Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазір

17 Мамыр 2024

9 Зулқағда 1445 Хижра

  ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР

Төлеби ОСПАН: "Алдағы 3 жылда облыстағы мешіттер жоғары және орта білімді мамандармен түгелдей қамтылады"

03.05.2017 3623 0 пікір

Жуырда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірқатар өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан да осы кездесуге қатысты. 

Кездесуде деструктивті діни ағымдарға қарсы күрестегі өзара іс-қимыл, дін мен дәстүрдің сабақтастығы, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, имамдардың біліктілігін арттыру және басқа да маңызды мәселелер көтерілді. 

Осы орайда біз облысымыздың бас имамы Төлеби Оспанмен әңгімелескен едік.

— Кездесуде Елбасы, әсіресе, жас ұрпақтың діни сауатсыздығына алаңдап, жастардың теріс ағымдарға бет бұруына қарсы тынбай күрес жүргізу керектігін, осыған байланысты имамдардың алдына зор міндеттер қойылатынын айтып, олардың жан-жақты сауатты болуына, зайырлы ғылымдарды да меңгеруіне баса мән берді. Осы ретте өңірімізде діни мамандар даярлау бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— Дінге жаңадан бет бұрған жастарымыз білімді мешіт имамынан емес, ғаламтордан немесе сенімсіз дереккөздерден алғандықтан, исламның қарапайым қағидаларының өзін түсінбей, күнделікті өмірде сан қилы ағаттықтар жіберіп, дәстүрімізге, халқымыздың таным-түсінігіне мүлде жат істерге барып жүр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесу кезінде дінді ұстанған жастардың асыра сілтеушілікке жол беретіндігін тілге тиек етті. Әсіресе, жөнсіз сақал қою мен қысқа балақ және бетті тұмшалау мен қара түсті киім киюді баса айтты. Әсілі, шариғатта да «әйел адамның киімінің түсі қара болсын» деген қағида жоқ. Бұл, Елбасы айтқандай, дәстүрге де қайшы. Ал қазақтың дәстүр-танымында әйел адам қара түсті киімді тек қаралы кезде кигенін баршамыз білеміз. «Қара жамылды» деген тіркес үлкен қайғы-қасіретке қатысты айтылады.

Сондай-ақ, Елбасы кездесудегі сөзінде: «Егер жастар жат уағыздарға ерсе, мемлекетіміздің болашағы не болмақ? Біз бұған жол бермейміз», — деп атап көрсетті. Яғни қоғамға қастық ойлап, елдің ынтымағын бұзып, іріткі салуды көздегендердің қитұрқы әрекеттеріне жол жоқ. Тәуелсіздікпен тетелес «азаттығын» қайта алған ата дініміз елімізде еркін насихатталып келеді. Ширек ғасыр бойы ауыл сайын мешіттер ашылып, мұсылманның бес парызын толықтай орындауына мүмкіндік берілді, ислам құндылықтарын, имандылықты насихаттауға айрықша көңіл бөлінді. Дін жолына шынайы бет бұрған адам мұның барлығын зор нығмет деп бағалап, қадірлеуі керек және осы елдің ынтымақ-бірлігін бекіте түсуге үлес қоссам деген ниетте болуы тиіс.

Елбасы бәсекеге қабілеттілікті сөз етті. Бәсекеге қабілетті жамағат сауатты болуы тиіс. Білім алу — мұсылманның мойнындағы қырық парызының бірі. Сондықтан білімге баса мән берілуі тиіс. Бұл тұрғыда қалалар мен аудан орталықтарындағы мешіттерде 9 айлық діни сауат ашу курстары ашылған. Биыл қыркүйек айынан басталған діни сауат ашу курстарына облыс бойынша 700-ге жуық адам қатысып жүр. Курстар жұмысы алдағы мамыр айында қорытындыланбақ.

Ал мешіттерді мамандармен қамту мәселесіне келсек, өткен жылы облыс мешіттеріндегі діни қызметкерлер қатары 16 жоғары білімді маманмен толықты. Қазір өңірде мешіт қызметкерлерінің 59 пайызының жоғары және орта діни білімі бар. Сонымен қатар, биыл еліміздегі жоғары білімді имамдар, исламтанушылар мен дінтанушылар даярлайтын «Нұр Мүбарак» университетінің 11 түлегі және медресені аяқтайтын 6 түлек біздің облысқа келеді. Сонда жоғарыда айтқан 59 пайыздық көрсеткіш тағы да өсіп, 65 пайызға жетеді деп күтіліп отыр.

Мешіттерде мамандарды тұрақтандыру үшін діни білім алуға ниеттіжергіліктіжастарды оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Былтыр біз 70 талапкерді еліміздегі діни білім беретін оқу орындарына түсуге әзірледік. Оның 59-ы үмітімізді ақтап, оқуға түсті. Соның ішінде 21 талапкер «Нұр Мүбарак» университетіне түскен болса, олардың 15-і мемлекеттік грант иегері. Жалпы, қазіргі таңда «Нұр Мүбарак» университетінде 46 ақтөбелік жас оқиды. Кейде халық арасында «діни білім алуға, негізінен, мектепте орташа бағаға оқыған, басқа оқу орындарына түсуге шамасы жетпеген балалар ғана барады» деген пікір айтылады. Алайда, бұл — қате пікір. Мысалы, «Нұр Мүбарак» университетінде білім алып жүрген ақтөбеліктердің 33-і, яғни 70 пайызынан астамы — мектепті жақсы бітіріп, мемлекеттік білім грантына қол жеткізген жастар.

«Нұр Мүбәрак» университетінен бөлек, Қазақстандағы медреселерде де 64 ақтөбелік жас білім алып жүр. Сондықтан алдағы 3 жылда облыстағы мешіттер түгелдей, яғни 100 пайыз жоғары және орта діни білімі бар мамандармен қамтылады деп күтуге негіз бар.

— Жат ағымдар арбауына түскен жастардың бір бөлігі — шетелде жүріп, теріс білім алғандар. Олар бүгінде елге оралып, басқаларды да адастырып жүр. Жалпы, жастардың діни білімді сырттан іздеуінің себебі неде? Рас, кеңестік қоғам атеистік қоғам болды. Әйтсе де, «сол тұста барымыздан айырылдық, енді толыққанды діни білімді тек араб елдерінен ғана ала аламыз» деген пікірдің әлі де үстем болуы қаншалықты орынды? 

— Біріншіден, шетелде білім алғандардың бәрін шетке ысырып, онда шәкірттерге жаппай теріс идеологияны үйретеді дей алмаймыз. Бар кінәрат — шетелге өз бетімен аттанған жастардың жолды дұрыс таңдамауында. Елімізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі ретінде теріс ағымдарды енгізуді көздегендер дінге бет бұрған жастармен ғаламтор арқылы байланысып, білім алуға «мүмкіндік» бар екенін айтып, оқуға шақырады. Тіпті тегін оқумен«қызықтырады». Оң мен солын танып, істің байыбына барып үлгермеген жастар осылайша, өз беттерімен білім іздеймін деп жүріп, жат ағымдар арбауына түсіп қалады.

Сондықтан діни білімді алдымен өз еліміздегі оқу орындарынан алған жөн. Қазір елімізде 9 медресе бар, оның бесеуіне колледж дәрежесі берілген. Колледж деңгейіне көтерілген медреселер қатарында «Ақтөбе» медресесі де бар.

Оқу бағдарламасына енгізілген өзгерістер бойынша, медресе-колледждерде заман талабына сай қоғамдық пәндер де оқытылады. Сондықтан медресе-колледжді бітірген жастар тек діни мекемеде ғана емес, зайырлы мамандықтар бойынша да қызмет ете алады.

Сондай-ақ, еліміздегі медреселерге Мысырдың әл-Азһар университетінен ұстаздар шақырылады. «Нұр Мүбарак» университетінде де әл-Азһардан келген ғалымдар дәріс береді. Демек, арабтың білімін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бастапқы білімді Қазақстандағы оқу орындарынан алып, дін мен дәстүр сабақтастығын, Ханафи мәзһабының ерекшеліктерін, исламның шынайы құндылықтарын санасына әбден сіңірген, діни көзқарасы толық қалыптасқан адам жат ағымдардың арбауына түспейді.

— Елбасы діни басқарма қызметкерлерімен кездесу кезінде мамандар біліктілігін арттыру мәселесіне арнайы тоқталды. Имамдарға ислам дінін терең білуден басқа да үлкен талаптар қойылатынын айтты…

— Елбасы имамдардың жан-жақты сауатты болуы, шешендік өнерді, адам психологиясын меңгерген идеологтарға айналуы керектігін атап өтті.

Осы орайда жуырда Астанада «Ислам және өркениет» тақырыбында өткен ІІ республикалық имамдар форумында «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы қабылданды. Мұнда XXI ғасырдың имамы қандай болуы керек, исламның дамуындағы имамның алатын үлесі, оған қойылатын талаптар  мен міндеттер қандай деген мәселелер қамтылды. Осыған сәйкес енді дін қызметкерлерін жоғары лауазымды қызметтерге тағайындау сатылай, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан имамдардың білімін жетілдіру мақсатындағы жұмыстарға әрдайым көңіл бөлініп келеді. Алматы қаласында имамдардың білімін жетілдіруге арналған арнайы институт бар. Өткен жылы облысымыздан — 8 имам, 2017 жылдың алғашқы үш айында 5 имам біліктілігін арттыру курсына жіберілді. Олардың біреуі Түркияда оқып жүр. Бұл жұмыс алда да жалғасын табады.

— Дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Айталық, ұлттық мерекеміз Наурыз және дініміздегі екі үлкен мереке — Құрбан айт пен Ораза айтты тойлау кезінде мешіт аулаларына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, дәстүрді дәріптеуге барынша көңіл бөлінеді. Бұл өз кезегінде жамағат тарапынан даүлкен қолдау тауып отыр. Өйткені, бұл — біздің болмысымыз!

Өткен жылы қалада ашылған әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығының жанынан бүгінде бес бірдей тәлім мектебі құрылды. Атап айтқанда, «Асыл әжелер», «Аяулы аналар», «Ардақты енелер», «Салиқалы келіндер» және «Инабатты бойжеткендер» мектептері. Осы мақсатта мешіттің бір бөлмесі ұлттық нақышта жабдықталып, оған «Дәстүр үйі» деген ат берілді. Осы мектептерде апа-әжелеріміз бен қыз-келіншектеріміздің бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру, ұмыт қалған ескі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жаңғыртып, оны кіші буынға үйрету бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Соның ішінде, жас қыз-келіндер мешіт ұстаздары мен жамағат арасындағы салт-дәстүрімізді жақсы білетін ардақты аналардан сәбиді бесікке бөлеуден бастап барлық жөн-жоралғыларды, сонымен қатар, олардың мән-мағынасын, дінімізбен сабақтастығын оқып-үйренеді.

— Біздің имамдар өз уағыздарында Отанды сүю тақырыбына әрдайым орын береді. Елбасы бұл тақырыпқа алда да айрықша көңіл бөлу керектігін баса айтты…

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мұны жүзеге асыруға имамдардың да белсенді түрде қатысуы керектігін айтты.

Дінімізде туған жерге деген сүйіспеншілік — адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) өзі туған Мекке қаласын тастауға мәжбүр болып, Мәдинаға кетіп бара жатқанда, қимастықпен артына бұрылып қарап: «Ей, Мекке, менің сүйікті шаһарым! Егер қысым көріп, қудалауға түспегенімде, мен сені ешқашан тастап кетпес едім!» — деген болатын.

Ал жат ағымдар ықпалына түскен жастардың арасында «хижрет» ұғымы кең тараған. «Хижрет» ұғымын желеу еткен жат ағымдардың уағызшылары түрлі әдістерді, ақпараттық технологияларды қолданып, жастарымызды отансүйгіштік, патриоттық сезімдерден ада етіп, ой-санасын улайды. Дін жолындағы көшу, яғни хижрет жасаудың Қазақстанға еш қатысы жоқ. Өйткені елімізде мұсылмандарға қысым көрсетілмейді, құлшылықтарды атқаруға еш тыйым салынбайды. Керісінше, ислам құндылықтарын, имандылықты насихаттауға кең қолдау көрсетіліп келеді. Елімізде күмбезді мешіттер көтеріліп, медреселер жұмыс істеп жатыр. Құрбан айт мерекесінің бірінші күнінде ресми түрде демалыс беріледі. Теріс ағым уағызшыларының құрығына түскен жастар, өкінішке қарай, осылардың бәрін жоққа шығарып, арандатушылардың сөзіне ереді.

Дін атын жамылып, лаңкестік әрекетке барғандар бүгінде темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатыр. Мешіт имамдары олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кездескен кезде, көпшілігі қателіктерін кеш түсінгендерін айтып, істеген істеріне, өткенге қатты өкінеді. «Неліктен жан-жағымызға көз ашып қарап, қолда бар алтынның қадірін білмедік? Туған елімізде адал еңбекпен бейбіт өмір сүрудің орнына, неге жаттың айтағына ердік? Бізді сонша үгіттеп, осы қылмыстарға итермелегендер енді қайда?» — деп, күйінеді.

Бір қазақты бір қазаққа айдап салып, ынтымақ-бірлігімізге сызат түсіруді көздейтін теріс ағымдардың ықпалына қарсы күресте патриоттық тәрбиені белсенді жүргізудің маңызы зор. Елбасы осыны шегелеп айтты. Бізге жаттың арандатуына ермей, керісінше, бір-бірімізді қолдап, ғылым мен білімге, жаңа жетістіктерге есік ашу керектігін айтты. XVIII-XIX ғасырларға дейін мұсылман дүниесінің бүкіл әлемде көшбасшы болғанын, қазір көшбасшылық орнымыздан айырылып қалғанымызды сөз ете келіп, «Біз өркениетті әлемге қарай қадам басып, ғылым мен білім есігін ашуымыз қажет» — деді, осындай үлкен мақсат-мұрат жолында жұмылып, алға ұмтылуға шақырды. Еліміздің одан әрі дамуы, болашағы жолындағы істерге ақтөбелік жамағат та ынтымақ-бірлігі, мұқалмас жігері арқылы үлес қосады деп сенемін.

Сұхбаттасқан: Индира ӨТЕМІС

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру