Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас»

Қанат АЛШЫНБАЕВ www.muftyat.kz 12.06.2017 8056 0 пікір

Осы бір сөздердің астарында терең даналық жатыр. Дүниеде жұпсыз, сыңарсыз жаратылған ештеңе жоқ. Алла тағала ғана жалғыз, оның сыңары жоқ. Демек, әр нәрсенің өз сыңары бар. Жалғыз адам да алысқа ұзай алмайды. «Жалғыздың шаңы шықпас» деген де қазақы даналық осыны меңзейді. Ал, ортақ істе пікірлесу, жанашыр адамыңның жанынан табылу ғибратты жол екенін көреміз.

Адам баласы күнделікті өмірінде әртүрлі жағдайларға кезігуі мүмкін. Бір нәрсенің түйінін таба алмай, ойы сан-саққа кетіп, қайсы дұрыс, қайсы ағат екеніне көз жеткізе алмай, тығырыққа тірелетіні бар. Ал, Құран Кәрім аяттары мен хадистерге жүгінсек, адам баласының табиғаты әлсіз, һәм қателесуші болып жаратылған екен. Тіпті, адамдар қателеспейтін жағдайда болса, Алла тағала оларды түп-тұқиянымен құртып, қайтадан қателесетін адам жаратады. Бұл қателеспейтін адам болмайтынын көрсетеді. Ештеңеден пәк таза, күнәсіз де пенде бола ма екен?! Әрине, жоқ,

Адам қателік жасайды, сол ағаттығы үшін кешірім сұраса, Алла оларды кешіріміне алады. Бұл жерде біздің табиғатымыз бен Жаратқан Иеміздің болмысы айқындалып тұр. Сөйтіп, адам табиғатына сай, таңдау кезінде қателікке ұрынуы әбден-ақ мүмкін. Пайғамбарлардың өздері де қателесуі мүмкін екенін осы Алланың адамды жарату даналығанан білеміз. Ал, адамның өз қадамын ағат баспасы үшін бір-бірімен кеңесуі, ақылдасуы маңызды мәселе. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген астарлы сөздің осы мақсатта айтылғанын білеміз.

Адамның осындай жаратылу табиғатын ескеріп, Жаратқан Иеміз біздерге мұндай жағдайда ақылдасуға, кеңесуге үндейді. Мұны біз қасиетті Құранға үңілсек байқаймыз. Нәміл сүресінің 32 аятында Сәбә елінің патшайымы Сүлеймен пайғамбардан хат келген шақта былай делінеді: «Әй, бастықтар! Маған ақыл беріңдер. Сендер болмайынша, бір іске шешім қабылдамаймын».

Шұғара сүресінде Мысыр елінің перғауыны Мұса мен Һарун оны бір Аллаға құлшылық етуге шақырғанда: «Ол сендерді сиқыры арқылы жерлеріңнен шығарып жіберуді қалайды, енді не кеңес бересіңдер?» - деді. Олар: «Оны және оның бауырын қоя тұр да қалаларға сиқыршыларды жинап келушілеріді жібер. Олар саған әрбір білгір сиқыршыны алып келсін», - деді»  делінген.

Әлу Имран сүресінде Алла тағала Өзінің елшісіне: «(Ей, Мұхаммед!) Сен оларға Алланың мейірімімен жұмсақтық таныттың. Егер дөрекі, қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді. Оларды кешір және олар үшін (Алладан) кешірім тіле әрі іс жөнінде олармен кеңес. Қашан (бір іске) шешім қабылдасаң, Аллаға жүгініп, Оған ісіңді тапсыр (тәуекел ет). Шын мәнінде, Алла Өзіне жүгініп, Оған істерін тапсырушыларды (тәуекел етушілерді) жақсы көреді» дейді.

Ал, Бақара сүресінің 233 аяттағы айтылған бала емізу мәселесіндегі ерлі-зайыптылардың өзара кеңесулері адам өміріндегі кеңесіп, ақылдасуының орнының ерекшелігін көрсетеді. Онда Алла Тағала: «...Егер (ата-ана) өзара келісіп әрі кеңескеннен кейін, (баланы емізуден) айыруды қаласа, екеуіне де күнә емес» делінсе, Шура сүресінің отыз сегізінші аятында Жаратқан Иеміз мұсылман пенделерін сипаттай келе: «Әрі олар – өздерінің Раббысына жауап беретін, намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындайтын, істерінде өзара кеңесетін және Біз өздеріне ризық етіп нәсіп еткеннен беретіндер» - дейді.

Бұл жерде кеңесудің маңыздылығы тек Алланың: «...істерінде өзара кеңесетін...»  деген сөзінде ғана емес, осы сүренің аталуында көрсетілген. Ал, ғалымдарымыз сүрелердің аталуында мән жатқандығын, Алла тағалының сол нәрсенің адам үшін маңызды дүние екендігін көрсету үшін сүрені сол заттың атымен атағанын айтады.

Екі дүние сардары да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) біреулермен кеңесуі арқылы бұл мәселеге қаншалықты мән беретіндігін көрсететін. Ол қажет жағдайда серіктерін жинап, олармен ақылдасатын еді. Достары дұрыс дүние айтса, солай іске асырар еді. Имам Тирмизи Әбу Һурайрадан мына сөздерді жеткізеді: «Мен Расулалладан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) артық серіктерімен ақылдасқан адамды көрмедім». Мұндайда, еріксіз, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Хандақ соғысының алдында сахабаларымен ақылдасуы еске келеді. Бұл жағдайдағы оның өз сахабаларымен кеңесуі ислам тарихында тереңінен ойып тұрып орын алды.

627 жылы Хайбарға көшіп келген яһудилер мұсылмандарға соғыс ашамыз деп Меккеліктермен байланыс орнатады. Олар мұсылмандарға қарсы күш біріктіріп, он мыңдық әскермен Мәдинаға жорыққа аттанады. Мұны естіген Пайғамбарымыз өзінің сахабаларымен ақылдасады. Олар әртүрлі пікір айтады. Ал, Салман әл-Фариси соғыстың аталуына себеп болған бір ұсыныс жасайды. Ол қаланы айнала ор қазу керектігін ұсынады. Нәтижеде, Алла Расулі сол серігінің пікірін мақұл көріп, қаланы айналдыра ор қазады. Мүшріктер қалаға жақындағанда ор қазылып бітеді. Ақыры мұсылмандар жеңеді.

Бұдан біз кеңесудің жеке тұлғаның һәм жалпы қоғамның тіпті, мемлекеттің қалыптасуында, тіпті, адам өмірінің отбасылық және саяси өміріндегі алар орнын аңғарамыз.

Енді арабтардың кеңесуге байланысты мақал-мәтелдерге қарасақ, оның бірінде: «Кеңескеннен артық көмекші жоқ», «Ақылдылармен кеңескен туралықты табады», «Кеңескен адаспас», «Өз ойымен тамсанған адасар, өз ақылымен шектелген шалыс басар». Кейбір даналар: «Екі нәрсенің хайырлысын Алладан сұрап намаз оқыған адам сәтсіздікке ұшырамас, кеңескен өкінбес». Тағы біреуі: «Кімге төрт нәрсе берілген болса, төрт нәрседен кенде болмас: Шүкір ете білгенге арттырылады. Тәубе берілгенге қабылдық та беріледі. Кім истихара намазын оқыса, хайырлысына жолығады. Кім кеңескен болса, дұрысына жолығар» - деген сөздерді айтқан. 

Өмірдің кез келген саласында, тұрмысында ислам дінінен нәр алған қазағымыз да кеңесіп пішкен тон келте болмасын білген. Мұны да біз халқымыздың мақал-мәтелдерінен, даналық сөздерінен аңғара аламыз. Мысалы, «Ат сатсаң, ауылыңмен ақылдас»  деу арқылы сауда-саттықта біреумен ақылдасқан жөн екенін көрсетеді. Ал, «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың. Басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің», «Кеңес қылған ел азбайды, кең пішкен киім тозбайды», «Кеңеспен кескен бармақ ауырмайды», «Ақылыңа сенсең де ақылдаса жүргейсің. Жақсыларды жатсынбай, жақындаса жүргейсің», «Жақсымен кеңесе жүрсең, дәрежең теңесе жүреді» - деген сөздерге қарасаңыз қазағымыздың қаншалықты дана болғанын аңғарасыз. Осындай сөздермен әрқайсымыз бас-басымызға би болсақ, жетістікке жете алмасымызды, керісінше, құрдымға ұрынатынымызды меңзеп кеткен.

Кеңесу бүгінгі өмірдің барлық салаларында көрініс табатынын аңғарамыз. Патша да, басқа да өз қосшыларымен кеңеседі. Бір жетістікке қол жеткізу үшін ақылдасып амал жасағандар алға озады.

Ал, асыл дінімізде ақыл мен пайымға салу қашанда даналықты көрсетеді. Асығыстықпен істеген істің кем-кетігі де көп болатыны бар. Сондықтан, кеңесу, ақылдасу біз үшін маңызды ұстаным екенін қашанда қаперде ұстағанымыз абзал.

Қанат АЛШЫНБАЕВ

Науан хазрет мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру