Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мүміннің 6 қорқынышы

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 30.10.2017 5921 0 пікір

Иман келтіріп, игі амалдар жасаған жандар туралы Қасиетті Құранда: «Оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды» (2:62) делінген. Алайда, бұл ізгі хабар мүміндердің арғы дүниедегі хәлін меңзеп тұр. Өйткені, бұл дүниеде мүміндер келешек өмірдегі жағдайларының не боларын ойлап, Алла алдында үнемі қорқынышта болады. Ілгеріде өткен ізгілер иман келтірген момын-мұсылманның бойын өмір бойы 6 қорқыныш билеп жүретіндігін айтып кеткен болатын.

1. Иманнан айырылудан қорқу.
Алла Тағала Құранда: «Әй мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да Мұсылман болған күйде ғана өліңдер (3:102) дейді. 
Ал басқа аятта: «Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқытпа. Және бізге өз қасыңнан игілік бер. Күдіксіз Сен өте берегенсің» (3:8) делінеді. 
- «Сонда олар, жолдан тайған кезде, Алла олардың жүректерін тайдырған еді. Алла бұзақы елді тура жолға салмайды» (61:5).
- «Алла, олардың жүректерін теріс айналдырған. Расында олар түсінбейтін әлеумет» (9:127),
2. Қиямет күні амал кітабының сол қолдан берілуінен қорқу.

Қасиетті Құранда: «Ол күні жер, уақиғасын түсіндіреді; Раббыңның оған білдіруімен» (99:4-5) деп, айтылған.

Түсініктемеден: Ол күні жер жерді мекен еткен барша жаратылыстың бүкіл жақсы және жаман амалдары туралы куәлік беретін болады. Алла жерге оның бетінде не болып, не қойғанын толықтай айтып беруге бұйырады, ал жер Оның бұйрығына қарсы келе алмайды. Осылайша, қара жер адамзат баласының амалдарын айдан анық етіп айтып беретін куәлердің бірі болады. «Қазақтың қара жер айтып бармасын» деген сөзі осыдан қалса керек?! 

3. Шайтанның азғыруына еріп, алданып қалудан қорқу. 
«Ібліс: «Раббым, мені қаңғыртқандығың үшін; әлбетте адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын” деді. Бірақ, олардың ішіндегі нағыз құлдарыңды адастыра алмаймын (деді)» (15:39-40)

Алла Тағала Адам Атаны жаратқан кезден бастап, Жұмақтан қуылғандығы үшін күллі адамзат баласына деген ашуы мен қызғанышы бір сәтке де басылмаған шайтан әлі күнге адамға қатысты арам ойлары мен қастығын әр кез жаңа сынақ пен азғырулар ойлап табу арқылы іске асырып келеді. Ал мүмін болса, шайтанның арбауына төтеп бере алатын, келесі аятта айтылған өте аз топтың ішіне кіре алмай қалудан қорқады: «Ібіліс: "Осы, менен ардақты еткен  /адамды/ көр де тұр! Егер мені қиямет күніне дейін кешіктірсең, әлбетте /адамның/ ұрпақтарының өте азынан басқасын құрдымға кетіремін" деді». (17:62)

4. Ажал келген соңғы сәтте тозақтық амалмен көз жұмудан қорқу.

Адам баласының соңғы сәтіндегі күйі – оның арғы дүниедегі бақытты не бақытсыз болуының көрсеткіші. Егер иман келтірген мұсылман күйінде жан тапсырса, онда Алланың қалауымен, оның халі жақсы болмақ...

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Раббыңа, саған өлім келгенге дейін құлшылық қыл» (15:99) деп бұйырған.

Сондай-ақ, хадисте де былай келтірілген: «Адам қандай халде өмір сүрсе, сол халінде өледі және сондай халде тіріледі» (Мүслим)

5. Дүние алданышына елігуден қорқу.

Кейбір сахабалар күйбең тіршілік қамына сәл ғана алданып қалғандығына бола өздерін екіжүзділер қатарына жатқызатын болған екен. Алайда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды әрбір істің өз орны бар деп жұбататын болған. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Негізінде дүние тіршілігі алданыштың ғана нәрсесі» (3:185). дейді. Сондықтан да иман келтірген пенде күйбең тіршіліктің қамы үшін ең маңызды - ақіретін ұмытып кетуден қорқуы тиіс. Иә, нәпақа табу да маңызды, тек сол нәпақаның соңына түсіп, Жаратушыны ұмытып кетпеу керек.

6. Алла Тағаланы ұмытудан қорқу.
Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Негізінде малдарыңды және балаларыңды сынақ деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар» (8:28) дейді.
Сондай-ақ, Ибн Әби ад-Дуня келтірген хадиске сай Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Сөзсіз, бұл дүние баянсыз, ал о дүние мәңгілік мекен. Баянсыз дүние сендерді адастырып, жолдан тайдырмасын әрі мәңгілік нәрсені сақтап қалуға кедергі келтірмесін. Өткіншті нәрседен гөрі мәңгілік нәрсені артық көріңдер. Бұл дүниенің соңы бар, Аллаға қайтарылатын күннен қорқыңдар» дейді.

Иманды адамның жүрегіне екі түрлі тыныштық сыймайды екен: бұл дүниедегі және Қиямет күніндегі тыныштық. Кімде-кім осы дүниеде өзінің келешегі туралы қорқыныш сезінбесе, ол оны келесі өмірінде сезінеді. Ендеше әр момын-мұсылманның келесі үш сұрақ жайлы алаңдауы қажет. Олар: «Иманды болып өлемін бе?», «Қиямет күні амал дәптерім қай қолымнан (оң немесе сол) беріледі?» және «Қиямет күні қай топта (оң немесе сол) боламын?» Кімде-кім осындай үреймен бұл өмірін өткізер болса, Алланың қалауымен, мәңгілік әрі маңыздырақ өмірде бұл қорқыныштан ада болады...

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру