Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҢА КІТАПТЫҢ ҚОҒАМҒА БЕРЕРІ МОЛ

Өмірзақ қажы Қазкенұлы muftyat.kz 24.06.2021 914 0 пікір
ЖАҢА КІТАПТЫҢ ҚОҒАМҒА БЕРЕРІ МОЛ

Жақында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілік етуімен «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітап шықты. Елордамыз Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында Бас мүфтидің қатысуымен аталған кітаптың танытымы өтіп, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, тарихшы-ғалымдар тарапынан жақсы пікірлер айтылуда.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет жылы пікірін білдіріп: «Дін мен әдебиеттің мақсаты бір: ұрпақты ұлағатты іске тәрбиелеу, адамзатты жақсылық пен ізгілікке үндеу. Абай кімде ұят болса, сол адамда иман болатынын айтып кеткен. Адамға қажет асыл қасиеттерді «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан таптым. Бұл еңбек өз оқырманын жақсы ойларға жетелейді. Өз басым бұл кітапты ерекше құлшыныспен оқыдым. Абай адамзатты бес нәрседен қашық болуға және бес нәрсеге асық болуға шақырады. Міне, біз қашық болатын және асық болатын құндылықтарды, яғни бес асыл іс пен бес дұшпанды осы кітаптан таптым. Бұл еңбекті ар мен намысымыздың кодексі деп атар едім. «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы ұлттық идеологиямыздың негізі деуге болады» деген ізгі ниетін жеткізді.

Біз де осы ретте кітап туралы өз ойымыз бен пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Әуелі ихсан туралы, оның мәні мен мағынасы жайлы мәлімет бере кеткеніміз жөн болар. Ихсан сөзі ізгілік, игілік, жақсылық деген мағынаны білдірсе, шариғаттағы мәні әр нәрсені кемел, көркем түрде орындау дегенді аңғартады.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Иманның абзалы – Алла Тағала үшін жақсы көруің немесе шариғатқа қайшы нәрсені жек көруің. Тіліңмен Алла Тағаланы зікір етуің (еске алуың). Басқалар үшін өзіңе тілегенді тілеуің және өзіңе тілемеген нәрсені өзегеге де тілемеуің. Тек жақсы сөз айтуың, болмаса үндемеуің» деген. Бұл – нағыз мұсылмандық сипат. Әрине, барлық адам жақсы өмір сүруді қалайды. Өзімізге қалаған нәрсені өзгелер үшін қалау – иманның абзалы. Өзіне тілеген нәрсені өзгелер үшін де тілей білген жан әрбір нәрсені көркем түрде орындайтыны хақ.

«Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында қарым-қатынас әдебі жан-жақты жазылған. Бұл бөлімде ізгілермен дос болу, бауырластық, дос-жарандарды зиярат ету, ауызбіршілікті сақтау, кешірімді болу, ешкімге зиян тигізбеу, адамдарды алаламау, жаман ойдан аулақ болу, жұмсақтық, уәдеге беріктік, аманатқа адалдық, адал еңбек, отбасын асырау, кәсіппен айналысу, қанағат, ынсап, дін жолында дүние-мүлікті сарп ету, білім жолындағыларға көмектесу, жетім-жесірге қарайласу сынды тақырыптар қамтылған. Аталған тақырыптар аят-хадистермен жазылып, ғұламалардың пікірімен өрнектелген. Сонымен қатар, бұл бөлімде ғибратты оқиғалар келтірілген.  

Расында, жоғарыда келтірілген тақырыптар – қоғам үшін, оның ішінде жеке адам үшін өте қажетті әдептердің бірі. Өйткені, адам баласы жалғыз өмір сүре алмасы анық. Көппен бірге өмір сүру, ұжыммен бірге жұмыс істеу, адамдармен әңгімелесу, т.б. амал-әрекеттер пендеге тән көріністің бірі. Бұл амалдар адамдар арасында бауырмашылдық сипаттарды арттырады.

«Ихсан – рухани тәрбие негізі» өз оқырмандарын бауырмал болуға үндейді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Бір-біріңе өш болмаңдар, бір-біріңе көреалмаушылық жасамаңдар, бір-біріңнен теріс бұрылмаңдар. Бір-біріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер. Алланың құлдары ретінде бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылманға бауырына үш күннен артық ренжуіне болмайды» деп өсиет айтқан.

«Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітаптың «Бауырластық» деп аталатын тақырыбында былай делінеді: «Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты, қоғамның мүшесі саналатын адамдар да бауырмашыл болса, өркендеп гүлденеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Мүминнің мүминге қатысы бір-бірін қуаттап тұрған бір бүтін ғимарат іспетті» деп екі қолының саусақтарын бір-біріне кіргізіп айқастырғандығы айтылады. Демек, дененің бір жері ауырса, сол дертті бүкіл дене сезетіндей қайғы мен қуанышта мұсылмандар бір дене іспеттес бола білуі керек.

Бауырмалдықты арттыратын істердің бірі – бауырлар бір-бірін риясыз көңілмен, Алланың ризалығы үшін жақсы көрулері керек. Бауырлар арасындағы өзара сүйіспеншілік – иманның ләззатын сезінуге себепші болатын амалдар болып табылады» делінген.

Адам өзі қалаған нәрсені өзгелер үшін де қаласа – иманның ләззатын сезінеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзі үшін жақсы көргенін бауыры үшін де жақсы көрмейінше, ешқайсыларың иман келтірген болып саналмайсыңдар» деп ескерткен. Бұл сипатты иемденген мұсылманның өмірі ғибратқа толы болмақ. Адамдар осы сипат арқылы бір-біріне көмектесіп, өзара бауырмашылдықтарын арттырады.

Бірде хазіреті Осман (оған Алла разы болсын) көшеде қант таратып жүрген екен. Сонда ол кісіден бұл амалды не үшін істеп жүргенін сұрайды. Хазіреті Осман (оған Алла разы болсын) сұраушыларға: «Мен қант жегенді жақсы көруші едім, енді бауырларым үшін де жақсы көріп, олар да жесін деген ниетпен осылай істеп жатырмын» деген екен. Қандай ғажап көрініс десеңші?! Біз, мұсылман баласы осылайша өзімізге қалағанды өзгелерге де қалап және соны амал ретінде жүзеге асыра білсек, көптеген игіліктер мен жақсылықтарға кенелген болар едік.

Ихсан – әр істі жүрек қалауымен, шынайы ниетпен орындауға итермелейтін ілім. Абай Құнанбайұлы 14-інші қара сөзінде: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» деп жазады.

Алла Тағала баршамызға адам баласын өз бауырым деп көруді, оларға жақсылық жасауда ықылас пен шынайы ниетті нәсіп еткей. Әмин!

 

Өмірзақ қажы ҚАЗКЕНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі