Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДӘСТҮРІҢДІ БАҚҚАНЫҢ – ҮМІТІҢДІ ЖАҚҚАНЫҢ

Нұрбек Әуесханұлы muftyat.kz 14.03.2024 2119 0 пікір
ДӘСТҮРІҢДІ БАҚҚАНЫҢ – ҮМІТІҢДІ ЖАҚҚАНЫҢ

Дін мен дәстүр қашан да бір-бірін қуаттап, қоғамда ынтымақ пен бірліктің, бабалардан қалған асыл құндылықтардың жоғалып кетпеуіне үндеп, кейінгі ұрпақтың болашағы жарқын болуына, өткенді ұмытпай, саралап ұлттық ар ожданының жоғалмауына шақырады. Дін мен дәстүр үлкенге құрмет көрсетіп, оларға дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, жолда өтіп бара жатса, алдын кесіп өтпеуге үндейді. Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге келеді», – делінсе, дана халқымыз: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар», – дейді.

Үлкенді құрметтеу бізде бұрыннан бар ғұрып еді. Ислам діні келгеннен кейін дәстүрлі құндылық болып қалыптасты. Ислам дініндегі құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде де болғандықтан, халық оны жақсы қабылдады. Ұлтымызың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін дегеніміз – сенім жүйесі ғана емес, өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан дін мәселесі – руханият мәселесі.

Дін – бұл сонау Адам атадан (оған Алланың сәлем болсын) бергі бізге дейін Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз арқылы жеткізіліп келген шариғат аясындағы үкімдер, қоғамдағы ынтымақ-бірлігі, басшыға бағынып, бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүру сияқты нақты қадамдар болса, дәстүр – ұлтымыздың ертеден сақталып келген әдет-ғұрпы. Біздің әдет-ғұрпымыздың басым көпшілігі шариғат шеңберінде үйлесіп келген. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ, негізін діннен табамыз. Қарапайым халық олардың діндегі сүннет, мұстахаб, уәжіп екенін білмеуі мүмкін. Бірақ ол діндегі негізгі құндылықтың бірі саналады.

Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымы бар. Мұндай алуан түрлі болу – Алла Тағаланың хикметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тану үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 199-аятында Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. Демек Алла Тағала бір-бірлерін тану адамзатты түрлі ұлтқа бөлген. Бір-бірін тану арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін тану арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі миллиондаған адамның түбі бір – барлығы Адам атадан тарайды. Мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт пен ұлыстан құралған. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері, мәдениеті бар.

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі – берік, келешегі – кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнің айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі – Жаратушының әрбір халыққа берген иләһи белгісі, хикметі.

Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі, шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына көз жүгіртсек, аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтармен негізделгеніне куә боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде былай деген: «Қазақтың өлең сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған». Шынында: 

«Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан, бір тәңірім», – деп сөз бастаған Жүсіп Баласағұн, жырау, шешен- деріміздің аузынан Алласы түспеген. Абай Құнанбайұлының:

«Алланың, Пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз», – деуінің өзі қазақ халқының қандай жолды ұстанғанын анық көрсетуде.

Дін мен дәстүр халқымыздың сыртқы ықпалға төтеп беретін рухани иммунитеті екенін ескеріп, 2023 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Дін мен дәстүр атты бөлімі ашылды. Сонымен қатар, діни салада басымдылық берілетін бес жұмыс бағытының қатарына Дін мен дәстүр бағыты енді. Былтыр Дін мен дәстүр бөлімінің ұйытқы болуымен 42 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Дін мен дәстүр бөлімі Қоғаммен байланыс, Жастар ісі және Әйел-қыздар секторымен бірге жұмыс істеп келеді. Қоғаммен байланыс секторы республикалық, аймақтық ақсақалдар форумының еліміздің әр түкпірінде ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Сондай-ақ былтыр алғаш рет ақсақалдар арасында Бата беру байқауы өтті. ҚМДБ жанынан құрылған Сарапшылар кеңесінің үш мәжілісі, сондай-ақ Ақтөбеде «Досжан ишан – Қазақстанның көрнекті діни қайраткері және рухани ағартушысы» конференциясы мен «Қазақ руханиятындағы дәстүрлі Исламның орны» республикалық ғылыми-танымдық конференциясы ұйымдастырылды. Бұл бағытта жыл бойына 11 мыңнан астам шара атқарылды. Сондай-ақ Дін мен дәстүр бөліміне қарасты Жастар ісі секторы республика бойынша насихат және сауаттылық, қоғамдық жұмыстар және спорт бағытында 16 мыңға жуыс іс-шара ұйымдастырды. Еліміздің мешіттерінде алғаш рет зияткер жастар арасында дін тақырыбында «DINTELLECT» білім сайысы өткізілді. Оған мешіт жамағатынан құралған командалар қатысып, топ жарған таңдаулылары республикалық кезеңге жолдама алды.

Ал Әйел-қыздар секторы республика мешіттерінде әйел жамағатының атсалысуымен 10 986 іс-шара өкізді. Әйел-қыздар секторы және ҚМДБ Павлодар облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында «Қазақ даласындағы әйел мәртебесі» тақырыбында республикалық әйелдер форумы өтті. Түркістан облысында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «Шұғыла» қыз-келіншектер клубы ашылды. Сондай-ақ Құран Кәрімді оқудан қыздар арасында ІІІ республикалық байқау және Алматы қаласында тұңғыш рет «Дәстүр керуені» көрмесі өткізілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамасында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл бастама да өз кезегінде дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп сенеміз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған бағыты – ата-бабадан жалғасып келе жатқан діни дәстүрді жаңғырту, елдің рухани құндылықтарының қайта түлеуіне үлес қосу. Қазақ халқы замана көшінен қалып қойған жұрт емес. Өзінің мәдениеті, тілі, ділі, салт-дәстүрі, бабалар салып кеткен діни бағыты бар. Ол бағыт – Құран Кәрім аяттары мен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне негізделген сара жол. Оның ішінде шариғаттағы іс-амал бойынша имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни танымдық мектебі имам Матуриди қалыптастырған жол. Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет. Қос асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлағаттаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз.

Алла Тағала бізге асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрімізді құрметтеген ұрпақтың бірі болуды жазып, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

Нұрбек ӘУЕСХАНҰЛЫ,

Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі

«Иман» журналы, №2, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру