Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПЕРІШТЕ МЕН ПЕНДЕ СҰХБАТЫ

Төлеби ОСПАН muftyat.kz 18.05.2021 1564 0 пікір
ПЕРІШТЕ МЕН ПЕНДЕ СҰХБАТЫ

Бұл терминді алғаш рет Жәбірейіл періште айтқан. Періштелер пайғамбары Жәбірейіл (ғ.с.) адам кейпінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен сахабалар мәжілісіне кіріп келеді. Алла елшісінің тізесіне тізесін тигізіп тым жақын отырып ислам, иман, ихсан, қиямет уақыты және қияметтің белгілері хақында сұрақ қояды.

Періште мен пайғамбар әңгімесі ұстаз бен шәкірт сұхбатына ұқсайтын. Періште сұрақ қояды, пайғамбар болса оған жауап береді. Үшінші сауал ихсан жайлы еді. Ихсан дегеніміз не деген сауалға Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أن تعبد الله كأنك تراه، فإن لم تكن تراه فإنه يراك

«Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, сен Оны көре алмайтын болсаң ақиқатында Ол сені көреді», – деп анықтама береді.

Бұл сұхбатты риуаят етуші Омар бин Хаттаб (р.а.) келген қонақ ақ киімде, шашы қара әрі тұла бойынан жолаушы екенін көрсететін ешбір белгісі жоқ еді дейді. Бірақ, жергілікті кісі емес екені анық еді. Өйткені, отырған сахабалардың ешбірі бейтаныс жанды танымады. Келген құтты қонақ жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол Жәбірейіл еді. Сендерге діндеріңді үйрету үшін келді», – деп түсіндірді.  

Ислам, иман және ихсан мұсылманның діни танымын білдіретін шеңберлер. Ислам аясы кең шеңбер. Екінші деңгейде иман орналасады. Ал, ихсан шеңбері алдыңғы екі ұғымнан біршама тар. Ислам діннің сыртқы формасымен байланысты. Иман танымы болса сол форманың ішкі құрылысына жауап береді. Ихсан құлшылық пен мұсылмандықтың сыртқы және ішкі формасының мазмұны. Жаратушыға ихсан ету құлшылықтың сыртқы және ішкі тұсын кемел түрде орындау дегенді білдіреді. Бұл дегеніңіз шын жүрекпен иман ету, ал намаз және ораза сияқты парыз құлшылықтан бастап барлық ғибадаттарды бақылаушы назары алдында орындаған сияқты мінсіз жасау. Міне, бұл ислам мен исханды үйлестіру.

Негізі бұл үш ұғым жекелей бір-бірінің мән-мағынасын білдіреді. Бір-бірінің ұғымын қамтиды. Алайда, тұтас біріккен уақытта әрқайсысының мәні мен мағынасы айшықтала түседі. Жалпы, ихсан сөзінің тілдік мағынасы – істі толыққанды әрі сапалы атқару. Терминде бұл ұғымның екі негізі бар. Ол екі негіз «Жәбірейіл хадисінде» айтылған. Біріншісі, Алла Тағалаға құлшылық ету. Екіншісі, Аллаға ғибадат Жаратушыны көріп тұрғандай немесе Жаратушыны үнемі мені көріп тұр деген деңгейде болуы. Жәбірейілдің (ғ.с.) ихсан жайлы сауалына ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, сен Оны көре алмайтын болсаң ақиқатында Ол сені көреді» деп жауап берді емес пе?

Демек, мұсылман санасындағы мұрақаба сезімі, яғни Алла Тағала бақылауда деген сенім әлсіреумен бойындағы ихсан да әлсірейді. Сол сияқты мұрақаба сезімі күшеюмен мұсылманның ихсаны күшейе түседі. Қазақтың имандылық іліміндегі Құдай көріп тұр, Құдай Куә деген тұжырым мұрақаба мен ихсанға өте жақын. Тіпті, мұрақабаның баламасы деуге болады.

Ихсан сезімі әрбір құлшылықта көрініс табады. Бұл сезім артумен құлшылықтағы ықылас күшейеді. Ихсан ұғымын ораза мысалында көрсек, таң атқаннан кеш батқанға дейін ас-су ішуден тыйылу және жұбайына жақындамау бұл оразаның сыртқы көрінісі. Ал енді бес сезім мүшесін жамандықтан тыю ихсан болмақ. Көз мен құлақты, тіл мен қол-аяқты жаман әрекеттерден тыю оразаның сапасын арттырады. Ең соңғысы жүрек пен ой-санаға да жамандықты жуытпау.

Түйіндей айтқанда, мұсылман құлшылық пен күнделікті тіршілігінде бойындағы ихсан сезімін шыңдауға әрекет етеді. Бұл оның ықыласпен құлшылық етуіне ықпал етеді. 

Төлеби ОСПАН

Ақтөбе облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі