Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Кеңес одағы дәуірінде қазақ исламды қалай ұстанды?

Асхат АКМАМБЕТОВ, Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы. 25.07.2017 4807 0 пікір

Қазіргі таңда Қазақтар ислам дінінің «сунниттік» бағытын ұстанған деген тұжырымды еш жалтақтамай еркін айта аламыз. Бұлай деуіміздің себебі, 70-80 жыл бойы ата-бабаларымыз «дін» деген қасиетті ұғымды айта алмай кетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін дініміз оралды-ау, әйтеуір, деп Аллаға шүкір айтып жүрген жұртымыздың қуанышында шек жоқ екені бәрімізге жасырын емес. Демек, сол бір қиын-қыстау кезеңде ислам дінінің рухани құндылықтарын айтып дәріптемесе де жүрек төрінен орын беріп, сеніміне берік болған халық екенімізді жадымыздан шығармауымыз қажет.

Сонда да қазіргі кезде ата-бабаларымыздың дінін, тарихын оқып білуге құштарлық танытып, кітап беттеріне үңілсеңіз исламнан басқа діннің бәрін ұстанған екен деп қаласыз. Мәселен, мектеп оқушыларына арналған тарих оқу құралдарын, бұған қоса кітапхана сөрелерінде орын алған көптеген кітаптарды айтам. Жаратушыдан басқасының бәрін қасиетті-құдіретті деп біліп соларға табынған халық ретінде көрсетілген. Әрине, бұндай ой-пікірлердің қаншалықты шындықпен жанасатындығына күмәнмен қарау-қарамау әркімнің жеке ісі. Ата-бабамыздың шын мәніндегі ақиқат жолын дәріптеу бір менің емес қала берді бүкіл қазақ ел-жұртының дерті болуға тиіс деп ойлаймын.

Қазақ халқы қашанда дініне берік болған халық. Діни рәсімдер мен діни жоралғыларға құрмет көрсеткен халық. Осындай ойларды ел аузында сақталып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан «Аллаға жағам десең азанды бол. Ағайынға жағам десең қазанды бол», «Бейнамаздан кейнамаз жаман» деген секілді дана сөздерден ұғыну қиын емес, сірә. Ақын жыраулардың:

Бақыт қайдан келесің?

Ораза намаз оқымас.

Алланың атын тоқымас,

Бейнамаздан келемін.

Бақыт қайда барасың?

Тарауық намаз оқыған,

Көңіліне аят тоқыған

Ниетті елге барамын, деп айтқан өлең жолдарынан халқымыздың діні, өмірлік ұстаным жолдарының қандай болғаны айтпаса да түсінікті.

Ғылымда «сакрализация» және «секуляризация» деген ұғымдар бар. «Сакрализация» адамзат тарихында діннің қасиеттілігі басым, ал «секуляризация» дін қасиеттілігінің төмен болатын кезеңдері. КСРО дәуірі «секуляризация» кезеңінен өтті. ХХ ғасырдың басында «Дін – бұл апйын» деп айтқан Маркстың осы бір пікірі, бүкіл халықты дінсіздендіру саясатының басты ұранына айналды. Тарихтың қандай да тәлкегі болсын-болмасын жүрегімізден иман, тілімізден Алла өшпеген ұлтпыз. Кезінде ІІ Екатерина патшайымы да қазақтарды басқа Орта Азия халықтарымен қарым-қатынас жасатпауға тырысты, кейінгі патша Николай да шоқындыруға талпынса да, коммунисттік-советтік атеисттік, яғни «Құдай жоқ» деген идеологияға да мойымай, «Алаш» зиялылары өз халқының ділін, тілін, ислам дінінен нәр алған біте қайнасқан  ұлттың салт-дәстүрлерін ұстана отырып Алла әмірлерін бұлжытпай орындап келер ұрпаққа аманат етті.

Тарих сахынасында ішінара шынайы діннен ауытқулар байқалады. Кейбіреулер бір Алла ұғымына қайта оралып жатса, кейбірі әлі күнге дейін отты, тасты, күнді, әруақтарды тағы да басқа заттарды қасиетті деп оған бас иіп келеді. Осы секілді ежелгі діни наным-сенімдердің сарқыншақтары кез-келген қоғамда бола бермек. Бұл өз кезегінде әруақтар сыңайлы тылсым дүниеге дерлік барлығы табынған деген сөз емес, әрине.

Аталарымыз жаңбыр жаумай құрғақшылық болып астық шықпай қалған жағдайда «Тәңірім қолдасын!» деп тасаттық беретін. Өмірден өткендердің артынан жақсы сөз сөйлеп көпшілікке ас беріп құран оқып сауабын марқұмдарға бағыштайтын. Қайтыс болған адамды мұсылманша жерлейтін.

Тарихи жәдігерлерден «Алаш» даласын зерттеген шетелдіктердің еңбектерінде қазақ халқының мұсылманшылықты жақсы ұстанғандығы жайында айтылады. ХІХ ғасырдың соңында Санкт-Петербургте шыққан «Народы России» деген еңбектің қазақтарға арналған шығарылымында дала халқының күні құлшылықпен басталатындығы туралы мәліметтер берілген. «Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған адам дауысын созып азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйлердің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы бұл кезде төсектерін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі. Таңғы астан кейін үй иесі қолдарын жуып «Аллаһу әкбар» деп сақалын сипайды. Сосын әрқайсысы өз тіршілігіне кіріседі», делінген. Бұл да дініне берік болған халық екендігіміздің бір белгісі.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру