Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОҢҒАР ӨМІРБЕК: КЕСЕНЕ ОРНАТУ – ЖАҒЫМСЫЗ ІС

06.05.2017 4547 0 пікір

Қоғамда ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған «Жаназа» пәтуа­сындағы қайтыс болған адамды жер­леу мен құдайы ас беруге қатысты ережелер қызу талқыланып жатыр. Бұған қатыс­ты «Айқын» газетінде жа­риялан­ған ұстаз, Діни басқарма­дағы Шариғат және пәтуа бөлімі мең­герушісінің орын­басары Сансызбай Құрбан­ұлының «Ысыраппен ас бергенше, жетімге көмектессін» атты сұхбаты оқырман көңілінен шығып, пәтуаның орындалу жағына мән беру қажеттігі айтылып-ақ жүр. Өз кезегінде «Иман» журна­лы­ның бас редакторы Оңғар Өмірбек те бұл тақырыпқа үн қосып, өзекті мәселе төңірегінде сұхбат бер­ген еді.

– Өкінішке қарай, бүгінгі күні әсемдеп қабір тұрғызу, бей-берекет кесене салу үрдісі белең алуда. Не­гі­зінде, мақтану, байлығын көрсету, бә­секелесу үшін кесене тұрғызу – харам іс. Өйткені қабір уақыт өте келе жермен тегістеліп кетуі тиіс. Қан­шама қаржыға тұрғызылған мұн­дай кесененің марқұмға пайда­сы мен сауабы тимейді, жай ысырап дүниеге айналады. Егер қабір­станның сырты толықтай қоршалса, онда марқұмның басына құлпытас, яғни, белгі қоюмен шектелу керек. Құлпытас орнату мен қабірді қоршауда шариғат талабынан артық кету, ысырапшылдыққа жол беру – харам.
Мұндай тыйымдардың басты себебі – өлілерге табынудан, сыйы­нудан сақтандыру. Қайтыс болған пенделер, қандай адам болсын, өмір­ден өткен соң дүниедегі іс-амал­дары тоқтайды. Олардың ма­зар­ларын көр­кемдеп, оларға ес­керткіш, бюст ор­нату зияннан бас­қа ештеңе әкел­мейді.

– Өкінішке қарай, мазарларға ескерткіш, кесене қою белең алған ғой. Дұрысы қалай?

– Адам дүниеден өткен соң тәні топыраққа жерленеді. Жерлеген уақытта қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Қабір тек өз топы­рағымен ғана көміледі. Сырттан басқа топырақ қосу, үстін тегістеп, цементпен құю немесе түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ.
Сахаба Жәбирден жеткен ха­дис­те: «Пайғамбарымыз (оған Ал­ла­­­ның салауаты мен сәлемі бол­сын) қабірді гипстеуге, үстіне құры­лыс салуға әрі үстіне отыруға тыйым сал­ды» деген. (Мүслім риуаят еткен).
Шариғат бойынша қабірді жо­ғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, мар­құмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат бе­рі­леді (Ибн Абидин, «Ха­шият», 2/236).
Құлпытастарға марқұмның бей­несін салу, мүсінін қашап қою, та­быт­т­ың алдында өлген кісінің су­ре­тін алып жүру немесе кішкентай су­­рет­те­рін жағасына қыстырып жү­руге рұқ­сат етілмейді. Мұндай әдет­тер мә­йіттің қабірде қиналуына се­беп бо­­лады. Дінімізге кейіннен енген мұн­дай жат, кірме әдеттерден арылу қажет.
Қабірлердің үстіне кесене орнату, басқа құрылыстар салу – мәкрүһ, жа­­ғымсыз іс. Өйткені мар­құмға осы дү­ниеде істеген жақсы амалдары, ғиба­дат-құлшылықтары ғана пайда береді.

– Ас берудің қандай талаптары бар?

– Марқұмның отбасына көрші­лерінің тамақ дайындап беру­лері – сүннет. Оларға тіпті «тамақ алыңыз» деп қолқалап отырса да болады.
Қаралы үйдің тұрмысы ауыр не­месе біреулерге қарызы болса, олар­дың одан сайын қарызға батып, ас бepyлepi дұрыс емес. Ол үйден ас шығартпау керек. «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» деген сөздің шариғатта негізі бар. Қо­нақтар үшін арнайы дастарқан жа­йылып, қазалы жандарға ауырт­палық түсірудің жөні жоқ. Тағамды туыс­қандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде жасауына болады. Өздері жақындарынан айырылып, қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Ең әуелі мәйітті жуын­дыру, кебін­деу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн.
Шариғатта жұртқа тамақ тара­тудың сауапты іс екендігі аят пен ха­дистерде баяндалады. Жетісі, қыр­қы және жылы шариғатта нақтылы белгіленбегендіктен, оны тек рә­міздік атау ретінде ғана орын­даса болады. Сондай-ақ «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал тағы басқа күні еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен» деген жаңсақ түсінік­тер­дің ешбір негізі жоқ. Кейбір аймақтарда осы сияқты бейсенбілік, елу екілік, жүзі, тағы басқа да әдеттер бар. Шариғат ысы­рапшыл­дыққа, мүмкіндіктен тыс қиын­дыққа негізделген аста-төк ас, құдайы тамақ беруді бұйырмаған.
Алайда Ханафи мәзһабының ға­лым­дары оны жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқан­дары көңіл айтып, көрісу үшін жа­салатын рұқсат етілген жорал­ғылардың қатарына жатқызады.
Дінімізде міндетті түрде қарыз­данып немесе өзіне жетпей жатқан қажетті қаржыны жұмсап, өлі аты­нан мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Өлілердің атынан жақсылық жасаудың түрі көп. Оны кез келген уақытта шама-шарқына қарай мұқтаждарға, жетім-жесір­лерге, медресе шәкірттеріне садақа көмек ретінде таратуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Кәмшат ТАСБОЛАТ

"Айқын"

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру