Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өзара жәрдемнің маңыздылығы неде?

www.muftyat.kz 25.09.2017 4013 0 пікір

Исламды өзара жәрдем діні деп сенімді түрде айтуға болады. Осы мәселеге қатысты Ислам діні қаншалықты көңіл аударған?  

Адамдардың бір-біріне мұқтаждығының өзі өзара жәрдем көрсетудің қажет екендігін көрсетеді. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай дейді:

«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер» (5:2).

Өзара жәрдем мүлікпен де көңілмен де жасалады. Кейде өзара жәрдем зекет төлеу сынды міндетті сипатта болып келсе, кейде садақа беру сынды ерікті сипатта болады. Осы ретте, әрбір игі іс пен жақсы сөздің жақсылық екендігін ескерсек, онда жақсылықта өзара жәрдемде болу расында шексіз болмақ.

Жақсылықта өзара жәрдемдесудің себебімен адам мен қоғамда келесідей өзгерістер болады:
  1. Жақсылықта өзара жәрдемдесудің арқасында мұқтаждардың мүдделері қорғалады. Оларға көрсетілген материалды көмек, оларды ұрлықтан және басқа да зұлымдықтардан қорғайды.
  2. Жақсылықта өзара жәрдемдесудің арқасында көмек қолын созған адам мен көмек алушының арасында сүйіспеншілік пайда болса, ал қоғам жеккөрушілік, дұшпандық, көреалмаушылық сияқты кемістіктерден құтылады.
  3. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға көмек көрсетушілермен бірге болуды нұсқаған. Кімде-кім қиын-қыстау кезде мұсылмандардан көмек көріп, олардың сүйіспеншілігіне бөленіп, түсіністік  тапса, кейін өзі де басқаларға жәрдем көрсететін болады.
  4. Зекет пен садақа сияқты материалды көмектер мұсылман қауымында бірліктің пайда болуының маңызды себептерінің бірі болып табылады. Сондай-ақ, бай мен жарлының, тоқ пен аштың арасындағы алшақтықты жойып, өзара сүйіспеншілік пен өзара құрметтің пайда болуына әкеліп соғады.
  5. Жақсылықта өзара жәрдемдесу кеңінен таралған қоғамда достық пен бауырмалдық дәнекері нығайып, кедейлік әрі онымен бірге жүретін тіленшілік кетеді.
Жәрдем көрсетуде келесі сәттерге көңіл аударған жөн:
  1. Көмек мақтанушылық немесе пайдакүнемдік үшін емес, тек Алла разылығы үшін ғана көрсетілуі қажет.
  2. Көмек шынымен мұқтаж жандарға әрі кедейлерге көрсетілуі тиіс.
  3. Көмек ретінде нашар, сапасыз немесе қажеті болмайтын мүліктерді беруге болмайды.
  4. Көрсетілген көмекті міндетсуге болмайды, ондай болса бұл көмек сауаптан айырылады.
  5. Кез-келген көмек түрін кемсітуге әрі елемей қоюға болмайды.
  6. Көмек дер кезінде көрсетілуі керек, ал дер кезінде көрсетілмеген көмек өз мағынасын жоғалтады.
  7. Көмек көрсетуде жасырын қалу қағидасын ұстанған абзал.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру