Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Ақтөбе: Бас имам асабалармен кездесті

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 26.05.2023 1409 0 пікір
Ақтөбе: Бас имам асабалармен кездесті

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақи құндылықтарымыз бен асыл дініміздің негіздерін ұштастырып, егіз ұғым болған дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау мақсатында республика көлемінде «Асаба болу – өз ісің, әдептен озбау – борышың» атты іс-шара өткізу бастамасын қолға алған болатын. Осыған орай, Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы өңір асабаларымен кездесу өткізді.

«Кез-келген қуанышты тойлап, оны жоғары дәрежеде атап өту қазақ халқының табиғатындағы қасиет. Осы орайда қазақ шаңырағында өтіп жатқан той-томалақты басқаратын жүргізуші асабалардың орны жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару ісінде маңызды рөлге ие. Асабалар – той-томалақты жүргізетін, оны сәнді де мәнді, мағыналы да өнегелі өткізетін орны өте бөлек тұлғалар» деп бас имам сөзін түйді.

Жиында сөз кезегін алған «Ауған соғысы ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, Ақтөбе облыстық маслихат депутаты, Марат Қойлыбаев асабаларға ағалық ақыл-кеңесін айтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұяттылық пен әдептен озбау қағидаларының сақталуына аса назар аудару керек екенін басты назарға алуларын сұрады. Кейін асабаларға сөз тізгіні жолданды. Өздерінің парасатты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Өткізіліп жатқан іс-шараның ұйымдастырылғанына қуанып, көтерілген мәселелердің жүзеге асырылуына атсалысып қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Асабаларды жинаудағы мақсат той мен мерекелік шараларда үлкенге құрмет, кішіге ізет, әдептен озбау, отбасылық құндылықтардың бұзылуына себеп болмау, ұрпақ тәрбиесі, «қызды қырық үйден тыйым» қағидаларын бұзбау, сахна мәдениеті мен сөз мәдениетін сақтау, қазақи тәрбие мен құндылықтарды бұзбай келер ұрпаққа саф күйінде жеткізу секілді негізгі тәртіптерді ұстану үшін бағыт пен бағдар беру.

Имамдар кездесуге келген асабалармен «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында дастархан басында әңгімелерін жалғастырды. Түскі аста бас қосқан жамағат тілектерін айтып, соңында бас имам бата жасады.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру