Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОЙ ӨЗГЕРМЕЙ, ТОЙ ӨЗГЕРМЕЙДІ...

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ Шымкент қаласының бас имамы 25.08.2026 26 0 пікір
ОЙ ӨЗГЕРМЕЙ, ТОЙ ӨЗГЕРМЕЙДІ...

«Той өткізудің мәдениетін өзгерту керек» тақырыбында мақала жарияланды. Мақалада қоғамды толғандырған өзекті мәселелер көтерілген. Ойды ой қозғайды дегендей, бұл мәселе біраздан бері бізді де толғандырып жүргендіктен ойымызды оқырманға бөлісуді жөн көрдік.

Автор мәселені діни тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік, экономикалық, тәрбиелік және ұлттық құндылықтар тұрғысынан жан-жақты талдайды. Сарапшылардың да пікірін ұсынған. Расында той ағайынның ынтымағын арттыратын, үлкеннің батасын алатын, жастарды тәрбиелейтін қуанышты жиынның бірі. Өкінішке қарай, бүгінде тойға қатысты жағдай мүлде басқа сипат ала бастады. Тойдың тәрбиелік мазмұны өзгере бастағандай. Сән-салтанатқа басымдық беру, сыртқы көріністі маңызды санау, жұртқа көрсетуге мән беру, әлеуметтік жарыс сынды жағдайлар басым болып барады. Қанша адам шақырылды? Қандай мейрамханада өтті? Қандай әнші келді? Қандай көлік сыйланды? Қанша миллион теңге жұмсалды? Осындай сұрақтар тойдың шынайы мазмұнын алмастырып кеткендей әсер қалдырады.

Автордың көтерген тағы бір маңызды мәселесі – ысырап. Ислам діні де, қазақтың дәстүрлі дүниетанымы да ысырапшылдықты құптамайды. Алла Тағала қасиетті Құранда ысырап етпеуге бұйырса, халқымыз «Ысыраптың соңы – қасірет» деп бекер айтпаған. Соған қарамастан, бүгінгі тойлардың басым бөлігінде дастарқандағы тағамның едәуір бөлігі желінбей қоқысқа тасталады. Бұл қаржылық шығын ғана емес, ризыққа деген құрметсіздік деп санаймыз.

Мақалада көтерілген ең өзекті мәселелердің бірі – несиеге той жасау. Соңғы жылдары жастардың шаңырақ көтеруі қуаныштан бұрын қаржылық қиындықпен басталатын болды. Бұл – ащы болса да шындық. Бір күндік той үшін миллиондаған теңге несие алу қалыпты құбылысқа айналып барады. Оның салдары бірнеше жыл бойы сол отбасыға ауыртпалық түсіріп келе жатқанын көріп те жүрміз.

Шын мәнінде, жас отбасының өмірі қуанышпен басталуы керек. Ал қарызбен басталған өмірдің психологиялық және әлеуметтік салдары да ауыр болады. Қаржылық қысым ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілікке, жанжалға, тіпті ажырасуға дейін апаратын жағдайлар да кездеседі. Мақала авторы жазғандай, тойға кеткен қаражат баспанаға, кәсіпке немесе балалардың болашағына жұмсалса әлдеқайда пайдалы болар еді. Бұл – орынды пікір.

Киіт, жасау және қалыңмалдың бастапқы мәнінен алыстап бара жатқаны да қазіргі қоғам үшін өте өзекті мәселенің біріне айналды. Қазақ қоғамында бұл дәстүрлер ешқашан байлық жарысы болмаған. Олар екі әулеттің өзара құрметін білдіретін дәстүрлі рәсімдер ғана еді. Қазіргі кезде олардың мөлшері әлеуметтік мәртебенің өлшеміне айналып бара жатқаны жасырын емес. Миллион теңгелік қалыңмал, бірнеше көлік, пәтер, алтын бұйымдар мен қымбат брендтік сыйлықтарды талап ету жастардың отбасын құруын қиындатуда. Мұндай талаптар дәстүрдің емес, даңғазалықтың көрінісі. Дәстүр адамдарды жақындастыру үшін керек, ал ауыр талаптар керісінше жастардың үйленуін кейінге шегеруге себеп болуда.

Мақаладағы назар аудартатын тұстардың бірі – асабалардың жауапкершілігі. Асаба тек той жүргізуші емес, қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Оның әрбір сөзі, әзіл-қалжыңы, ұйымдастырған бағдарламасы жүздеген адамның санасына әсер етеді. Сондықтан асабалар кәсіби маман болумен қатар мәдениетті, әдепті болуы аса маңызды. Қонақтың абыройын төгетін ойындардан, орынсыз қалжыңнан, адамды көпшілік алдында келемеждеуден толықтай бас тартатын уақыт әлдеқашан жетті. Әзілдің де тәрбиелік мәні болуға тиіс.

2022 жылы Шымкент қаласында «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұйытқы болуымен «Сөз түзелсе...» деген тақырыпта аймақтық асабалар семинарын өткіздік. Басқосуға елімізге танымал асабалар қатысты. Сол жиында асабалардың қоғам алдындағы жауапкершілігі, әсіресе артық әзілге жол бермеу, адамның жеке басына тиіспеу сынды мәселелерді көтердік. Өйткені асабаның әрбір сөзі мен іс-әрекеті тойдың деңгейін ғана емес, жалпы қоғамдық мәдениеттің деңгейін көтереді. Тойдың сәні біреуді күлкі ету емес. Адамдарды ізгілікке, сыйластық пен татулыққа шақыру тойдың негізгі идеясына айналуы керек. Алла қаласа, алдағы уақытта асабалардың кезекті жиынын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай басқосулар асабалардың сөз жауапкершілігін сезінуіне әсер етеді деп сенеміз.

Тойда тілек айту мәселесі де өзекті мәселеге айналды. Жуырда елімізде өткен тойдың бірінде: «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда айтылған сөзге байланысты қоғамда әртүрлі қайшы көзқарастың тууы заңды құбылыс. Дінімізде қандай да бір мәселеге қатысты үкім айту үлкен жауапкершілік екенін ұмытпауымыз керек. Әсіресе, адамдардың белгілі бір тобын тұтас айыптап, оларды ауыр сөздермен сипаттау Ислам әдебіне де, мұсылманның көркем мінезіне де сай келмейді.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Раббыңның жолына даналықпен (хикметпен) және көркем уағыз-насихат арқылы шақыр. Олармен ең көркем түрде пікірталас жүргіз. Расында, Раббың Өз жолынан адасқанды да, тура жол тапқанды да жақсы біледі» («Нахыл» сүресі, 125-аят) деп әмір етеді. Бұл – Исламдағы насихат пен дағуаттың (дінге шақырудың) негізгі қағидаларын белгілейтін аят.

Аяттағы «хикмет» сөзі жағдайға қарай дұрыс сөз айту, ақыл-парасатпен әрекет ету дегенді білдіреді. Ислам ғалымдары насихат айту кезінде адамның танымы мен жағдайын ескеруді, орынсыз қаталдыққа бармауды, пайдалы сөзді дұрыс уақытта, орайлы орында айтуды, біржақты қатаң діни үкім бермеуді даналыққа жатқызған. Демек насихат адамның көңілін жаралайтын емес, жүрегін жібітетін болуы керек.

Жоғарыда айтылған «Олармен ең көркем түрде пікірталас жүргіз» деген аят кісіні қорлауға, кемсітуге, ауыр айып тағуға, айналадағы адамдарды дұшпан көруге болмайтынын меңзейді. «Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен, Жауабың дөп, қатар түссін нақылмен» деп Жүсіп Баласағұни бабамыз текке айтпаса керек.

Қорыта айтқанда, той – ұлттың мәдени келбеті. Егер тойымыз қарапайым, тәрбиелі, ысырапсыз, мазмұнды болса, қоғамымыз да сондай ізгі бағытта дамиды. Ал даңғаза, мақтан және бәсекеге құрылған тойлар ұлттық құндылықтарды әлсіретеді. Сондықтан той өткізу мәдениетін жаңғырту бүгінгі күннің маңызды міндеті әрі баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз деп есептейміз.

 

«Мұнара» газеті

№15, 11 тамыз

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру