Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ержеткен ұлым намаз оқымайды

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 14.11.2017 4515 0 пікір

 

Сұрақ: 17 жасқа толған ұлым діннен алыс, намаз жайлы айтар болсақ, үнемі әкесі екеумізбен дауласып, ұрсысып жүреді. Қандай кеңес бересіздер? 

 

 Жауап: Мұндай сұраққа бірден жауап беру оңай емес, өйткені кез-келген жағдайдың өзіндік ерекше, дербес себеп-салдары болады. Бір адамды қандай да бір әрекетке итермелейтін себепті дөп басып, бірден айта салу дұрыс болмас. Әлбетте, «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетпек» демекші, маңызды істі қолға алуда біраз кешіккендеріңіз рас, дегенмен өзгертуді қажет ететін мәселе бар.

Мәселе мынада: егер ұлыңызды намаз оқуға мәжбүрлесеңіз, онда ол сіздің қатаң бақылауыңызбен ғана құлшылық етіп, сіз қасында болмаған кезде намаз туралы есіне де алмайтын болады. Мұндай қарым-қатынастың қауіптілігі сол, ақыр соңында ұлыңыздың Исламға деген, соның ішінде, намаз оқуға деген теріс көзқарасының қалыптасуына өзіңіз себепші болуыңыз мүмкін. Құдайға құлшылық жасатпақшы болған бұл әдістен түбегейлі бас тартуға кеңес беремін. Баланы әуелі тыңдай білген жөн. Ашылып әңгіме айтқан бала өзінің ішкі дүниесін де ақтарып береді. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді, десе де әр бала ақылды. Олар балалықпен ғана қате жасайды. Сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен, оған ұрысу, жазалау, қол жұмсау – дұрыс емес, онда ата-ананікі үлкен қателік болып саналады. Адамды бір нәрсені жасауға итермелеудің ең тиімді тәсілі, оның өз тілегі мен қызығушылығын тудыру екені айдан анық нәрсе. Жалпы алып қарағанда, жұбайыңыз екеуіңіз өздеріңізге қажет нәрсе – ұлдарыңыздың намаз оқуын ғана ойлайсыздар. Ал, менің берер кеңесім, ұлдарыңыздың не үшін сіздердің қалауларыңызға қарсы келіп жүргені туралы ойлану. Нақтырақ айтар болсақ, ұлыңыздың өз ойын сіздермен бөлісуіне кедергі болмау керек. Ата-анасының тарапынан қолдау көрмейтін баланың бойында мұндай әдеттер жиі кездесіп жатады.

Ұлыңызбен ой бөлісіп, оны алаңдатып жүрген мәселелерді білуге, оларды бірлесе отырып шешуге тырысқан абзал. Бала әкені сенімді дос ретінде санайтын болсын. Үлгі тұтатын әке болсақ, баламыз да бізге адал дос, қолдаушы болады. Ұл бала ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлықты бойына әкесіне қарап сіңіреді. Бұл бір, енді екінші маңызды мәселе – ұлыңыз үшін намаз қаншалықты маңызды?

Кейде баламыздың діни сауаты мен іргетасы дұрыс қаланбағандықтан, қойған талаптарымыздың мәнін жете түсінбей намаз, ораза секілді парыз амалдарға немқұрайлы қарап жатады. Жаратушы тағдырға ізгілікті жазғаннан кейін, әкенің міндеті – баланы мұсылмандық әдепке үйрету. Лұқман сүресіндегі:

«Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: “Әй, балақаным! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу – зор зұлымдық... Әй, балақаным! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден»,-деген аяттардан бала тәрбиелеу методикасын үйренуге болады.
Алла елшісі де (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды»,- деген.

Шариғат негіздерін барынша жұмсақтықпен жеткізе отырып, баламыздың көзқарасын өзгертуге мүмкіндік аламыз. Айтқандарымыз жүрегіне ұялаған соң барып, баламыз дінде ыждаһаттылық таныта бастайды.  

Алайда, жоғарыда айтылғанның барлығы баламызды өз еркімен қойып қою дегенді білдірмейді, керісінше, әр уақытта жанынан табылып, әкелік салмақты сөздің ұлыңыздың тәрбиесіндегі маңызын ескерген жөн. Ұлымыздың жақсы жақтарын дәріптеп, сәті түскенде онымен ақылдасып әрі үйде де жайлы жағдай жасауға тырысар болсақ, жақындарының жанашырлығын сезінген баланың көзқарсы түбегейлі өзгеретіні анық. «Жақсы сөз - жарым ырыс» дегендей жақсы сөз және көркем үлгімен әрқашан үлкен жетістіктерге жетуге болатынын естен шығармайық.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру