Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имам Бейіс Тәктенұлы

Шыңғыс ОРАЗАЛЫ, исламтанушы, "Иман" журналы www.muftyat.kz 13.10.2017 5176 0 пікір

Бейіс Тәктенұлы 1849 жылы Баянауыл өңірінде туған. Тегі Арғын тайпасы-ның Сары Қозған руынан тарайды. Жасында ата-анадан жастай жетім қал-ған талапты бала ауыл молдасынан хат таниды. Арада біраз уақыт өткен соң, 1865 жылы Ташкент-тегі «Көкілташ» медресесіне оқуға түседі де одан Бұқарадағы «Көкілташ» медресесіне ауысып онда 1870 жылға дейін оқиды. Ханафи мәзһабы бағытындағы білімін және қадими ілімін шыңдап, 1871 жылы Меккеге қоныс аударады.Ол жерге үйреніп-төселген соң, Меккедегі Құнанбай қажының тәкиесі аталатын қонақүйде тұрады.

Одан әрі Мекке қаласындағы Хамидия медресесіне түсіп оқиды. Онда Шафии мәзһабының негіздерін үйренеді. Осы жердегі оқуын аяқтаған соң, Мәдина қаласына барып, Махмудия медресесінен білім алады. Талапты шәкірт онымен де тоқтамай, ендігі жерде Каир қаласына барып, әйгілі әл-Әзһар оқу орнын бітіреді. Осман империясына қарайтын арабтардың ортасында өмір сүріп, елдің арасында Биһишт әл-Басари деген атпен белгілі болады. Хазірет 1891 жылы Уфа мұсылман мәжілісінің шақыруымен Ресейге келіп, өзінің білім деңгейіне сай Ресей мұсылман мәжілісі-нің мүшелігіне сайланады.

1906 жылғы 15-22 қаңтар аралығында Санкт-Петербург қаласында өткен екінші бүкілресейлік мұсылман құрылтайында «Өлген адамнан жәрдем сұрау және дәуір айналдыру» мәселелері бойынша Бейіс хазірет сөз сөйлеп өз шешімін білдіреді. Атап айтқанда, дәуір айналдыру туралы былай дейді:

– Қариялардың қарапайым қағидалары бойынша, өлген кісінің дәуірін айналдырады. Бір дәуірде бір кісінің (марқұмның) підиясына екі жылқы байлады. Келімсек молданы дәуіріне отырғызып, бір жылқы берді. Дәуірде отырғанда өлген кісінің күнәсін сол келімсек молдаға арқалатып, «күнәсін көтерсін» деп берді. Менің білетінім, «Куһистани», «Дүр әл-мухтар» деген кітаптарда дәуір жолы туралы жазылған. Бұл дәуір қайдан шыққан, әрине «дәуір (айналдыру) бұрыс». Бұл дәуірдің аят пен хадис-терде еш негізі жоқ.

Ал, өлген адамнан жәрдем сұрау туралы: «Шатақтың көбі ишанда. Қыдырымпаз, қожа біткеннің тойымы жоқ, тәубесі аз, тоқтіленші. Түркістаннан келген ишандар, қасида оқып керемет көрсетеді. Өз басының тазалығы болмаған адамнан керемет күтуге болмайды. Надан сопы Тәңірге тілінің ұшымен табынып, ындыны құлқынына бағынып тұрады. Бақсының арты жын болады. Пірге сиыну, әулиенің бейітіне түнеп қажетін тілеу дұрыс емес. Өлген адамнан жәрдем сұрау шариғатта дұрыс саналамайтын іс! Тірі адам үшін дұға жасау орынды.

Ғибадатында пенде Раббысына бір затты (Оған) серік қоспасын!» - деп пәтуә береді. Иманның мұндай пәтуәсі мен тұжырымдары жетерлік.

1897 жылы жергілікті қазақтар Бейіс хазіретке Қаратүбек деген жерде медресе ашуға көмектеседі. Хазірет қазақтарды шоқындыруға көшкен Тобольск әкімдігінің мұсылман қауымына зиянды миссиясына қарсы белсенді күрес жүргізеді. 1902-1903 жылдары өзі Меккеде тұрған кезде жақсы таныс болған Меккенің әкімі Аун әл Рафиқпен байланыс жасайды. Осы қарым-қатынастың нәтижесінде 1901 жылдан бастап Бейіс хазіреттің құрметіне қажылыққа барған қазақтарға Қағбаның кисуасын сыйлап жіберетін болған. Кисуаның жыртыстарын жұрт: «Байтолланың қара жабуы» деп атаған екен. 1903-1905 жылдары Осман империясының билігімен хат жазысады.

Соның нәтижесінде Науан хазіретпен бірге Осман патшасы Абдул Хамид ІІ-шіге Мемлекеттік думаның депутаты Шәймерден Қосшығұлов арқылы хат жолдайды. Хат авторлары патшаның қазақтарды шоқындыру саясатына байланысты оларға араша түсуін өтінеді. Соның нәтижесінде түрік сұлтаны Ресей патшасы ІІ-ші Николайға хат жіберіп, түріктерге бауырлас қазақ халқының дін ұстаудағы құқына қол сұқпауын сұрайды.

Солтүстік облыстардағы қазақтарды шоқындыруға қарсы күрес тұсында Ақмола облыстық басқармасы тыңшыларының хабарлауынша Бұхара әмірлігінен де, Осман империясынан да «күдікті адамдар» Бейіс хазіретпен байланыс жасап тұрған екен. 1913 жылы Бейіс хазірет Атбасар уезіндегі татар оқушылары қоғамының да мүшесі болған. Ол Алашорда өкіметін құру үшін олардың өкілдеріне барынша көмектескен. Алаш қайраткерлері Айдархан Тұрлыбаев, Мұқан Әйтпеновтермен жақын араласқан. Хазірет 1917 жылы дүние салып, Атбасар уезінде жерленген.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру