне көп мән бермейтін, бойына керемет дарыған тақуа адам болғанын айтады. Дүниенің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар Қожа Ахмет Ясауимен сөз таластырып, жеңілгенін, оның діни көзқарасына қарсы болған жергілікті тұрғындардың оны арандатпақ болғанын, бірақ әулиелігінің арқасында өзіне төнген қауіптің алдын алып отырғанын жеткізеді. Бұл деректер оның «Диуани хикметінде» де баяндалады. Айталық, Қорасан ғұламасы Баба Машын Қожа Ахмет Ясауимен пікір таластырып, оның хикмет іліміне бас ұрған еді.

Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ-ХІІІ ғасырларда Түркістан Ислам әлемінің солтүстік шекарасы саналатын. Исламның алғашқы дәуірлерінде дінді тарату фатх жорықтары арқылы жүргізіліп, шекара аймақтар «рибат» (кәпірлермен соғысқан кездегі аттың қазығы қағылған жер) деп аталатын. Ал Ясауи дәуірінде рибаттар нәпсі тәрбиесімен айналысатын діни тәлім-тәрбие беретін ошақтарына айналды. Сопылық ілімде топырақты күшпен жаулап алу оңай, ал адамның рухы мен болмысы жаулануы қиын қамал болып есептелінеді (Д.Кенжетай, «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы», 113-бет). Осы тұста сопылар хақ дінді этикалық және моральдық құндылықтар арқылы насихаттауды жүзеге асырды. Оның бұл ұстанымы Құран Кәрімнің: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі,  256-аят), «Егер жаратушы қалағанда жер бетіндегі адамдардың бәрі иманға келер еді. Олай болса сен адамдардың иманға келуі үшін оларды зорлық жасаймысың» («Юнус» сүресі, 99-аят) деген үкімдеріне негізделген еді.

Қожа Ахмет Ясауидің барынша толерантты болғанына оның өмірінен жарқын мысалдар келтіруге болады. Түркістандағы жергілікті халықтың 20 жыл бойы зорлық-зомбылығына сабыр етіп, баласы Ибраһимді қастандықпен өлтірген адамға мінген атын беріп, қызын ұзатуы, Қожа Ахмет Ясауидың аса төзімді, дегдар жан екенін көрсетеді. Ол бейбіт ұстанымының арқасында көне түркі дәстүрі мен Исламды қабыстырды. Сол арқылы діни һәм мәдени қақтығыстар арасынан жол таба алды.

Әл-Хазини өз еңбегінде Қожа Ахмет Ясауидің кемелдікке жетудің мәкан, заман, ихуан, рабт-сұлтан атты төрт қағидасын бекіткенін алға тартады. Мәкан қағидасы бойынша адамның өмір сүретін отаны және рухани сұранысын қанағаттандыратын діни мекені (мешіт, медресе, текке) болуы керек. Заман қағидасы бойынша ақиқатты тануға талап білдіруші уақытты тиімді пайдалануы тиіс. Ихуан (бауырластық) қағидасы бойынша ақиқат жолына бетбұрыс жасаған сопы төңірегіндегі адамдарды бауырына баса білуі керек. Рабт-сұлтан қағидасы бойынша салих мұсылман мемлекет басшысына бағынып, оған адал болуы қажет (Әл-Хазини, Жауаһирил-әбрар би Әмуажил бихар, 109-112 беттер).

Қожа Ахмет Ясауидің тағы бір ерекше қыры оның шығармашылығының түркі тілінде жазылуы еді. Сол дәуірде ғылым мен әдебиеттің тілі араб пен парсы тілі бола тұра, ол өз еңбектерін түркі тілінде жазды.

Әл-Хазинидің айтуына қарағанда, Қожа Ахмет Ясауидің 99 000 шәкірті болған. Басқа бір аңыз бойынша Ясауидің қасында 12 000 сопының болғаны айтылады. Оның алғашқы халифасы Мансұр ата (1197 жылы қайтыс болды), екінші халифасы Саид ата Хорезми (1218 жылы қайтыс болды), үшінші халифасы атақты Хәкім ата Сүлеймен Бақырғани, төртінші халифасы Мұхаммед Даншмент Зарнұқи болды.

Қожа Ахмет Ясауи негізін салған Түркістан діни мектебін Суксук ата, Тилки ата, Исмайыл ата, Садыр ата, Бадыр ата, Зеңгі баба, Ұзын Хасан ата, Шейх Иқани, Құсшы ата, Жүсіп ата, Шопан ата, Қажы Бекташ әулие, Сары Салтұқ, Шайық Лұқпан Перенде, Баба Машын, Әмір Әли Хакім, Хасан Бұлғани, Имам Мерғазы, Шайых Осман Мағрифи секілді хикмет иелері дамытты.

Қожа Ахмет Ясауидің мүридтері Ислам дінін Мәураннахр, Шығыс Түркістан, Дешті Қыпшақ, Анатолия, Еділ бұлғарлары арасына таратты. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері Хасан әл-Бұлғари мен Бираш ибн Абраш Еділ бойында дін насихатын жасап, халықты хақ дінге шақырады. Олардың ізін басқан Ешмұхаммед ибн Тоқмұхаммед, Идрис ибн Зулмұхаммед, Қасым шайх ибн Ибраһим, Қожа Әмір Калал және тағы басқа сопылар ұзақ жыл бойы Еділ бұлғарлары арасында дін насихатын жүргізді (Мұртаза Бұлұтай, «Мұсылман қазақ еліміз», 83-бет).

Атақты жаһангер Әмір Темір (1370-1405) түркілердің пірі Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің басына аситана (тариқатты басқару кешені) тұрғызып, оған уақыфтық құжатпен арнайы мәртебе берді. Көшпелі Өзбек мемлекетінің билеушілері Әбілхайыр хан (1428-1468), Мұхаммед Шайбани хан (1500-1510), сондай-ақ Қазақ хандары Қожа Ахмет Ясауиді пір тұтып, Түркістандағы аситанаға берілген рухани мәртебеге ерекше құрметпен қарады. Тіпті Еңсегей бойлы Ер Есім хан 1598 жылы Түркістанды Қазақ хандығының ордасы етіп бекітті. Құл Қожа Ахмет Ясауидің аситанасы Қазақ хандарының резиденциясы ғана емес, халқымыздың айтулы хан-сұлтандары, би-шешендері, батырлары мен жырауларының дамыл тапқан мәңгілік мекеніне (пантеон) айналды. Осыдан кейін Алаш баласы Әзірет Сұлтанның құрметіне мемлекет орталығын (бұрын «орда» деп келген) «Астана» деп атай бастады. Осылайша қасиетті Түркістан қаласы қазақ рухани шамшырағына айналған болатын.

Түркістан қаласының тарихтағы орны мен рөлі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Көшпелі жұрттың мұсылмандануына, халқымыздың Ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті Қыпшаққа Ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұламалар осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешімдер дәл осында қабылданып отырды» деген болатын. Иә, халқымыздың хақ дінді қабылдауына ерекше ықпал еткен, төл тарихымыздың бастауы, асыл дініміздің шамшырағы болған Түркістан мектебі әлі талай тұшымды зерттеуді қажет ететіні сөзсіз.

turkystan.kz

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру