Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Перғауынның сарайына келуі

"Әнуарул-ғашиқин" кітабынан www.muftyat.kz 09.10.2017 19640 0 пікір

 

Алла Тағала Қасиетті Құранда былай деген:  

«(Мұхаммед Ғ.С.) Кітаптағы Мұса (Ғ.С.) ны есіңе ал. Рас ол, ықыласты әрі жіберілген пайғамбар еді» (19:51).

Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) былай дейді:

«Мысырдың билеушісі Мәлік Райян өлгенде, оның орнына Уәлид есімді ұлы бар Мұсаб сұлтан болады. Мұсаб баласы Уәлидті  ағаш ұсталығына береді. Бір күні ол шеберден қашып кетеді. Содан оны  «өзі қашып кетті» деген мағына беретін «Перғауын» деген атаумен  атап кетеді».  

Перғауын бір ақсүйектің ат күтушісі болып қызмет етіп жүреді. Сондай-ақ, қала қақпасының қасына отырып алып, жерлеу рәсімін өткізу үшін деп жерлеуге келгендерден ақша жинайтын.

Күндердің күнінде Мысыр сұлтанының әйелі қайтыс болады. Мәйітті жерлеу үшін қала қақпасынан шығарып бара жатқанда, Перғауын ақша беруін өтінеді. Оған ақша береді, бірақ бұл жөнінде билеушіге жеткізеді, ал ол өз кезегінде, қатты ашуланып оны өлтірмекке ұйғарады. Перғауын жерлеуден жиған-тергенінің бәрін әміршіге қайтарып береді. Әмірші оны бостандықта қалдырып, түнгі барлаушылардың басшысы етіп тағайындайды да:   

«Егер түнде әлдекімді көрсең, оны өлтір», - деп бұйырады.

Бір күні әмірші Перғауынның өз міндеттерін қалай атқаратынын тексермек болып, уәзірімен бірге түнде көшеге шығады. Күзетшілер ұстап алып, оларды Перғауынға алып келеді. Перғауынның бұйрығы бойынша уәзір де әмірші де сол жерде өлтіріледі. 

Міне, осылайша, Перғауын Мысырдың тағына отырады. Перғауын үш жүз тақ дайындауға бұйрық береді. Сол тақтарға Перғауынның ақсүйектері жайғасады. Оның жүз мыңдаған құлдары болған әрі әрбірінің мойнында алтын жүзік болатын. Перғауын да, оның маңайындағылар да иман келтірмеген кәпір болатын.

Осы Перғауынның билік еткен уақыты Имранның ұлы Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дәуіріне сәйкес келеді. Мұса деген есім екі сөзден тұрады. «Мұ» - су және  «са» - ағаш, демек, «Мұса» сөзі жалпы алғанда, мынадай мағынаны білдіреді: «су мен ағаштың арасында келген».

Хадиске сай, бір күні Перғауын түс көреді, түсінде Иерусалимнен келген от бүкіл Мысырды жалмайды, сол өртте күллі иман келтірмеген кәпірлер жанып кетеді. Ал Исраил ұрпақтарына (еврейлер) ештеңе болмайды. Ұйқысынан тұра сала, Перғауын түс жорығыштарға жүгінеді. Сонда олар оған:  

«Исраил ұлдарының ішінде жуырда бір ұл дүниеге келеді, ал сенің өмірің сол ұлдың қолында болады» дейді.
Осыдан кейін Перғауын Исраил тұқымынан болған жаңа туған ұлдардың бәрінің көзін құртуды талап етеді.  

Бір деректерде, тоқсан мыңнан артық бала өлтірілгені айтылған. Сонда Перғауынға Мысырдың танымал адамдары келіп, бір жылы балалар өлтірілсе, келесі жылы балалардың өлтірілмеуін сұрайды. «Әйтпесе бірде-бір бала қалмайды», - деп өтінеді.

Перғауынның бұйрығы бойынша,  сол жылы балалар өлтірілмейді. Сол жылы Харун хазірет дүниеге келеді. Ал Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) балдардың өлтірілетін жылы туады. Ұлы туа салғанда Перғауынның адамдарынан қорыққан Мұсаның ата-анасы оны отқа тастайды. Алайда от пайғамбар болар балаға еш тиіспейді. Шарасыздықтан анасы ұлын сандыққа салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Ішінде нәрестесі бар сандық өзенге ағып кете барады. Өзен арнасының бірі Перғауын сарайының маңынан ағатын, ағыс сандықты тура сол жерге алып келеді. Ал сандықты Перғауынның әйелі тауып алады. Ол сәбиді сандықтан шығарып алып, өзімен алып кетеді әрі баланы өте жақсы көріп қалады. Перғауын ұлды қатты өлтіргісі келсе де, әйелінің өтінішіне қарсы келе алмай, бұл ниетінен бас тартады. Оған қоса, Перғауынның өз кіндігінен бала болмаған.

Содан баланы емізетін әйелдерді шақырады. Алайда, бала ешкімнің омырауын ембей қояды. Сол арада сандықтың артынан жүріп отырған ұлдың апасы бұл сәбиге ең жақсы бала емізетін әйел тауып беретіндігін айтады. Осылайша, Мұса өзінің туған анасымен қауышады...

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру