Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Пітір садақа берудің маңызы неде?

Аманкелді Жарасов www.muftyat.kz 19.06.2017 9224 0 пікір

Биылғы мамыр айында Өскемен қаласында өткен  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан биылғы пiтiр садақасы 300 теңге көлемiнде бекітілді. Еліміздегі пітір садақасының көлемін ҚМДБ жыл сайын қасиетті Рамазан айның алдында Төралқа мәжілісінде белгілейді.

Пітір садақасы туралы исламдағы дерек, тағылымдары ақтаратын болсақ оның маңыздылығының жоғары екендігін байқаймыз.

Рамазан айында әр мұсылман баласы үшін пітір садақасын беру - әрбір мұсылман ер мен әйелге – уәжіп. Пітір садақасын  беру Хижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз етілген жылы мұсылмандарға міндеттелген.

Исламда Сахих Бухариде келтірілген бір риуаятта Абдулла ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі ﷺ құрмадан бір саъ немесе арпадан бір саъ пітір садақасын беруді әр бір мұсылман құл мен азаттыға, әйел мен еркекке, үлкен мен кішіге өлшеп бекітті. Және оны айт намазына шықпай тұрып беруді бұйырды». (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм) дейді. (Бухари - №1432)  Демек, мұсылман баласына ораза қалай міндеттелсе, пітір садақасы да солай міндеттелген.

Пітір садақаның маңызы жайлы Абу Дауд ибн Мажа және хаким ибн Аббастан (р.а.) былай деп риуаят етеді: «Алла Елшісі ﷺ пітір садақаны: адамның оразасы кезіндегі қателіктерінен тазаруы және міскіндерге тағам ретінде көмек болуы үшін міндеттеген». Демек, пітір садақасы адамды қателіктерінен арылтады.

Пітір садақаны айт намазына дейін беру керек. Егер де пітір садақасы айт намазынан кейін берілсе, онда ол жай садақа есебінде белгіленеді.

Қасиетті Құранның Тәубе сүресінің 60-аятында: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз. Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге. Оны жинауға белгіленгендерге, көңілдері алынатын (жаңа мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі» делінген.

Ардақты Пайғамбарымыз: ﷺ «Ораза тұтқан адамның оразасының сауабы пітір садақа бергенге дейін толық болмас» деп ескертен.

Риуаяттарда Хазірет Осман (р.а) өз заманында ұмытып кетіп пітір садақасын бермегені туралы айтылады. Сонда: Біраз уақыт өткен соң есіне түсіп, пітір садақасының каффараты үшін деп бір құлды азат етеді. Оны естіген Пайғамбарымыз ﷺ : «Ей, Осман, сен жүз құлды азат етсең де пітір садақасының сауабын таба алмайсың» деген екен.

Мінеки, әр мұсылман баласы пітір садақасын беру уәжібін орындап, қасиетті Рамазан айында пітір садақасын беруге асықса, Алла Тағала қадамына сауап жазары анық.

 

Аманкелді Жарасов

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

«Байжігіт баба» мешітінің бас имамы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру