Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Адамзат асылының өмірінен алынған 7 өнеге

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 14.11.2017 5958 0 пікір

 

 

 

Адамзат тарихындағы теңдессіз тұлға – сүйікті пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Пайғамбарлар мөрі мен мырзасы болған ардақты елші күллі адамзатқа үлгі болуымен қатар, ғұмырлық жетістікке жету жолдарын да өнеге етіп кеткен.

1. Істі мүмкіндігінше жеңілінен бастау

Бұл жайында мүміндердің анасы Айша (ол кісіге Алла разы болсын) жеткізген хадисте:

«Алла елшісі екі шешімнің ең жеңілін таңдайтын»,- делінген. (Бұхари)

Яғни, әлі келетін істен бастау деген сөз. Мұндай адам, ақыр соңында өз дегеніне жететін болады.

2. Әр нәрседе жақсылық бар деп білу

Ардақты елші (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі пайғамбарлықтың алғашқы кезеңінде мүшріктер тарапынан болған қиыншылықтар мен қорлыққа тап болса да соңынан ерген сахабаларына аяттарымен дем беріп, сабырлыққа шақырып отырған. Ясир отбасына айтқан ақылы – мұның айғағы. Мекке кезеңінде нендей қиындық көрсе де, төзімін түгеспей, саны аз, қауқары да төмен мүміндерге:

«Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шынымен де, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар» («Инширақ» сүресі, 5-6- аяттар)

деген аяттармен үміт отын сыйлап, рух беріп отырған.

 3. Хижрет ету

Бұл Алла елшісінің (ол кісіге  Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хижретімен байланысты, яғни мұсылмандар үшін Меккеде тұру мүмкін емес жағдайға жеткеннен кейін мұсылмандар топтасып Мәдинға көше бастағаны тарихтан белгілі. Алайда пайғамбар үшін бұл хижрет тұратын жерін ауыстыру ғана емес, стратегиялық мәні бар қадам әрі Исламды таратуға жайлырақ орын табу еді. Мына бейбіт заманда хижретті физикалық емес, рухани тұрғыда жасаудың маңызы зор. Яғни, күпірлік шөлінен, шүкірлік айдынына, азғындық аралынан, тәубенің сарайына қоныс аудару рухани ластықтардан арылудың бірден бір жолы. Хақ Тағала Құранда да:

«Күмәнсіз, Алла  көп тәубе етушілер мен көп тазаланушыларды жақсы көреді»,- деген («Бақара»  сүресі, 222-аят) 
4. Дұшпаныңды досыңа айналдыр

Бұл жайында Қасиетті Құранда айтылған: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» («Фуссилат» сүресі, 34- аят). Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үнемі жамандыққа жақсылықпен жауап беріп отырған. Ол кісінің бұл амалы дін дұшпандарының жүрегін жұмсартуға себеп болған, артынша солардың барлығы әз пайғамбардың айнымас досына айналғанын білеміз. Дәстүрімізде де «Таспен атқанды аспен ат» деген қағида бар, бұл жерден асыл дініміз ислам мен көнеден келе жатқан дәстүріміздің сабақтастығын көреміз.

5. Дұшпаннан да үйрену

Бәдір шайқасынан кейін 70-ке жуық пұтқа табынушылар қолға түседі, оларға мұсылмандардың балаларын оқыту арқылы еркіндікке қол жеткізу рұқсатын береді. Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он мұсылманның сауатын ашқан тұтқын бостандыққа шығады деп жариялайды. Бұл ислам тарихындағы шәкірттері мұсылман, оқытушылар дұшпандары болған алғашқы мектеп болды. Адамзаттың асылы болған ардақты елші (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соғыс замандардында да айлы-шарғыны өз әдебімен шебер қолдана білген қолбасшы болғанының айғағы осы. «Ақылсыз достан, ақылды дұшпан артық» деген сөзді тарихқа үңіле қараған аталарымыз бекер айтпаса керек. 

6. Мейірімділік - ізгіліктің бастауы

Пайғамбарлар төресі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Буас шайқастарында бір-бірін жей жаздаған сол қоғамды өзара татуластырып, араларында жауластық пен дұшпандығы бір тыйылмаған тайпаларды ымыраластырып, осы негізде сол қоғам мүшелері арасында бауырмашылық орнатқан. Мекке алынғанда да алдына келген тұтқындарға: «Барыңдар, сендер боссыңдар»,- деген бір сөзі жүректерге иман орнатқан еді. Бізге де Құран Кәрім: 

«Расында, сендерге Алладан және ақырет күнінен үміт еткендер мен Алланы көп зікір еткендер үшін Алланың елшісінде жақсы үлгілер бар»,- дейді.
 7. Біртіндеп іске асыру

Бұл Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұстанған исламның қағидасы. Алла Тағала үлгі етіп таңдаған бұл жанға ұқсау – әрбір адамның мұраты болуы тиіс. Сүйікті пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсірілген алғашқы Құран уахиі жәннат пен жаһаннам туралы қысқа сүремен басталды. Содан кейін біршама уақытқа уахи тоқтайды да, адамдардың жүректері жұмсарып, аяттар адамдардың жанына жетті-ау деген кезде ғана зина мен ішімдік ішуге тыйым салған аяттар түскен. Осылайша, қоғамға терең тамыр жайған жағдайларды өзгертуде асығыстық жасалмаған. Мұндай ерекшелік Алланың адамзат қоғамына қойған жүйесінің қажеттілігінен туындаған. Бұл ислам діні қоғамның революциялық емес, эволюциялық жолмен, яғни сатылап, біртіндеп дамитындығының көрнекті дәлелі.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру