Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ: Ысыраппен ас бергенше, жетімге көмектессін

26.04.2017 5126 0 пікір

Жақында ҚМДБ өкілдері садақа, құдайы тамақ берудің жаңа ас мәзірін бекітті. Имамдардың айтуынша, 100 адамға ас беру шығыны 170 мың теңгеден аспауы керек. Дәл осын­дай сомаға мешіт жанындағы асханаларда дастарқан жаю­ға болады екен. Сондай-ақ діндарлар қабірлердің басын мәрмәр тастармен көтеріп, зәулім-зәулім кесене­лер мен ескерткіштер қоюдың шариғатта жоқтығын, ке­рісін­ше, мұның бос ысырапшылдық пен мақтангершілік бо­латы­нын алға тартып отыр. Жаңа ас мәзірі мен қабірге құл­пытас қоюдың үкімін біз ҚМДБ Шариғат және пәтуа бө­лімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлынан білген едік. 

– БисмилләҺ-ир-Рахман-ир-Рахим! ҚМДБ тарапынан бұған қатысты үш кітап, атап айтсақ, «Дін мен дәстүр» кітабының екі бөлімі мен «Жаназа пәтуасы» кітаптары шыққан еді. Кейбір аймақтарда ас беруді «құдайы тамақ», кейбір жерлерде «садақа» дейді. Бұл жерде ас мәзіріне қатысты бірнеше мәселені талқыладық. Біздің дінімізде той мен өлімнің дастарқаны бөлек болуы керек. Садақаға жайыла­тын ас мәзірінде қайғының бел­гісі көрініп тұруы тиіс. Оны аста-төк ысыраппен жасауға болмай­ды. Бұл – халықтың да талабы. Өкініш­ке қарай, қазір кейбіреулер бір-бірімен жарысып, тіпті садақа дастарқаны үшін несие алады екен. Сондықтан біз ысырапсыз ас берудің мәзірін бекітіп, алды­мен, бұл бастаманың Петропавлда жүзеге асырылуын байқап, кейін Ақтөбедегі конференцияда оның кеңінен таралуын насихаттай бастадық.
ҚМДБ-ның бекіткен ас мәзі­ріне: бауырсақ, жеті нан, тары, құрма, қант, кәмпит, сары май, шай, өрік, мейіз, қаймақ, ет пен күріш кірді. Атап айтарлығы, бұл жерде дастарқанға қойылатын тағамдардың барлығы отандық өнімдер болуы тиіс. Шариғатта ысырапшылдық дұрыс нәрсе емес. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Жеңдер, ішіңдер! Ысырап қыл­маңдар! Ысырап қылушы­лар – шайтанның туыстары», – дейді. ҚМДБ өкілдері көтерген мәселені зиялы қауым мен ақсақалдар да қолдап отыр.

– Мейрамхана-кафелердің ас мәзірін байқасақ, той мәзірі мен ас беру мәзірінің айырмашылығы 1000-2000 теңге ғана. Орташа есеп­пен алсақ, Алматыда өтетін тойға 1 адамға – 5000-6000 теңге­нің мәзірі жасалса, асқа – 3500-4500 теңгенің мәзірі дайындалады екен. ҚМДБ-ның мәліметінше, мешіттер жанындағы асханаларда ас берудің жалпы құны 100 адамға 170 мың теңгеден аспайды екен. Мұндай тиімді ас мәзірін ел ішінде қалай насихаттауға болады? 

– Әрине, біз мүмкіндігімізше мұны ел ішінде айтып келеміз. Бірақ тойханаларды белгіленген сомаға байлап, мәжбүрлей де алмаймыз. Біздің мешіттер жанындағы асханаларда жетісі, қырқы, жылына дейін өткізетін шаралардың барлығы ысырапсыз өтіп жатыр. Қаза айтып келмейді. Адамның қашан, қандай жағдайда өлетінін бір Алла біледі. Тосыннан келген нәрсеге қабырғасы қайы­сып, анасынан, әкесінен, ағасы­нан айырылып жатқанда адамның одан да қиналып, жылқы іздеп, қарыз сұрап, ас беруі шариғатқа тура емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисі бар. Жафар деген сахаба қайтыс болғанда: «Туыстарына тамақ апарып беріңдер, олар қайғысымен мәшһүр болып қал­ды», – деген. Ақсақалдардың ай­туын­ша, бұрын садақа беру қазір­гідей ысыраппен өткізілмеген.
Бүгінде Петропавл, Ақтөбе, Қызылордадағы мешіттер жанын­дағы асханаларда ҚМДБ бекіткен ас мәзіріне сәйкес дастарқан жаю әдебі дұрыс жолға қойылған. Яғни, дастарқан қарапайым жа­йы­лып, ысырапқа жол берілмейді.

– Кейбір өңірлерде қазасы бар үйге көрші-қолаң, туған-туыс көмек­тесіп жатады. Мұның сауабы қандай? 

– Қазақта ежелден ақтық де­ген нәрсе бар. Біреу қайтыс бол­са, сол үйге ұн, қой, май апа­рады. Мұндай жағдайда көрші­­лер мен ағайын-туыстың қарасқаны – өте орынды. Сауабы мол. Әри­не, ауылда көршілер бір-бірін жақ­сы таниды, көмектесіп, қара­сады. Қалада, тіпті көпқабатты тас ғимараттардың әр бөлігінде тұратын көршілер бірін-бірі танымауы да мүмкін. Өкінішке қарай, қалаларда осындай үрдіс байқалады.
Қазіргі садақаларда қаншама мал сойылып, дастарқан бетінде қалып жатады?! Ақтөбеде бір жігіт маған: «Әкем көзі тірісінде: Бір сиыр – соғымға, бір сиыр – балалар­ды оқытуға тұрсын», – деген еді. Әкем кенеттен қайтыс болып, оның бауыры келіп, екі сиырды да сойып тастады. Еттің бәрі дастарқан бетінде қалды. Біз сол қысты қиын өткіздік. Інім екеуі­міз киерге жылы киім таба алма­дық» деген еді. Халық болған соң, шариғатта жүктелмеген нәр­сеге баруға болмайды. Адам­дар сада­қаға тамақ жеуге емес, көңіл ай­туға барады. Сондықтан қона­қа­сы деген нәрсені де мей­рам­ханада өткізбей, той-думандатып жүру­дің еш қажеті жоқ. Адамның қолы ашық болса, оны дастар­қанға аста-төк шаша бермей, керісінше, сол ақшаны жетімге, жесірге бер­гені абзал. Сонда қайтыс болған адамға оның сауабы толығымен жетеді.

– Білуімізше, қабір, моланы қор­шауға байланысты діни бас­қарма пәтуа шығарған. Өкінішке қарай, қабірлердің өзі ұзақтан қарағанда, мәрмәр тастармен апталған, биік күмбездер қойылған, тіпті ескерткіштер салынған мекендерге айналғандай. Басқа мұсылман елдерінде кездеспейтін мұндай кері нәрселерге біздің елде неге кеңінен жол берілген? 

– Біз бұл жөнінде пәтуа да шығардық, ереже де жазып жа­тырмыз. Қазақстанның жері үл­кен, бірақ жеріміз кең екен деп, қабірлердің бәріне күмбез бен мәрмәр тастарды қоя берсе, сырт көзге еліміз қабірстан сияқты көрінбей ме?! Исламда жерлеу мәселесі медициналық, эконо­микалық әрі адамгершілік жа­ғынан да өте қолайлы. Медицина жағына тоқталсақ, адамды Алла Тағала топырықтан жаратқан. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Бірінші – топырақ, сосын – лай, кейін ашыған лай мен кепкен кесек», – дейді. Осы процесс қай­та­­ланады. Адам өлгеннен кейін киімін шешпесе, қатып қалады, одан кейін жабысқақ болады, лай болады, сосын топыраққа айна­лады. Ер кісіні үш – кебінге, әйелді – бес кебінге орау керек. Ол тез арада шіріп кететіндей жұқа болуы тиіс. Мұсылман қабірі ешқашан да сасымайды. Кездей­соқ беті ашылып қалса, ешқандай да эпидемия, ауру таралмайды. Басқа діндерде мәйітті өртейді. Құдай сақтасын, көз алдыңда әкеңнің, шешеңнің өртенуі қалай аянышты?! Табытқа салғанда, оның ішінде жатқан мәйіт ботқаға айналғандай процестен өтеді. Егер табыт ашылып қалып, оны тыш­қан, қасқыр жесе, ауру тарай­ды. Ауру аң малға шапса, ол құ­ты­рады. Малдың құтыруы осыдан.
Ең алғаш мұсылман салтымен Адам (ғ.с.) осылай жерленді, қия­мет күніне дейін адамдар солай жерленеді. Қабірге жерленгеннен кейін 40 жыл өткен соң, ол жерге адамдарды басынан бастап жер­лей беруге исламда рұқсат береді. Бірақ қазіргі күні кейбіреулер қабірлердің басына кесенелерді тұрғызып, цемент құйып, кеңей­теді. Мұндай молалар 40 жыл емес, 100 жылдап тұра беретін шығар. Сосын бір мола толған соң, екінші жақтан адам жерлеуге жер іздейді. Мұның бәрі бостан-босқа әурешілік. Тіпті кейбір мола басындағы мәрмәр тастарды қарасаңыз, оған 1-2 пәтердің ақшасы кетеді екен?! Бұл қаржыны әкесінің атынан садақа етіп әлеуметтік жағдайы төмен жас отбасыларына берсе, оның сауабы барып тұрмай ма?!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзі сүт бауырының басына тас қойған. Осман ибн Мазунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған. Мәселен, көптеген мұ­сылман елдерінде қабірлерде жат­қан туыстарының аты-жөндерін компьютерге енгізіп қояды. Мысалы, келушілер әкесінің атын атаса, оның қай қатарда жатқанын біле алады. Басына барып, Құран оқытып, дұға етіп қайтады. Бізде қай кезеңде болсын молада құрылыс жүріп жатады. Бұл шариғатқа дұрыс келмейді. Кезінде біздің ата-бабаларымыз қабірді тұрғызған кезде тамды не үшін салған? Себебі, ұзақтан келген туған-туыстары қасқырдан, иттен, жауын-жаңбырдан уақытша сол жерді паналау үшін тұрғызған. Екіншіден, мұны шекараны бел­гілеу үшін қойған. Мәселен, басқа елдермен шекаралас Атыраудағы бауырларымыз бейітті неге үлкейтіп салған? Мына жерде «Әлібектің бейіті, мына жерде Бұтпайдың бейіті» деп елдің шекарасын да белгілеп жүрген. Құдайға шүкір, қазір жағдай басқа. Ұзақ жерден шыққан адамдар бейіт басына көлікпен барады. Жаңбыр-жауыннан сол жерде қорғана алады. Екіншіден, шекарамыз да белгіленген.
Естуімізше, Шам өлкесіндегі әл-Фараби бабамыздың кесе­несіне барып-қайтқан ағалары­мыздың айтуынша, оның басында кішкентай ғана тас тұр екен. Біз де бұл тұрғыдан өзімізді шек­теуіміз керек. Егер мұсылмандар жатқан қабірлер қоршалып тұр­ған болса, онда оның әрқайсысын жекелеп қоршаудың қажеті жоқ. Қабірді қоршауға шамасы келмеген кісілер оны адамның беліндей көтеріп қойса жеткілікті. Жауын-шашынның қабірге түскені дұрыс. Себебі, оның үстіне шөп өседі. Шөп өскен соң, Алла Тағаланы дәріптейді делін­ген. Бұдан қабірде жатқан адамға оның сауабы тиеді.

– Неге елімізде қабірді қор­шауға байланысты бірізді ұстаным жоқ? Біреу әкесінің басына ескерт­кіш қойса, енді бірі суретін салып қояды… 

– Мұның басты себебі – дінді түсінбегендіктен. Расында да, алғашында бейіт басына сурет қойып та жүрді. Бұл шариғатта мүлдем дұрыс емес. Құран аят­тарында «сурет қойылған адам­ның құлайтыны және мұның аяқасты болатыны» айтылған. Бұл жерде тек атын жазып қойса бол­ғаны. Мұның бәрі жарыстан бастал­ған жайт. Кезінде пер­ға­уын­дардың зәулім-зәулім пи­рами­­даларды салғандағы сөзі – «Мен көзім тірі кезінде адамдар­дан өзгеше болғанымдай, өлгенде де адамдардан өзгеше бо­лып тұрайын» дегені еді. Мұ­ның бәрі адасқандық. Алла Тағала адамды топырақтан жаратты, сол топы­раққа бәріміз қайтамыз. Сон­дықтан бұдан гөрі, исламдағы бес парызды орындап, тәубеге келу керек. Мәселен, мұсылман елде­рінде біреудің әкесі қайтыс болса, көп кітаптар сатып алып, оқу­лықтар таратады. Құран кітапта­рын мешітке апарып береді. Әр кітаптың артына «Осы кісінің атына дұға қылып қойыңдар» деп жазады. Тағы бір кісілер күн ыстықта көшелерге салқын суды қойып, тегін таратады. Ол жерде де «мына кісінің атына дұға қылыңдар» дейді. Яғни, мұның бәрі адам игілігіне жұмыс істеуді көздейді. Бізде сауаптың мән-мағынасын түсіне бермейді.

– Діни-ағартушылық бағыт­тағы жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр? 

– Бұл бағыттағы жұмыстар жанданып жатыр. Біз Дін істері және азаматтық қоғам министр­лігі, әкімшіліктер жанындағы ішкі саясат басқармаларының да бұл салада өз жұмыстары барын білеміз. Әрине, тек қана имам­дардың айтуымен көп мәселе шешіле бермейді. Бүгінгі таңда біз­дің имамдарымыздың кө­бісі – жастар. Оларға біреу «тәйт» десе, көңілдері тез қайтып қала­ды. Себебі, қазақтың баласы үл­кен сөйлеген соң, үндемей қалады. Кешегі Ақтөбедегі кон­ферен­цияда ақсақалдар жас имамдар­дың айтқаны тура деген тоқтамға келіп, елге осыны үндейтін болды.
Бір айта кетерлігі, кезінде Тәжік­станда да адам қайтыс болғанда, жаппай мал сою үрдісі болыпты. Бірақ бұған үкіметтік деңгейде тоқтау салған соң, қаншама сиыр, қой пайда болып, халықтың әл-ауқаты дұрыстал­ған?! Бізде адам қайтыс болғаннан кейін қырқына дейін әр бейсенбі сайын қой сойып жатады. Мұның барлығы да ысырапшылдық. Бұл түбінде жақсылыққа апармайды. Сондықтан діндарлардан ақыл-кеңес алған дұрыс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Кәмшат ТАСБОЛАТ

"Айқын"

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру