Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕҢБЕКТІҢ НАНЫ – АДАЛ

Айбек Аташев muftyat.kz 21.09.2020 1060 0 пікір
ЕҢБЕКТІҢ НАНЫ – АДАЛ
Тапқаның адал болса...

Халал – бұл денсаулық, дұрыс тамақтану, экологиялық таза өнім, жоғарғы сапа, сенім, адал еңбекпен келген ризық. Көпшіліктің түсінігінде халал – тек азық-түлікке қатысты діни концепция ретінде қалыптасқан. Шын мәнінде, халал – ең алдымен адал ризық табудан басталады. Кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен ризықтандыруды қаласа, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы халал ризық-несібе табудан тұрады» деген хадисіне сай амал еткені жөн. Адал еңбектің нәтижесі – адал ас табу, ішіп-жейтін нәрселердің діни тұрғыдан халал, таза болуы. Бұл жөнінде қазақтың ұлы ойшылы Абай да:

Адамзат тірілікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.

Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек? – деп, есті құлақ болса еститіндей, ойлы сана болса ойланатындай етіп адал еңбек ете алмаған адамның күні құр қорлық екенін жеткізген.

Адал жолмен мал табу,  өзгеге мұқтаждық танытпай өмір сүру, ар-намыс абыройын сақтап, отбасын асырау ниетімен еңбек ету – құлшылықтың бір түрі. Алайда бұның шарты – шариғат шеңберінде, Алла Тағала бекіткендей, адал және таза жолмен еңбек ету. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамнан дүние-мүлікті қалай тауып, оны қалай жұмсағаны қиямет күнінде сұралады», - деген. Демек, мал табу ғана емес, оны орнымен жұмсау да маңызды. Бұл жөнінде Хәкім Абай: «Құдай Тағала саған еңбек етіп дүние табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп етерлік орынға жұмсаймысың?...» – дейді.

Аят-хадистер мен әуелгі ізгілердің өнегесінен ешқайсысының бейнетсіз мал бағып, нан таппағанын көреміз. Әрине, ризық Алладан, алайда, себебін жасап, адал термен еңбек ету, табыс табу, өнер-ғылым үйрену – біздің міндетіміз. Дана халқымыз «Жерге еңкейсең, жемісін тересің» деген. Қай кезде де адамды адам етіп, абыройға бөлейтін адал еңбектің құндылығы ешқашан жоғалмайды. Алла Тағала Құранда: «Ризықты тек мүміндерге емес, бәріне беремін. Алайда, араларынан кімде-кім берген нығметтерім үшін шүкіршілік етпей, күпірлік қылса, оған бұл дүниеде аз ғана уақыт ризық-несібе беріп, өмірдің қызығын көрсетемін де, содан кейін оны тозақ отына душар етемін» деген («Бақара» сүресі, 126-аят). Демек, біздің мақсатымыз – бұл уақытша тұрақта ішіп-жеудің, сауық-сайран құрудың соңына түспей, дұрыс атқарылған еңбектің Аллаға деген құлшылық екенін ұғынып, екі дүние жақсылығы үшін тер төгу. Еңбектің адалын жасап, себебін қылсақ, шариғатқа қайшы тұстарынан сақтанып, иманымызды ұштасақ, тәніміз бен жанымызды күнә атаулыдан тыйып, шынайы бойұсынушылар қатарынан болсақ ризықты беруші – Әлемдердің Раббысы Әр-Раззақ емес пе?!

Адалға ұмтылу – ізігілерден қалған өнеге

«Халал» таңбасы – өнімнің адалдығына берілетін кепілдік. Халал – сапалық бақылаудың жоғарғы жүйесі. Халал – шариғат бойынша рұқсат етілген, ислам нормаларына сай, қолдануға тыйым салынған 5 харамнан (доңыз, қан, өлексе, Алладан басқаның атымен сойылған мал, спирт) таза екендігін білдіретін, экологиялық таза өнім. «Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер» деп келетін аяттарда Алланың нығметтерін дұрыс пайдалану жайы баяндалады.

Ғалымдар халал мен харам мәселесі исламның үштен бір бөлігін құрайды деп айтқан. Осыны түсінген сахабалар мен дін ғұламалары харамның маңайына да жуымай, асқан мұқияттылық танытқан.

Хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) басынан мынадай бір оқиға өткен деседі. «Сыддық» атанған Пайғамбардың айнымас адал досы хазірет Әбу Бәкір өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым асты қайдан, қалай тапқанын сұрайтын. Бірде хазірет Әбу Бәкір (р.а.) қызметшісі әкелген сүт пен етті әдеттегіше тексеріп жатпай бірден ішеді. Шамасы қатты ашығып, тезірек ауыз ашуға асықса керек. Алдындағы астың біразын жегеннен кейін  іркіліп, күмәнді оймен қызметшісіне қарап: «Бұл тамақ қайдан келді? Қандай ақшаға алдың?» – деп сұрайды. Қызметшісі хазірет Әбу Бәкірдің алдында өзін құл немесе қызметші секілді емес, өте еркін ұстайтын. Әбу Бәкірдің күмәнді назарына еш тосылмастан: «Жаһилия[ кезінде пал ашушы едім. Сәуегейлік айтып, палшылықпен күнелтетінмін. Сол кездері пал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалған-ды. Кеше қарызымды қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым»,– деп жауап береді. Мұны естіген хазірет Әбу Бәкірдің өңі қуарып, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына бойлатып, өзін зорлап тұрып ішіп-жегенінің барлығын ақтарып тастайды. Сөйтіп, ауыр өкінішпен: «Раббым, қаныма сіңіп кеткенінің кесірін тигізе көрме», – деп тәубе етеді.

Хазірет Әбу Бәкірдің өзін мұншама қинағанына таңырқаған әлгі қызметші «Уа, Алла Елшісінің халифасы! Өзіңді неге мұнша қинайсың? Бұлай әбігерге түсудің қажеті қанша?» – деп сұрағанда Әбу Бәкір (р.а.): «Алла Елшісінен өз құлағыммен естігенмін. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ағзасында бір түйір харам ас кеткен адамның тек жаһаннаммен ғана тазаратынын айтқан»,- деп жауап береді.

Халал-харам мәселесіне мұншалық ыждағаттылық таныту сахабалардан бастап барша ислам ғұламаларының өмірлік ұстанымы болғаны – шындық. Халал астың әсері турасында тағы бір ғұлама: «Рухани кемелдік ең бірінші ішіп-жемнің адалдығы арқылы шыңдала түседі. Ішіп-жемге харам араласқан сайын, көкіректе мағрифат пен ақиқат шырағы сөне бастайды» деген екен.

 Астың адалдығы – жанның тазалығы

Қазіргі таңда әлемде дұрыс тамақтану, пайдалы және сапалы азық-түлік тұтыну, өзін және отбасын сапасыз, химиялық улы тағамдардан қорғау үйреншікті дағдыға айналып келеді. Батыста «organic food» – органикалық, табиғи, құрамында: нитраттар, концерогендер, ГМО, жасанды бояулар жоқ өнімдерге таңдау беру кеңінен тараған. Халал стандарты бойынша дайындалған өнімдерді де осы категорияға жатқызуға болады. Алайда, адамның жасағанынан гөрі, Алланың бекіткен «халал» ұғымының аясы кең. Халалдың біз білетін пайдасы мен зиянынан басқа, біздің білімімізге беймәлім, Аллаға ғана мәлім тұстары бары анық.

 Құран Кәрімде: «Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216-аят) делінген.

Тағам индустриясы дамып, өндіріс технологиясы өзгерген өнімдердің адамзат тіршілігіне пайдалы да, зиянды тұстары да өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ағзада бір кесек ет бар. Егер ол сау болса, ағза да сау болады, бұзылса, ағза да бүлінеді. Ол – жүрек» деген екен. Харамнан бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады. Себебі, тақуалық – харамнан бас тартып, күмәннан сақтану.

Тағамдардың технологиялық өзгеріске ұшырауына байланысты білімсіздікпен, асқазанымызға харам астың түскенін байқамай жатамыз. Иса пайғамбар (а.с): «Ақырзаман жақындағанда адамдар молшылықта өмір сүреді, бірақ жейтін ешнәрсе болмайды» – деген. Расымен де, молшылық заманында өмір сүрудеміз. Алайда, санның көптігі сапаның жоқтығы, қалтаның қалыңдығы, өнім айналымының молдығы негізгі қызығушылыққа айналған нарықтың тұтынушыларымыз. Себебі, халал жөнінде титтей де болса білімі бар адам дүкен сөрелерінде қаптаған қызылды-жасылды өнімдер арасынан анық таза, адал азықты табу үшін біраз күш жұмсары анық.

Қарапайым мысал ретінде, ет өнімі шариғат талаптарына сай болмаған жағдайда адам денсаулығыа тигізер зияны мен пайдасын қарастыруымызға болады. Халал  ет өнімнің құрамында қан қалдығы, шлактар, қорқыныш гормоны – катехоломин, у, ГМО т.б зиянды қоспалар кездеспейді. Егер, мал тоқпен немесе қандай да бір құралдың көмегімен бауыздаусыз өлтірілсе, малдың жүрегі тоқтауы себепті, қан айналымы бәсеңдеп, қан жануардың организмінде қалады. Осы сәтте мал денесіндегі микроорганизмдер өмір сүру ортасы ретінде жануар денесінде ағызусыз қалған қанға шоғырланып, тіршілігін жалғастырады. Мұндай  мал етін қанша термоөңдеуге салса да, қанша қайнатсаңызда қан құрамында қалған микроорганизмдер жойылмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Харам асты талғажау етіп өскен адам отқа (түсуге) лайықты» деген. Ал үнемі осындай етпен тамақтанып жүрген адамның құлшылығының қабыл болуы алаңдататын мәселе. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «... ішкен асы харам, ішкен суы харам, киген киімі харам және қорегі харам. Ондай адамның дұғасы қалай қабыл болмақ?!» – делінген.

Шүбәсіз, Алла барлық нәрседен пәк! Адал және тазадан басқаны қабылдамайды. Бала-шағамыз бен отбасымыздың адалынан еңбек етіп, адал ас табуын, ақыретте есебіміздің жеңіл болуын дүниеде дұғамыздың қабыл болуын қаласақ, халал жөнінде білімімізді арттырып, не ішіп, не жеп жатқанымызға жіті мән беруге тиіспіз.

 Айбек Аташев,

«Халал Даму» ЖШС директоры

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі