Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАҺАЖУД НАМАЗЫ

04.05.2017 114003 0 пікір

Ислам шариғатында бес негіздің бірі намаз құлшылығы. Намаз негізі кәмелетке толған барша ерлер мен әйелдерге парыз болғанымен, орындалуы міндет болмаған намаздар да бар. Оларды шариғи тілмен нәпіл намаздары деп атайды. Бұл намаздарды оқыған адам көп сауапқа кенелсе, орындамағанға күнә тағылмайды. Дегенмен ол нәпіл намаздардың өзіндік деңгейлері мен ерекшеліктері бар. Соның бірі таһажуд намазы.

Таһажуд сөзінің тілдік мағынасы: «Һуджуд» сөзінен шығып, ұйқы деген мағына береді. Ал таһажуд сөзі араб терминалогиясы бойынша «ұйқыдан тұру, ояну» немесе «ұйқыны бұзу» деген мағыналарды берсе, шариғаттағы мағынасы: Құптан намазынан кейін ұйықтап, түннің үштен екінші бөлігінде тұрып намаз оқу дегенді білдіреді.

Түнде тұрып намаз оқу құл мен Жаратушының арасындағы байланысқа ешқандай кедергі болмайтын уақыт. Бұл уақыттағы Алла үшін деп істеген амал еш риясыз орындалып, дұғаның қабыл болатын сәті десе де болады. Себебі адамзат шырт ұйқыда жатқан кезде, тәтті ұйқысын бұзу тек иманы толық, тақуа пенделердің қолынан келетін іс. Алайда, шариғатта түнде тұрып намаз оқу Құран кәрімде, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) киелі хадистерінде келгенімен сүннет амал деп бекіген. Мәселен Құран кәрімдегі Музаммил сүресінің алғашқы аяттарында:

يَا أَيُّهَا الْمُزَّمِّلُ ﴿١﴾ قُمِ اللَّيْلَ إِلَّا قَلِيلًا ﴿٢﴾ نِّصْفَهُ أَوِ انقُصْ مِنْهُ قَلِيلًا ﴿٣﴾ أَوْ زِدْ عَلَيْهِ وَرَتِّلِ الْقُرْآنَ تَرْتِيلًا ﴿٤﴾إِنَّا سَنُلْقِي عَلَيْكَ قَوْلًا ثَقِيلًا ﴿٥﴾ إِنَّ نَاشِئَةَ اللَّيْلِ هِيَ أَشَدُّ وَطْئًا وَأَقْوَمُ قِيلًا ﴿٦﴾ 

«Әй бүркеніп жатушы (Мұхаммед Ғ.С.)! Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта; Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос. (Түннің жартысында не одан аз, я көп тұруда еріктісің.) Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы. Әрине саған салмақты (маңызды) Құранды түсіреміз. Шын мәнінде түнде тұру, нәпсіге әсерлі, оқуға қолайлы. (Музаммил сүресі, 1-6 аят)

Алла Тағала жалпы иманды және тақуа адамдарды жақсы көреді. Ал иманның шыңына тақуалық пен ықылас арқылы жетіледі. Сол тақуалық пен ықыласқа жету жолдарының ең негізгілерінің бірі түнде ұйқысын бұзып оқылатын намаз, яғни таһажуд.  Ол турасында  Алла Тағала былай дейді:

تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ ﴿١٦﴾ فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ ﴿١٧﴾ 

«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ, олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды.

Ешкім қылмысы жаққандықтан өздеріне көмес сақтаулы қуанышты сыйлықты білмейді.» (Сәжде сүресі, 16-17 аят).

Ал келесі аятта иманның шыңына жеткен тақуа құлдарын сипаттаған халде былай деді:

وَالَّذِينَ يَبِيتُونَ لِرَبِّهِمْ سُجَّدًا وَقِيَامًا﴿٦٤﴾ وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا اصْرِفْ عَنَّا عَذَابَ جَهَنَّمَ  إِنَّ عَذَابَهَا كَانَ غَرَامًا ﴿٦٥ 

"Олар түнді, Раббыларына сәжде қылу, тіке тұрумен өткізеді. Олар: "Раббымыз! Тозақ азабын аулақ қыл! Рас оның азабы тұрақты" дейді. (Фурқан сүресі, 64-65 аят)

أُولَـٰئِكَ يُجْزَوْنَ الْغُرْفَةَ بِمَا صَبَرُوا وَيُلَقَّوْنَ فِيهَا تَحِيَّةً وَسَلَامًا﴿٧٥﴾

"Міне бұлар сабыр еткендіктері себепті жоғарғы сыйлыққа бөленеді. Аман-сәлеммен қарсы алынады." (Фурқан сүресі, 75 аят)

Алла Тағала өзінің жақсы амал істеген құлдарының амалдары арқылы мейірімімен тозақ отынан сақтап, жәннаттың бақшасынан болған бір бақшаға кіргізері анық. Өйткені Алла Тағала өзінің мейіріміне бөленетін құлдарын Зарият сүресінде былай сипаттады:

إِنَّ الْمُتَّقِينَ فِي جَنَّاتٍ وَعُيُونٍ ﴿١٥﴾ آخِذِينَ مَا آتَاهُمْ رَبُّهُمْ ۚ إِنَّهُمْ كَانُوا قَبْلَ ذَٰلِكَ مُحْسِنِينَ ﴿١٦﴾ كَانُوا قَلِيلًا مِّنَ اللَّيْلِ مَا يَهْجَعُونَ ﴿١٧﴾

"Шәксіз тақуалар бақшаларда, бұлақтарда болады. Олар өздеріне Раббыларының бергенін алады. Өйткені олар бұдан бұрын жақсылық істеуші еді. Олартүнде аз ғана ұйықтаушы еді". (Зарият сүресі, 14-17 аят)

قوله صلى الله عليه وسلم : ( أَفْضَلُ الصَّلاةِ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ صَلاةُ اللَّيْلِ) رواه مسلم

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шарифінде: «Парыз намаздардан соң ең абзал намаз – түнгі намаз» (Имам Муслим). Және бір хадисінде:

وقوله صلى الله عليه وسلم : (عَلَيْكُمْ بِقِيَامِ اللَّيْلِ ، فَإِنَّهُ دَأْبُ الصَّالِحِينَ قَبْلَكُمْ ، وَهُوَ

قُرْبَةٌ إِلَى رَبِّكُمْ ، وَمَكْفَرَةٌ لِلسَّيِّئَاتِ ، وَمَنْهَاةٌ لِلإِثْمِ ) . رواه الترمذي

«Түнгі намазға аса маңыз беріңдер. Оны сендерден алдын өткен ізгі адамдар үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз жаратушыларыңа жақындатады, жамандықтарыңызды өшіреді және күнәлі іске баруға тосқауыл болады.»

Ал жәннәтта оларды: 

إِنَّ فِي الْجَنَّةِ غُرَفًا تُرَى ظُهُورُهَا مِنْ بُطُونِهَا ، وَبُطُونُهَا مِنْ ظُهُورِهَا ، فَقَامَ أَعْرَابِيٌّ فَقَالَ : لِمَنْ هِيَ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : لِمَنْ أَطَابَ الْكَلامَ ، وَأَطْعَمَ الطَّعَامَ ، وَأَدَامَ الصِّيَامَ ، وَصَلَّى لِلَّهِ بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَامٌ

«Расында, ішінен сырты, сыртынан іші көрініп тұратын пейіште бөлмелер бар. Алла Тағала ол бөлмелерді сөзі жұмсақ, адамдарды тамақтандыратын, қосымша (нәпіл) оразасын ұстайтын және түнде адамдар ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқитын кісіге дайындап қойды. (Байхақи, «Китабу ас-сунан»)

Жәбрейіл (Ғ.С.) бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Мұхаммад! Қалағаныңша өмір сүр, бәрі бір өлесің, қалағаныңша жақсы көр, бәрі бір ажырайсың, қалағаныңша амал жаса, бәрібір есепке тартыласың. Білгін, момындардың ең құрметтісі, ең байы, ең ұлысы түнгі намаз оқығаны.»

Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі намазды әрқашан оқыған және үмбеттеріне абзал екенін ескерткен.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таҺажуд намазын- екі, төрт, алты немесе сегіз ракағат оқығандығы жайында хадистер келген.

Солардың бірі Ибн Мажаның хадистер жинағында келтірілген  бір хадисте былай делінген: «Ер кісі түнде тұрып, әйелін де оятып, екеуі екі ракағат намаз оқыса, онда олар Алланы көп еске алушы еркектер мен оны көп еске алушы әйелдер қатарына жазылады.»

ТаҺажуд намазының уақыты құптан намазынан кейін басталып, таң намазының уақытына дейін жалғасын табады. Дегенмен, әрбір амалдың орындалуында абзал уақытының болғанындай, таһажуд намазы да түннің үшінші бөлігінде, ұйқыдан оянып оқылғаны абзал. Осы уақытта дұға-тілектеріміз бен тәубелеріміз қабыл болатындығы жайында хадистерде ашық баяндалған. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түннің алғашқы уақытында  ұйықтап, соңғы бөлігінде тұрып таһажуд намазын оқитын. Сосын азаншы таң намазына азан шақырғанға дейін қайта жататын.

"Ханафи мәзһабында егер түнді үш бөлікке бөлсек, соның бірінші бөлігімен үшінші бөлігінде ұйықтап, екінші бөлігінде тұрып намаз оқудың абзал екендігін алға тартады". (Ибн Абидин, 2/468).

Ендеше ағайын, мол сауапқа кенелгіңіз келсе, тақуалардың қатарында табылуды қаласаңыз ұйқымызды бөліп, таҺажуд намазын оқыңыз.

 Әсет Раманқұлов,

Тәжиден Батырұлы атындағы қалалық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру