Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шағбан – көпшіліктің ескерусіз қалдыратын айы

01.05.2017 4849 0 пікір

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммад (ﷺ) былай деген: «Шағбан – көпшілік адамдардың рәжәб пен рамазан айларының арасында байқаусызда өткізіп алатын ай». Олай болса, бұл айдың қаншалықты шарапатты екендігі жөнінде біраз тоқалып өтсек.

Мұсылман күнтізбесінде қасиетті рәжәб айынан кейін келетін берекелі ай ол – Шағбан айы. Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл айды аса жақсы көріп, басқа айларға қарағанда ерекше бағалаған. Себебі бұл айда адамның жыл бойы істеген әрбір амалдары Алла Тағаланың алдына ұсынылатындығы айтылған. Бұған қатысты сахаба Усама ибн Зәйд шағбан айында осыншалықты көп ораза ұстау себебін сұрап: «Уа, Алланың Елшісі (ﷺ)! Сенің шағбан айында ораза ұстағаның секілді, өзге айларда ораза тұтқаныңды көрмедім», - дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз () былай деп жауап берген: «Шағбан рәжәб пен рамазан айларының арасындағы адамдардың одан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Раббымызға жеткізіледі. Мен де амалымның ораза ұстаған сәтінде жеткізілуін қалаймын»,[1] - дейді.

Сол секілді Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл айда әртүрлі нәпіл құлшылықтарын арттырып, әсіресе көбірек ораза ұстаған. Осыған байланысты Айша (оған Алла разы болсын) анамыз былай деп айтқан: «Алла Елшісі () дәл шағбан айында ораза тұтқанындай, рамазан айынан басқа айларда ораза ұстамаған. Ол () шағбан айының басым көпшілігін оразамен өткізетін» [2].

Саңлақ сахаба Әнас ибн Мәлик те былай дейді, бірде Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?»-деп сұраған кезде: «Рамазан айының құрметіне Шағбан айында тұтылған ораза» [3], - деп жауап берген екен.

Ғұламалар осы хадистерге сүйене отырып, Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұл айда оразаға көбірек мән бергендігінің басты екі себебін айтқан.

Біріншіден: адамдардың көбісі рәжәб пен рамазан айларының арасындағы шағбан айын бейқамдықпен өткізіп алатындығы. Себебі Пайғамбарымыз (ﷺ) ескертіп кеткен, алайда адамдар оны бейқамдық жасаумен пайдалана алмай қалатын мезгілдерде жасалған құлшылықтың сауабы мен маңыздылығы арта түсетіні белгілі. Өйткені жасалған мұндай құлшылықтан Аллаға деген жақындық пен ықылас арта түседі. Мысалы, адамдардың көбісі түнгі таһаджуд намазын бейқамдықпен атқарусыз қалдыруы секілді.

Екіншіден: бұл айда адамдардың жасаған әрбір ізгі амалдары әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға көтеріледі. Сондықтан да Алла Елшісі (ﷺ): «Мен осы айда ораза тұтамын»,-деген. Олай болса, мұсылман үмметіне бұл айда нәпіл оразалар ұстап, сауабы мол ізгі амалдар жасағаны өте маңызды.

Сонымен қатар ғұламалармыз пенденің жасаған амалдары Алла Тағалаға үш түрлі дәрежеде ұсынылатындығын айтқан. Осы жөнінде Имам ибн Ражаб ал-Ханбали (р.а.) былай дейді: «Бірінші дәреже: күнделікті таң мен екінді намаздары уақытында ұсынылады. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендерге түнде және күндіз періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен екінді намазында жиналып, сендермен түнде бірге болғандары көкке көтеріледі. Сонда Алла Тағала барлығын жақсы біліп тұрса да олардан: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап кеттіңдер?» – деп сұрайды. Олар: «Біз оларды намаз оқып жатқан кезде тастап кеттік әрі оларға барған кезімізде де, олар намаз оқып жатқан еді», – дейді»,-деген [4]. Екінші дәреже: әр аптаның бейсенбі күнінде ұсынылады. Бұған қатысты Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын естідім деген: «Расында, адам баласының жасаған амалдары әр бейсенбі, жұманың түнінде Алла Тағалаға ұсынылады. Тек туған-туыстың арасын үзген адамның амалы қабыл етілмейді»[5]. Ал, үшінші дәреже: шағбан айында бір жыл бойы жасалған амалдар ұсынылады. Бұған қатысты Усама ибн Зәйд (оған Алла разы болсын) шағбан айында осыншалықты көп ораза ұстау себебін сұрап: «Уа, Алланың Елшісі (ﷺ)! Сенің шағбан айында ораза ұстағаның секілді, өзге айларда ораза тұтқаныңды көрмедім»,-дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз () былай деп жауап берген: «Шағбан рәжәб және рамазан айларының арасындағы адамдар одан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Раббымызға жеткізіледі. Мен де амалымның ораза ұстаған сәтінде жеткізілуін қалаймын»[1] (Ләтәйфул-Мағариф, 191-193 бет).

Рамазаннан алдыңғы ай шарапатты шағбан айы болғандықтан ардақты Елші (ﷺ) берекесі мол айға әзірлік ретінде шағбан айында парыз құлшылықтармен қатар нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Алланың көркем есімдерін мадақтап, зікір етіп, шүкіршілігін арттырып, кедей-кепшікке садақа берген. Үмметтің үлкендері де бұл айда құлшылыққа жаңаша құлшыныспен кірісетін. Құран Кәрім аяттарын қайталап, нәпіл құлшылықтарына көңіл бөліп, жалбарына кешірім тілеп, зекет парыздарын орындап, жоқ-жітікке қарасатын. Жетім, жесір, жалғызілікті кісілерге көмектесіп, қарттардың көңілін аулайтын.

Имам Ибн Раджаб (р.а.) былай деген: «Рамазан айы Шағбаннан кейін келетіндіктен, бұл айда ораза тұтып, еселеп Құран оқу жақсы көрілген амал болып табылады» (Ләтәйфул-Мағариф, 258 бет). Сол секілді Салама ибн Куһайл айтады: «Біздің уақытымызда шағбан айы Құран оқушылар айы деп айтылатын. Ал Амр ибн Қойс шағбан айы кірген кезде дүкеншесін жауып уақытын тек Құран оқуға арнайтын болған»,-деген (Ләтәйфул-Мағариф,196 бет).

Пендесіне аса мейірімді Алла Тағала шағбан айының ортаңғы түні мен күндізіне мол мүмкіншіліктер жасырған. Сол түні кім ықыласты болып ізгі амалдарда ыждахаттылық танытса, Аса Жомарт Иенің мол сауабына иеленіп қана қоймай, күнәлары кешіріліп,  дұға-тілектері қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Барағат түні – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде жағдайы келіп жатса Пайғамбарымызға (ﷺ) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Айрықша түн жайлы келген кейбір хадистерге тоқтала кетсек.

Муаз ибн Жәбәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбан айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Тек қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді»,- деген[6]. Олай болса мұсылман кісі бұл түні барынша өзін рухани тазартуға ұмтылуы керек. Осыған байланысты Ибн Мажадан жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Қайсы адам ең ізгі абзал адам»,-деп сұралған кезде, Ол (): «Әрбір жүрегі таза әрі әрдайым шын сөйлейтін кісі»,-деді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі ()! Шыншыл кісіні түсіндік, ал жүрегі таза дегенді түсіндіріп берсеңіз»,-деді. Сонда Пайғамбарымыз (): «Ол - тақуа әрі таза, ешбір күнәсі мен зұлымдығы және жүрегінде өзгеге деген күншілдігі мен көреалмаушылығы болмаған кісі»,-деді[7]. Қай жағынан алып қарасақ та, құт пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Барағат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.

Сөз соңында айтар болсақ, берекеге толы шағбан айын кейбір адамдар секілді ескерусіз қалдырмай құлшылықтарға құлшыныспен бұрылып, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған, нәтижесінде Алла Тағала баршамызды Шағбан айының берекесіне кенелтіп, құлшылықтарымыз арқылы тақуалыққа, иман ләззатын сезінуге әрі Жаратқан иемізге бір табан жақындай түсуімізді нәсіп етсін!

 

Керумбаев Төлеген Арғынбайұлы,

Қарабалық ауданы «Ғашура ана»

мешітінің бас имамы 

 

__________________________________________

[1] Насай, Саум
[2] Муслим, Саум
[3] Тирмизи, 657

[4] Бұхари  540, Муслим 1035

[5] Мүснәд Ахмад ибн Ханбал, 10079

[6] Байһақи, 3674

[7] Ибн Мәжә, Зуһд 4214

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру