Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жаратушыға жақын ететін сегіз амал

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 12.12.2017 6170 0 пікір

 

 Қыз бала тәрбиелеу

Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

 «Кімде-кімнің үш қызы дүниеге келсе, сол үш қызының қиыншылығына шыдап, қуанышымен бөліссе, жақсылап тәрбиелесе, жеткізсе, Алла Тағала осы қыз балаға жасаған рақымы үшін ол кісіні өз жұмағына кіргізеді» дейді.

Осыны естіп тұрған бір сахаба: «Уа, Алланың Елшісі, егер екі қызы болса ше?» деп сұрады.

 «Екі қызы болса да жұмаққа кіреді», - деген жауап естіді.

Әлгі сахаба: «Бір қызы болса ше?» деп сұрағанда:

- «Ол қызды жақсылап тәрбиелеп, өсіріп, жеткізсе, онда жұмаққа кіреді», - деген жауап берілді.

 Ал, Анастан жеткен риуаятта Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Екі қызға бой жеткенше қамқоршы болған адам, Қияметте менімен осындай жақын болады», - деп саусақтарын біріктіріп көрсеткен. (Муслим)
 Хайуандарға рақымшылық жасау

Хадиске сәйкес, бір кісі жол үстінде келе жатқанда оны қатты шөл қысады. Ол айналасына қарап су іздейді. Сол маңнан құдық табады. Ол құдыққа түсіп, шөлін қандырады да, Құдайға шүкірлік етіп, өзін бұл құдыққа тап қылып, сусынын қандырғаны үшін Алла Тағалаға мадақ айтады. Сөйтіп тұрғанда шөлден тілі салақтаған бір итті көзі шалады. Иттің қатты шөлдегені соншалық, ылғал топырақты жалап тұр екен.
Оны көрген әлгі кісі: “Менің басыма түскен хал мына итке де түсіпті-ау, деп құдық ішіне қайта түсіп, аяқ киіміне су толтырып шығып әлгі итке су береді.

Алланың елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл әңгімені аяқтай отырып:

«Алла Тағала ол адамға разы болып, оған мейірім жасады», - деген. Алла Тағала бұл кісінің хайуандарға жасаған рақымшылығы мен қайырымдылығы үшін оның күнәларын кешкен екен.

 Ешкімге қол жаймау

Қанағат – Алладан өзгеден дәметпеу. Қанағат – жан дүниеңе рахат сыйлайды, өйткені, Алланың разылығы үшін қолдағы барыңның қадірін білу. Қанағатшыл болу, адам бойындағы асыл қасиеттердің ең көркемі. Қай салада болмасын ертелі-кеш қоғамдағы құбылыстың барлығы тіршілік иелеріне әсерін тигізіп қоймайды.

Алла ризықты беріп қойып, қанағатыңды сынайды. Ислам діні адамдарға қанағатшыл болуды өсиет етуде. Қанағат дегенде аз ғана тірлік істеп қоя салу емес, күші жететіндей, қолынан келетіндей жұмыс істеуі мұсылман кісінің міндеті болып есептеледі. Аз бола ма, көп бола ма оған қанағат ету негізгі мақсат.

Пайғамбарымыз қанағатшыл адамдарды бақытты адамдарға теңеп кеткен. Қанағат етуші кісіге дінімізде үлкен табыс бар. Алланың елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Ислам жолына түскен, өмірінде жетер жетпес ризығы болып, соған қанағат еткен кісіге жанаттығы Туба (ағашы) нәсіп болады» (Тирмизи) 
Отағасының мүлкінен садақа беру

Әйел адамның өз ерінің мүлкінен берген садақасының сауабы ерлі-зайыптылардың екеуіне де жазылады. Мұхаммед пайғамбарымыз (ﷺ):

«Егер әйел адам ақылға қонымды шекте ерінің қаражатынан садақа берсе немесе тамақ таратса сауапқа ие болады. Бұл жақсы ісі үшін осы қаражатты тапқан еріне де сауап жазылады. Біреудің сауабы басқаларды төмендетпейді» - деген. (Бұхари)
Саудадағы адалдық

Ислам діні адал, таза саудагерлердің бұл өмірдегі адалғы үшін ақыреттік сыйлығы жұмақ екенін сүйіншілейді. Адамзаттың ұстазы Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, турашылдар және шәһидтермен бірге болады» деген.

Ислам сауда жасауда адалдықты талап етіп, таразы мен өлшемде әділ болуды бұйырады. Бұл хақында Құранда:

 «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят) деген.

Әрқайсысы өз жолдарымен кетпейінше сатып алушы мен сатушыда таңдау болады, егер олар шыншыл болар болса, саудаларында береке болады, ал егер қайсыбірі әлденені жасырын қалдырып, бір-біріне жалған сөйлер болса, саудаларынан береке қашады деген ескертулер хадистерде келген.   

Жақыныңа жақсылық жасау

Алла Тағаланың осы дүниеде адам баласына берген сыйлықтарының бірі- бұл ағайын-туыстары. Жылағанда жұбататын, қиналғанда арқа сүйерің, қуанғанда қуанышыңды бөлісетін, өкпелесек назыңды көтеріп қателігімізді кешіре білетін тек ағайын-туыстарымыз ғана. Адамдардың барлығы ағайын-туыстай бола бермейтіні шындық. Тустық қарым-қатынасты халқымыз қашанда жоғары қойған.  Әйгілі ағартушы, ғалымы Ыбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады». Сондықтанда бала тәрбиесінде туыс-туғандарға деген мейрімділік, жанашырлық көрсетіп тәрбиелеу басты міндет. Себебі туысқандық қарым- қатынасты нығайту дінімізде уәжіп, ал олармен қарым-қатынасты үзу дінімізде қатаң тиым салынған істерден болады. Жалпы Жаратқанан шынымен қорқатындар туысқанын сыйлап, олармен тығыз байланыста болады.

Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады». (Муслим)
Ата-анаға дұға ету

Адам баласы қайтыс болған кезде амал дәптері жабылады, тек мына үш кісінің амал дәптері жабылмайды. Жария садақа жасаған, өзіне пайда берген білім және дұға қылатын салихалы ұрпағы. Яғни, қайтыс болғаннан кейін ата-анасы үшін баласының Алладан олардың күнәларын кешіре гөр, оларды жәннатқа кіргізе гөр деген дұғасы пайда береді екен. Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Расында жәннатта бір адамның дәрежесі көтеріледі сонда ол маған бұл дәреже қайдан келді мен мұндай болатындай амал жасамадым ғой дейді. Сонда періштелер оған: «Бұл артыңда қалған балаңның сен үшін Алладан кешірім сұрағаны,» – дейді. (Бұхари)
Кісі артынан дұға ету

 Бір мүминнің басқа дін бауырына, оған білдірмей, яғни артынан жасаған тілек-дұғасын Алла та’ала қабыл етеді. Бұған ғиябта (өзіне білдірмей, оның хабарынсыз) дұға ету делінеді. Бетпе-бет етілген дұғаға рия (көз бояушылық) араласуы мүмкін, бірақ артынан етілгенде тек Аллаһ разылығы үшін дұға етілген болады. Алла разылығы үшін жасалған тілек-дұғаларды Алла та’ала қабыл етеді. Дін бауырына оның хабарынсыз дұға еткен кезде Алла та’ала бауырымыз үшін сұраған нәрсені алдымен бізге береді. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Бір мұсылманның дін бауырына, оның хабарынсыз, артынан еткен қайырлы дұғалары қабыл болады. Ол дұға еткенде бір періште “Әмин, бауырың  үшін сұрағаның саған да берілсін” дейді. (Муслим)

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру