Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қанағатсыздық қандай зиян тартқызады?

Ибраһим қажы Қарнақбайұлы, Шығыс Қазақстан олысы, Өскемен қаласы «Мұхамади» мешітінің Бас имамы 06.12.2017 9622 0 пікір

 

Қазақ халқы қанағатпен шүкірлікке аса мән берген. «Қанағатты қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деуі соның айғағы. Бабаларымыз ежелден «барға қанағат, жоққа салауат» айтып келген. Ұлы Абай атамыз да қанағатты «бес асыл істің» біріне жеткізуі тегін емес болса керек.

«Талап еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз» деген.

Барға шүкірлік айтып, тәуба жасау аса маңызды болып келеді.

Қанағат туралы исламда да тағылымдар мол. Бұл туралы Алла Тағала Құранкәрімнің «Нахл» сүресі 112-аятында: 

«Алла сендерге тыныш та, жайбарақат болған бір кентті мысал етті. Оған оның рыздық әр тараптан мол болып келуші еді. Кейін Алланың нығметтеріне күпірлік келтірді. Сондықтан Алла оларға істегендеріне қарай ашаршылық және қауіп-қатердің ауыртпашылығын таттырды» деген. 

Демек, Алланың сансыз нығыметіне тәуба мен шүкірлік болмаса ол күнә саналады. Кейін сол күнәнің зардабын тарту мүмкін екендігін ескертеді.

Қанағат жайлы исламда көптеген тағылымдар бар.

Ибраһим Пайғамбар мен ұлы Исмаил туралы қиссада: (ол екеуіне Алланың сәлемі болсын)Ибраһим Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) ұлы жоқта үйіне қонаққа келгендігі баяндалады. Сонда келінінен күнкөрістері мен жағдайлары жайлы сұрайды. (Келіні) оған: "Біздің (жағдайымыз) нашар, таршылықта, қиындықта (өмір сүріп жатырмыз)» деп шағымданады. Әкесі ұлына табалдырығын ауыстыруды, яғни, басқа әйел алуды өсиет етіп кетеді. Келесі бір келгенде Исмаилдың жаңа түскен келінінен күнкөрістерін тағы сұрайды. Сонда келін: «Біздің (жағдайымыз) жақсы, молшылықтамыз» деп, Алланы мадақтайды. Ибраһим ұлына табалдырықты бекітуді өсиет етеді. Мұны естіген Исмаил (оған Алланың сәлемі болсын):«Табалдырық» (дегені) сенсің, ол маған сені өзімде ұстауымды бұйырыпты» дейді (Бұхари).

Бұл тағылымға қарап әр ісін тек Алланың әмірімен жасайтын Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) алғашқы келінінің қанағатсыз екенін байқап баласына ажырасуды тапсырса керек.  Бұл жерде шүкірлігі жоқ отбасы салиқалы жанұяға айналмайтындығын көруге болады. Ислам ғалымдары әйел адамның шүкірлігі берекенің қайнар бастауы мен ырыс, берекеттің тұрағы деп есептеген.

Ұлы Алла Тағала Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты»деп әмір еткен. («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Барлық нығметтерді беруші Аллаға мыңда бір шүкірлік етейік.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру