Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Исламдағы киім кию әдебі

Дәулет Қабидолдин www.muftyat.kz 09.06.2017 12913 0 пікір

Қазақта: «Ағаш көркі-жапырақ, адам көркі-шүберек» деген нақыл сөз бар. Киім адамның өңін ашып, қана қоймай оның ұятты жерлерін жасырады. Адам киген киімімен көрікті көрінетіндігі анық. «Таныған жерде өң сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» деген нақыл сөз осыдан қалса керек.

Киген киімі арқылы адамның әлеуметтік ортасын, ахуалын білуге болады. Сонымен қатар әр ұлттың өз киім үлгісі мен нақышы бар. Әр халық, әр ұлт өзінің киім кию мәдениетін ғасырлар бойы жасаған. Ұлттардың киім үлгісі  өздері мекендеген ортаның климатына, табиғатына, ауа райына сәйкес болып келеді.

Қазақ халқының да ғасырлар бойы қалыптасқан өзінің киім кию мәдениеті бар. Ұлтымыздың киім үлгісі адамның жасына, жынысына қарай бөлінуі де озық мәдениеттің бір үлгісі болып саналады.

...Қос етек, бұраң бел... деп халық әндерінде арулардың киім үлгісін айтатын болса, әжелеріміздің көркі ақ кимешек, шылауыш болған.

Асыл дініміз исламда киімге байланысты көптеген толғамдар бар. Қасиетті Құранның «Аъраф» сүресінің 26-аятында: «Ей, Адам ұрпақтары! Сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім түсірдік әрі сәндік киімдерді де. Ал, тақуалық киімі қайырлы. Бұл олардың еске алуы үшін Алланың белгілерінен» деп үкім етілген.  Және де «Ей, адам ұрпақтары! Әрбір сәжде жасайтын орында көрікті (киімдеріңді) киіңдер. Жеңдер, ішіңдер, ысырап етпеңдер. Ақиқатында, ол ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Аъраф», 31-аят),-деп, Ұлы Алла Тағала киім кию әдебіне айырықша қарапайымдылықты, тазалықты, тартымдылықты уағыздаған.

Алла Тағала адам баласына киім тазалығы жайлы қасиетті Құранның  «Муддәссир» сүресінің  4-аятында:  «Әрі киіміңді тазала!» -деп бұйырады.

Сонымен қатар исламдағы хадистерде Ұлы Алла Тағаланың көркемдікті жақсы көретіндігі бірнеше жерде баяндалады. Ардақты пайғамбарымыз ﷺ жүзі нұрлы, келбетті кісі еді дейді. Алла Елшісінің ﷺ киім кию әдебі де күні бүгінге дейін адамзаттың үлгісіне айналған.

Алла Елшісінің ﷺ сүйікті түсі ақ және жасыл болатын. Ол кей кездері қызыл және жасыл түс қатысқан киімдерді де киетін еді, деседі, сахабалар. Басына сәлде, қалпақ, тақия киетін және ұзын көйлектерді ұнатушы еді дейді.

Ардақты пайғамбарымыз ﷺ лас киімді мұсылманды көргенде: «Ол сонда өзінің киімін жуа алмай ма?»,-деген екен.  Хадистерде: Бірде Пайғамбарымызға ﷺ  киілген, тозығы жеткен киімді адам келеді.Одан: «Сенің тұрмысың жақсы ма?»,-деп сұрайды. –«Иә» деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі ﷺ: «Алла саған байлық бергендіктен, Оның мейірімі мен жомарттығының жемісін өзіңнің бойыңнан көрсет!» (ан-Насаи), -деп насихат айтады. Келесі бір хадисте: «Әрбір жұма сайын мешітке және жиналысқа барарда ғұсылданыңдар, әдемі киімдеріңді киіңдер және хош иісті пайдаланыңдар»,-деп өсиет еткен.

Қазақтың ұлттық киімдері де дәстүрге сай, ислами қағидаларға сәйкес болғандықтан, ұлттық киімдерімізді ұлықтайық.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру