Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сыр сақтау – арлының ісі

Сейітұлы Алдажар, ҚМДБ-ның Алматы облысы, Қапшағай  қалалық мешітінің бас имамы       02.08.2017 10283 0 пікір

Қазіргі қоғамның дерттерінің бірі – сыр сақтаудың, сыр алдырмаудың, сыр шашпаудың өте-мөте азайып кеткенінде болып отыр. Сыр – біреудің саған берген аманаты. Сырды сақтау – әз Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асыл қасиеттерінен. Инсанның Жаратушысына құлшылық қылуы, ораза ұстауы, жасырын садақа-зекет беріп, тәспі-зікір етуі, бұның барлығы да көпшілікке жария қып шаша бермейтін сыр амал. Иманды жан рухани кемелділікке ұмтылғанда, ең бірінші, айналасындағы ағайынмен ара-қатынасын түзей бастайды. Ой түзелсе, сөз түзеледі. Сананы Жаратушының қалауына ырықтап, шығар сөзді имани ой елегінен өткізіп, салиқалыққа бой ұрған адам қай кезде де достары мен туыстарының жадында. Сөзге берік адамға достары сенім білдіріп, сұхбаттасып, сырын ашып жатады. Сол сырды сақтау - достық әдептерінің бірі. Алла Тағала Құранда: «...Сертті орындаңдар! Сөзсіз (қияметте) серттің де сұрауы бар!» - деп ескертеді (Исра сүресі, 34-аят).

Сеніп тапсырған сырды жариялау – сол адамның қадір-қасиетін аяққа таптау болып саналады. Сол үшін иманды жан Алла Тағала алдындағы жауапкершілікті сезініп, бір ортада айтылған сөзді екінші бір ортаға салмағаны абзал. Бір ауыз сөзбен адамды жақын етуге де, болмаса, көңілін қалдырып, әбден алшақ етуге де болады. Һәкім Абай «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» - деп текке айтпаған. Өкінішке орай, адамдардың басым көпшілігі сөздің осы құдіретін жете түсінбей, өздеріне де, өзгелерге де залалын тигізіп жатады. Баба Қазақ: «Аз сөз алтын, көп сөз көмір» - дейді. Сөз сараламай, көп сөйлеген адам өзіне ғана емес, өзгені де өсек-аяңмен жалмап, қиянат келтіреді. Сол үшін ойға келген әр сөзді бақылап, кесір келтірер тұста үндемеген ләзім. Үндемеу - даналықтың белгісі. Даналық – Алладан келген хикмет.

Адамның сыр бөлісетін кісісі басқа біреудің ар-ожданын сыйлай білетін, әрі оның намысын таптатпайтын аса сенімді де иманды болғаны абзал.  Сенімсіз кісілерге аманат тапсырылмауы, ар -ұяты жоқ адамдарға сыр айтылмауы керек. Сыр сақтау, әрі басқалардың сырын құрметтеу - толығымен ар-абырой мен иман-сенімге қатысты мұсылмандық қасиет. Имам Әбу Хамид Әл-Ғазали (р.а) сөз тасуға, сыр ашуға қатысты: «Өсекшілік, яғни сөз тасымақ. Алла оның сұмдығы жөнінде көптеген хабар берген. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өсекші жұмаққа жуый алмас және сендердің араларыңдағы жаман адам – сөз таситындар» депті. Біреу бір әкімнен былай деп сұрапты: «Аспаннан кең не? Оттан ыстық не? Темірден қатты не? Жетімнен қор не?». Сонда әкім: «Ақ іс – аспаннан да кең, күнәсізді балағаттау – жерден ауыр, ұрық-аймағында кек сақтап, өшпенділікпен қарау – мұздан суығырақ, қаскөйлік – оттан да қызулы, кәпірдің көңілі – темірден де қаттырақ және өсекші, сөз тасушылар – жетімнен де қор» деп жауап беріпті. Білген жөн, өсекшілік – екі кісі арасында сөз тасу ғана емес, ол – кісінің сөзі мен пейіл-құнын әшкерелеп, ренжіту.    Біреу әкімнің алдына келіп «Пәлен кісі сізді жамандады» дегенде, әкім: «Маған бұл хабарды айтып үш қиянат жасадың: бірі – көңілсіздендірдің, ашық көңілімді уайымға қалдырдың және өзіңнің жылпостығыңды көрсеттің» депті. Хасан Басри (р.а) айтқан екен: «Егер саған біреу сөз жеткізсе, ол сенің сөзіңді де біреуге жеткізер» - деп. Сондықтан да өсекшіден өзіңді аулақ ұстап, оны дұшпаным деп есептеу қажет. Оның құны-пейілі – қиянат, қастандық, тазалықтан жұрдай. Өсекшіліктің үлкен апат екенін білген жақсы. Оның себебінен нақақтан қан төгіледі» деп ескертеді (Бақытқа жету әліппесі. Имам Ғазали, 7-б.).  

Сырын жұртқа жайып салған адамға тағы бір сенім білдіру - ол әлгі адамның ақылсыздығы мен сырлас дос таңдаудағы әлсіздігін көрсетеді. Жүрегінде иманы берік және көзі ашық, көкірегі ояу адам екінші мәрте алданбайды.

Адам біреуге белгілі бір жайды түсіндіруі қажет болған жағдайда оны дұрыс түсіндіруі тиіс, алайда барынша сақ болуы керек. Кез келген жерде, елдің көзінше жүрегіндегі сырларды ақтарып жая беретіндер бір күні өздерін де, әңгіме қылған адамын да үлкен дауға жетелейтінін ешқашан естен шығармауы керек.

Әнас ибн Мәлик (р.а.) айтады: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені бір шаруамен жұмсаған болатын. Сол себепті анамның алдына кешігіп бардым. Үйге келген кезімде анам сұрады:

- Неге кешіктің?

- Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені бір шаруамен жұмсаған еді, - дедім.

- Қандай шаруа? - деп сұрады.

- Бұл – сыр!

- Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сырларын ешкімге айтпа! – деді.» [Мүслім, Фазаилүс-Сахаба 145]

Әңгімені бастаудан бұрын хадисті Имам Бұхари «Сыр сақтау» жайындағы бөлімде келтіргенін айту ләзім. Кейбір ғалымдар бұл сыр пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасына тиісті екенін, әйтпесе, оны жасыру Әнасқа (р.а.) халал болмайтынын ескерткен. Ибн Баттал: «Әһлу ілімнің пікірінше, иесіне зиян тигізетін сырды ашу мүбәһ емес. Бірақ, адам өлген соң, тірі кезінде құпия болған жайттардың сыр тұтылуына қажеттілік жоқ» - деп айтады. Бірақ, ол адамның абыройына нұқсан келтірмеуі шарт.

Сыр жария болса, оның мына үш түрлі санаттың біріне зияны тиеді:

  • Адамның жеке басына тән сыр жария болса, сол адамның ғана ар-намысы аяққа тапталады;
  • Отбасылық сыр аян болса, отбасының намысы тапталады;
  • Қоғамға қатысты құпияның жібі сөгілсе, ұлттық мүддеге нұқсан келеді.

Ибн Хажар (р.а)  осы тұрғыда айтады: «Біреудің сырын қазасынан кейін ашу не ашпауға байланысты анық үкім жоқ. Мұндай кезде төмендегі жағдайға қарап әрекет етіледі:

Мүбәһ жағдайлар. Бұл мұстахаб болуы да мүмкін. Тіпті, сыр иесі қаламаса да. Егер сөз кісі тақуалығынан хабар беретін кереметтілік пен басқа да жайттар туралы болып жатса.

Мәкрүһ жағдайлар. Бұл кейде харам болуы да мүмкін. Бұған ибн Батталдың жоғарыдағы пікірі негіз болады.

Уәжіп жағдайлар. Егер сөз төркіні орындалуы тиіс болған міндеттер мен борыш жайлы болса.

Сыр сақтау турасында: «Сырымды сақта, сенімді боласың!»,«Бір мұсылман екінші мұсылманға сырын айтса, оны сақтау достық борышы болмақ» - деген секілді Әнастан (р.а.) тағы бірнеше хадистер риуаят етілген.

Біреудің саған деген сенімін аяқасты етіп, жұртқа жаю жақсы емес. Түптеп келгенде ол сыр оның абыройы болуы мүмкін. Айтылған сырдың көкіректе берік байлаулы болғаны ләзім.

Жаужүрек баһадүр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз, өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды» - деп адамның өзінің сақ болуын ескертеді. Осы ретте сырласудан бөлек, ішкі сырыңды сақтай білу де маңызды істерден екенін ескере жүрген абзал.Сырға берік, сөзге бекем болайық!

                                                       

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру