Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ата-анамызға сүйіспеншілікті арттыратын 20 хадис

www.muftyat.kz 20.11.2017 13548 0 пікір

 

Құранда Алланы танып, Оған ғана құлшылық ету жайлы баяндалған соң, ата-ананы сыйлап, оларға жақсылық жасау міндеті айтылады. «Исра» сүресінің 23-аятында Алла Тағала: «Раббың тек қана Өзіне ғибадат етулерiңдi, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмiр еттi» - деп Аллаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға жақсылық жасаудың парыз екенін мәлімдейді. Екі жаһан Сардары, адамзатың асылы болған ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жұмақтың кілті ана аяғының астында»,- деген. Хәкім Абай жиырма тоғызыншы қара сөзінде:  «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң Құдайға дұшпандық іс емес пе?»,- деп жазған. Осылайша, ата-ананың қадірін екі ауыз сөзге сыйдырып кеткен. Ата-анасының қауқары кетіп, денсаулығы нашарлаған соң ойланбастан қарттар үйіне өткізіп жатқандар осы сөздерді оқыса, біраз да болса ойланар ма еді?...

...Алланың қалауымен бізге өмір сыйлап, осы жарық дүниеге әкелетін, одан кейін сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, ауырған кезімізде бізге мейірлерін төге қамқор болып, кей кездері бізді өздерінен де артық жақсы көретін жандар – ата-анамыз. Көзімізді аша сала көретін ата-анамызға деген сүйіспеншілік – әр  адамның өміріндегі ең үлкен әрі алғашқы махаббаты. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, қымбат адамдарымызды ұмытып кетеміз. Ал біздің асыл дініміз болса туыстық қарым-қатынасты нығайтуға үндейді.

Шариғатымызда ата-ананың өз перзентінің алдындағы міндеттері болғаны секілді, перзенттің де оның жарық дүниеге келуіне себепші болған ата-анасының алдында өзіндік міндеттері бар. Ата-анаға құрмет көрсету парыз әрі шексіз сауап. Сүйікті пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тән көркем мінездердің бірі – ата-ананы қадірлеу.

Қасиетті Құранда Алла Тағала ата-анамен перзенттері қандай байланыста болулары керектігі туралы былай айтқан:

«Адам баласына әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: “Раббым! Маған һәм ата-анама нәсіп еткен қисапсыз нығметтеріңе лайықты түрде шүкірлік етуді және үнемі Өзіңді разы ететін игілікті істер істеуді көңіліе ұялатқайсың! Сондай-ақ, маған ізгі ұрпақ нәсіп еткейсің! Расында, мен тәубе етіп, бір Өзіңе жан-тәніммен бет бұрдым. Анығында, мен Өзіңе қалтықсыз мойынсұнғандардың бірімін»,-деп айтады» («Ахқаф» сүресі, 15-аят)

Иә, ата-ананың бала алдындағы ақысы өте үлкен. Бірде халиф Омарға бір адам келіп:

«Менің ата-анам қатты қартайды. Кішкентай кезімде олар маған қызмет еткеніндей мен оларға қызмет етіп келем. Олардың ақысын өтеген болып саналамын ба?»,- деп сұрайды.

Халиф Омар (ол кісіге Алла разы болсын): «Жоқ. Өтеген болып саналмайсың. Себебі олар сенің өсіп, мықты азамат болуың үшін саған қызмет көрсетті. Ал сен олар жақында дүниеден өтуі мүмкін деп қызмет көрсетудесің»,- деген екен.

Егер де осыншама нәрсені біле тұра ата-анаға қарсы шығып, оларға құрметсіздік көрсетер болсақ үлкен күнә жасаған боламыз. Себебі оларға құрмет көрсету – Алланың тікелей бұйрығы.

Мәртебелі Алла елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) төменде келтірілген хадистері біздің көзімізді ашып, санамызды оятып, ақиқатқа келтіріп, ата-анамызға мейірлі көзбен қарауға әрі біздің оларға деген сүйіспеншілігімізді арттыруға жетелейді. Ендеше, сол хадистерге құлақ салып көрейік:

 

  1. Ата-анамен қатынасты нығайту - өмірді ұзартып, рызықты көбейтеді.
  2. Ата-анаға сүйіспеншілікке толы көзбен қарау – қабыл болған қажылықтың сыйына тең.
  3. Ата-анаға бойсұну Алла жолында тұрудан маңыздырақ.
  4. Ата-анаға көмек - қажылық, умра және Алла жолында тұрудың сауабын береді.
  5. Жұмақ – ана аяғының астында.

 

Жер бетінде ең жақсы қарым-қатынас қылуға лайықты жан – бұл ана. Бала ананы әкеден де артық сыйлауға тиіс. Әкеден гөрі ананың хақысы биік. Бала әкеге өте үлкен құрметпен қарауға міндетті, ал ананың хақысы әкеден қарағанда үш есе жоғары. Неге? Өйткені, ананың сізге жасаған жақсылығы есептеуге келмейді. 

Біріншіден - нәзік жанды ана сізді жатырында, өзінің ішінде ауырып, қиналып тоғыз ай бойы көтеріп жүрді.

Екіншіден - босануға байланысты болатын бүкіл азапты татып, зорықты.

Үшіншіден - түнімен, күнімен көз шырынынан айырылып, сізді емізді. Аса мейірімді Алла қасиетті Құранда: 

«Адамдарға ата-анасына жақсылық жасап қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы (емшектен шығару) бар»,-дейді. ("Лұқман" сүресі, 14-аят) 

 

  1. Ата-анаға ашулы түрде қарағандар, оларға бағынбайды.
  2. Ата-ананы тыңдамау – ауыр күнәлардың бірі.
  3. Алла разылығы — ата-ана разылығында.
  4. Ата-анасын тыңдамайтындар мейірден жұрдай болады.
  5. Ата-анаға тіл тигізу, оларға әдепсіз сөздер айту – ауыр күнә.

 

Бірде Әбу Һурайра (ол кісіге Алла разы болсын) жолда кетіп бара жатып Әбу Ғассанды жолықтырады. Әбу Ғассанның соңынан бір кісі еріп келеді екен. Әбу Һурайра артқы жақта келе жатқан кісінің кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан ол кісінің әкесі екенін білдіргенде, Әбу Һурайра оған:

«Бұл ісің жөн емес, Алла елшісінің сүннетін ескермегенсің. Жүргенде әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!», – деді (әл-Хаким)

 

  1. Ата-анасы разы болмаған перзентке Алла лағынет айтады.
  2. Кімде-кім ата-анасына бейнет шектірсе, ол осы дүниеде және ақиретте жазаланады.
  3. Кімде-кім ата-анасын тыңдамаса немесе ата-анасы одан разы бомаса, ол Жұмаққа кірмейді.
  4. Тозақ есіктері – ата-анасына бойұсынбағандарға ашық.
  5. Ата-ананың разы болмауы – Алланың разы болмауы.
  6. Ананың дұғасы кедергісіз қабыл болады.
  7. Қартайған шақтарында ата-анасын қалдырып кеткен адам Жұмаққа кірмейді.
  8. Ата-анаға бағыну және оларға жақсылық жасауға тырысу – Алланың ең сүйікті амалдарының бірі.
  9. Перзенті үшін ата-ана оның Тозағына немесе Жұмағына айналады.
  10. Кімде-кім ата-анасының немесе біреуінің қабірін зиярат етсе, оның күнәлары кешіріледі.

 

Халық даналығында «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», «Анаңа рақым етпесең, балаңнан рақым күтпе», «Әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды» деген мақал сөздер бар. Адам өзінің әке-шешесіне қандай қарым-қатынас жасаса, алдағы уақытта оған балалары да дәл солай қарайды. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме халқымыз. Алла ешқашан құлдарына жамандық тілемейді. Жамандықты тілеп алатын құлдарының өзі. «Амалына қарай табары» демекші, адам баласы іс-әрекетіне қарай жемісін алады. «Не ексең, соны орасың» дегендей, кейде адам баласы басына келген қиыншылықтар мен қайғы-қасіреттердің себебі не екен деп ойға батса, әрбір қасіреттің астарында бір себеп барын байқайды. Тағдыр әрдайым әділетті түрде үкім береді. Құранда: 

«Жақсылықтың нәтижесі жақсылықтан басқа не болады?»,-деп («Рахман» сүресі, 60-аят)

жақсылық жасаушының ізгілікке тап болатыны айтылады. Осыған орай жамандық жасаушы да жамандыққа тап болады. Мұндай жиіркенішті істерді істемек түгілі ата-анамызға «түһ» деген сөздің өзін айтуға болмайтынын ескергенде ғана Жаратушымыз бен Алла Расулы (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мойнымызға артқан ауыр жүгін абыроймен арқалап жүре аламыз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру