Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Атырау: Батыс өлке жамағаты бас қосты

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі amin.kz 28.07.2022 1414 0 пікір
Атырау: Батыс өлке жамағаты бас қосты

Атырауда «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні жылы» аясында Батыс Қазақстан, Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары жамағатының қатысуымен өткен ауқымды рухани іс-шара аяқталды.

Жамағатты өзара таныстыру, ынтымақты арттыру мақсатында ҚМДБ Атырау облыстық өкілдігі ұйымдастырған шара екі күнге жалғасты. Оған ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов пен Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Сабралиев арнайы қатысты.

Шара барысында өмірден өткен дін ұстаздары Әбсаттар қажы Дербісәліұлының, Әбдіғаппар Сманов пен Бауыржан Әлиұлының, сондай-ақ саналы ғұмырын дінге жанашырлықпен өткізіп, марқұм болған мешіт жамағатының рухына Құран бағышталды.

Одан кейін жамағат діни сұрақтар, рухани мәселелер бойынша білім алып, спорттық сайыстарда бақ сынасты. Жамағаттар суда жүзу, садақ ату, арқан тартыс, қой көтеру сынды ойындардан мықтыларды анықтады. Сондай-ақ, футболдан жолдастық кездесу өтті.

Шара аясында ұстаз Ерболат Боханов, дінтанушы ғалым Ернар Абзалов насихат айтты.

Жамағатқа арналған рухани шара кемеде қорытындыланды. Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жамағаттың кемеде бас қосуының мәнін түсіндірді.

«Қазақта «Кемедегінің жаны бір» деген керемет сөз бар. Біз де қазір бір кемеде жүзіп барамыз. Егер жамағат әр жаққа тартып, бөлінетін болса, бірлік кетеді. Бірлік ыдыраған жерде береке болмайды. Елімізде бір мүфтият бар. Барша мұсылман қауымы қара шаңырақ – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңайына топтасуы қажет» деп атап өтті бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Сондай-ақ, рухани шараның ұйымдастырылуына демеушілік жасаған «Тоныкөк» спорт кешені және демалыс орнының басшысы Тұрар Ғалымжанұлына алғыс хат табыс етілді. 

ы.

 

 

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру