Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әз Пайғамбар мақтаған 6 түрлі адам

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 17.11.2017 6768 0 пікір

 

Көптеген хадистерде адам баласын сауапқа кенелтетін амалдар жайлы жиі айтылады. Солардың арасында адам баласын үмбетінің ішінен даралап тұратын қасиеттерге ие «жақсы жандардың» да сауапқа кенелетінін ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айырықша атап кеткен екен. Бойынан дара қасиеті мен мұндалап, даралап тұратын ол адамдарға жеке-жеке тоқталайық:

 Дос бола алатын әрі өзгеге пайдалы бола алатындар

 

Жәбир ибн Абдулла (ол кісіге Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Мұсылман адам үнемі достық пен келісім іздейді әрі өзі де дос болуға құштар жан. Өзгелермен дос бола алмайтын әрі өзімен де дос болуға келмейтін адамда жақсылық жоқ. Адамдардың жақсысы – өзгелерге пайдалы болғаны»,-делінген. (әд-Дарақутни)

Өзгелерге пайдалы болу саңлақ сахабалар (ол кісілерге Алла разы болсын) арасында да жоғары бағаланған қасиет болатын. Ол кісілер өздері жәрдем берген адамға қарыздармыз деп санайтын, себебі сол адамдарға көмек беру арқылы Алладан сауап алдық дейтін. Ибн Аббас (ол кісіге Алла разы болсын):

«Мына үш адамға қарыздармын: маған бірінші болып сәлем бергенге, жиында ығысып маған орын бергенге және маған сәлем беру үшін жолға шығып, аяғын шаң басқан адамға. Ал төртінші адамға келер болсам, ол адамның маған жасаған жақсылығын Алла Тағаладан өзге ешкім өтей алмайды, ол басына қиыншылық келгенде түнімен «кімнен көмек сұрасам екен» деп ойланып, мәселесін шешіп бере алатын лайықты адам деп мені тауып, менен келіп жәрдем сұраған адам»,- деп айтқан.
Отбасына жақсы мәміледе болатындар

 

Айша анамыздан (ол кісіге Алла разы болсын) жеткен хадисте ардақты елші (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Сендердің араларыңдағы жақсыларың – жанұяларыңа жақсы болғандарың», -деген. (Тирмизи)

Сондай-ақ, өзге бір хадисте: «Сендердің иман тұрғысынан ең үстемдерің мінезі жақсы болғандарың және отбасына ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғандарың»,- деген. (Ахмад, Тирмизи)

Бірінші сәлем беріп әрі мәмілеге бірінші болып келетіндер

 

Адамдармен достасу кейбір хадистерде намаз, тіпті ораза мен садақадан да жоғары орынға қойылған. Өкпесі ұлғайып, достық қатынасы үзілмей тұрып мұсылман бауырымен бірінші болып мәмілеге келген адам ардақты елші атап кеткен «жақсылардың» қатарынан орын алған:

«Бір мүміннің мүмін бауырына үш күннен артық суық қабақпен қарауы адал етілмейді. Кезігіп қалғанда олар теріс айналады, алайда ең жақсысы - бірінші болып сәлем бергені» (Бұхари, Муслим).
Мінезі көркем болғандар

 

Қиямет күні мүміннің амал таразысында көркем мінезінен ауыр тартатын нәрсе болмайды. Мына өмірде болса көркем мінез жүректерге тыныштық, жанға жайлылық сыйлап және өзіңмен де, өзгелермен де қарым-қатынасымыздың жақсы болуына кепіл.

«Шын мәнінде, сендердің ең жақсыларың – көркем мінезділерің»,- деген әз елші. (Ахмад, Әбу Дәуід)

Сонымен қатар,

«Расында, қиямет күні маған сүйіктілерің әрі ең жақын отыратындарың – көркем мінезділерің»,- деп адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі көркем мінез екенін айтып кеткен. (Тирмизи)
Дүние мен ақыретін тең ұстаушылар

 

Ислам – орта жол. Шынайы иман еткен жан – дүниесі мен ақыретін қатар алып жүретін адам. Дүние, дұрыс пайдалана білген адамға ақыреттің бақытына қауыштырар көлік. Әнас ибн Мәліктен (ол кісіге Алла разы болсын) жеткен хадисте:

«Сендердің жақсыларың ақыреті үшін дүниесін, дүниесі үшін ақыретін тәрк етпеген және адамдарға масыл, жүк болмағандарың»,- делінген. (әс-Суюти)
Құранды үйреніп, оны үйрететіндер

 

Осман ибн Аффан (ол кісіге Алла разы болсын) Алла елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерің жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің»,- деп айтқанын жеткізген. (Бұхари)

Құран – бұл өмірде басшымыз, демеуші әрі жүрегіміздің тыныштығы болса, ақыретте – шапағат әрі дәрежемізді көтеруші. Құран аяттарын көп жаттаған адамның жұмақта дәрежесінің аса жоғары болатындығын Абдулла ибн Амр әл-Ас (ол кісіге Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте:

 «Құран иесіне (Құран оқып жаттаған адам) былай делінеді: Оқы және жоғарыла (төрлет), оқы, дүниеде қалай оқыған болсаң дәл солай оқы. Расында, сенің орның ең ақырғы оқылатын аятта»,-деп көрсеткен. (Ахмад, Әбу Дәуід, ибн Мәжа, ибн Хиббан, Тирмизи)

Алла Тағала баршамызды Өзінің ардақты елшісі атап кеткен «жақсылардың» барлық сатысынан болмаса да, бірнешеуінен бой көрсетіп, сол қасиеттерімізбен даралануды нәсіп етсін!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру